КІСІЛІК ПЕН КІШІЛІК

«...Мынау қамшының сабындай қысқа ғана дәуренде пенденің көрген бейнеті, тартқан азабы көп болады екен. Жас шағымда «отқа түсіп ойнап, қазанға түсіп қайнап жүруді» тағдыр менің маңдайыма жазса керек. Шынымен-ақ солай болды. «Жер ортасы көктөбеден асып», зауал шаққа таяған тұста ғана «шашама шаң жұқтырмас» хас жүйріктің өзіне айналыппын, қарап отырсам,..»

Өмір оны тым ерте есейтті. Сан мәрте сынап та көрді. Сонда да сағы сынбаған ол алған бағытынан таймады. Адалдық пен қарапайымдылықты жанына серік етіп, еліне елеулі еңбек сіңірді, соңында өшпес із қалдырды.

Тірі болса, бұл күнде тоқсан жасқа толатын Қашқын Түгелбайұлын өңірімізде білмейтін адам кемде-кем. Кішкене күнінен жетімдіктің ащы дәмін татып, аштық пен жоқшылықты да бастан кешкен, майданда құрыштай шыңдалған, адал еңбектің арқасында абыройға кенелген абзал азаматтың жоғарыдағы жазбасы - оның бар ғұмырының шынайы сипаты еді...

 

Тағдыр  теперіші

Әдетте жақсы адамның мінез-құлқы әке қанымен, ана сүтімен беріледі деп жатамыз ғой? Алайда, өмірге осындай ұл әкелген ата-ана туралы нақты мәліметтер жоқ болса да, тұяғының қадам алысынан-ақ алдыңғы буынның пайым-парасатын бағамдаған қасиеті бар қазақпыз ғой. Сондықтан, Қашқын Түгелбайұлын өмірге әкелген жандар туралы да ел арасында жағымды пікір мен жарасымды сөздер сақталған.

1924 жылы Тайсойған құмында кіндігі кесілген Қашқын Түгелбайұлы ата-анасын танып-білместен, тым ерте жетімдік шеңгеліне ілікті. Отызыншы жылдардағы ел ішін қынадай қырған ашаршылық бұл отбасына да зауалын тигізбей қоймады. Туған мекен, ата- қонысты артқа тастап, ұлы көшпен үдере көшкен ізгі жандар ата-анасынан бірдей айырылып, барар жер, басар таусыз қалған үш бүлдіршін – Жамал, Қашқын, Ағиісті бірге ала кетті. Бір үзім нанды талғажау қылуды, тамақ жібітер бір ұрттам қара суға жетуді арман қылса да, шиеттей балалардың осынау қиын шағында кездескен жандардың жаны жайсаң, көңілі дарқан болды. Сол сұрапыл шақты еске алғанда Қашқын Түгелбайұлының өзі де: «Сол бір азапты да ауыр жылдар қазақтың басына ортақ түскен қасірет болды. Алдымен, ата-әже, жегжат-бауырлар аштықтың азап-қорлығын көрді. Қазақта «көмусіз қалғыр» деген ең ауыр қарғыстың қадірін мен сондай зұлматты көрген соң сезіне аламын. Мидай далада «алда бір ауылдың қарасы болуға тиіс» деп межелеп келе жатқандар аштықтан жол бойы сұлап-сұлап, құлап қала берді…» деп естеліктерінде жазып қалдырған.

Тағдырдың жазуымен талай шаңырақты паналап, бірнеше жанұямен бірге тұрған ағайынды Түгелбаевтар 12 жыл қатарынан өзге отбасыларды паналады. Заманның қиындығына қарамастан, адамшылықты ардақ тұтқан абзал азамат аяулы аналардан тәлім алды. Сөйтіп, 1936 жылы Қашқын Өрлік балалар үйіне, қарындасы Ағиіс Махамбеттегі балалар үйіне жергілікті кеңестің шешімімен аттандырылды. Ағасы Жамал болса, бұлардан бөлек үйлерде тәрбиеленген-ді. Осылайша, арман болған мектептегі оқуға қол жеткізіп, 1941 жылға дейін Қашқын Түгелбайұлы алтыншы сыныпты тәмамдайды. Ел шетіне жау тиіп, ел қорғауға аттанған азаматтардың орнын басу мақсатында жұмысқа тартылғандардың қатарында ол да Доссордағы фабрика-зауытының оқуына алынып, алты айлық курстан соң Құлсарыға мұнай операторы болып жұмысқа орналасты, жазға қарай май өлшеуші болып ауыстырылды.

Отты жылдар

Бірде күнделікті жұмыс күнінің бітуіне аз уақыт қалған сәтте Алматыда емделіп жатқан ағайы Жамалдың қасындағы жолдастары жазған хат қолына тиді. «Ағаңыз қайтыс болды. Біз жерледік. Киім-кешек, өзге де заттарын өзіңізге жібердік» деген тілдей қағаз Қашқын Түгелбаевты есеңгіретіп жіберді. Өмірдің бұралаңына төтеп беріп, ер мінезділікті бала күнінен бойына сіңірген ол сол сәтте-ақ  шұғыл шешім қабылдап, әскери комиссариатқа тікелей тартты.

Майданға шақыртылған бір топ жаспен қатар, өз еркімен сұранғандардың ішінде Қ.Түгелбаев та бар еді. Гурьевтегі әскери училищенің екі жылдық бағдарламасын сегіз айда бітіріп, 1943 жылдың сәуір айында ұрыс даласына бет алды. Ростовтың арғы түбіндегі Оңтүстік майданның 44-ші армиясына тап болып, алғы шепте шайқасты. Тәртіпке сай, батальон бойынша үш күн қатарынан кезекшілікке тұруы тиіс еді. Бір жолы қатты нөсердің астында қалып, суық тигізіп алса керек, сол аяғы бастыртпай қалды. Даладағы дәрігерлер бөлімі емдей алмаған соң Ростовтағы әскери госпитальға ауыстырылды. Одан да нәтиже болмаған соң Баку қаласындағы госпитальда төрт ай жатты. Осы шақта артында қалған жалғыз қарындасы Ағиісті хат арқылы тауып алып, ІІ топ мүгедегі деген әскери-медициналық комиссияның қорытындысымен екі балдаққа сүйенген жас жауынгер елге оралды. Жасы он беске толған соң, еңбекке араластырылған қарындасы Балықшыдағы балық комбинатына жұмысқа алынып, Нәзипа деген апайдың қолында тұрады екен. Жаралы жауынгер осы үйге табан тіреді.

Аядай бір бөлмені паналаған бұл жанұяда үш қыз өсіп келеді, Ағиіс пен Қашқын Түгелбаевтар бар. Қаншама жоқшылық кез болса да, бірлігі жарасқан отбасы болып, күн кеше бастады. Жұмысқа тұруды ойластыра бастағанда, бұрынғы орнына қайта баруға денсаулығы жарамсыз екенін сезген соң, Балықшы поселкесіндегі милиция бөлімшесіне жұмыс сұрай барғанында, бағына орай бос орын болып, қызметке тұрды. Еңбекке араласып, көңілі біржақты жайланғанымен, туған-туыстары, ата-тегі туралы деректерді білмейтіні жанын жегідей жеді. Кейінірек көп іздену мен іздестіріп, сұрау салудың нәтижесінде елде қалған ағайын-туыстарын тауып, өмірінің соңына дейін солармен арадағы берік байланысын үзген жоқ. «Өзгелерде үш жұрт болса, менің алты жұртым бар. Қазақта жақсы сөз бар ғой: «Ашта жеген құйқаңды тоқта ұмытпа» деген. Өмірімде кездескен ізгі жандардың жақсы тәрбиесі мен өмірлік өнегесі арқылы мен атқа міндім, танымал болдым, кәсіпорындарға басшылық жасадым» деп өз естеліктерінде де жазып қалдырған.

Шыңдалу мектебі

Жақсы адамның нұрын тасытып, шаңырағының шаттығын арттыратын асыл жанмен шаңырақ көтеруінің өзі – үлкен бақыт. Қашқын Түгелбайұлының да өмірлік серігі Оқу Тоқбайқызы ана деген ардақты атқа әбден лайық, жаны жайсаң жан болып жолығысты. «Кім-кім де әйел затына әуелі ана деп қарайды. Ал, қазақ ұғымында анаға ешқашан тұрпайы ұғым, теріс түсініктер айтылмаған. Әке-шешеден тым жас қалған менің осы ұғымға деген көзқарасым аса бөлек. Өмірлік жарым Оқу Тоқбайқызына деген ілтипатым ерекше» деп жазған-ды Қашқын аға өз естеліктерінде. 1945 жылы шаңырақ көтерген олар Нәзипа ананың шаңырағында күн кешті.

Соғыс біткен соң оқуға барып, білімін көтеруді мақсат тұтқан ол кіші лейтенант әскери атағы болған соң  Омбыдағы республика аралық милиция мектебіне қабылданды. Оқу орнын тәмамдаған тұста облыстық ішкі істер басқармасына тергеушілікке орналасты. Темірдей тәртіп пен турашылдықты ту еткен Қ.Түгелбаев бұл қызметінде де жақсы қырынан танылып, ұдайы құрмет тақтасынан көрініп жүргенімен, денсаулығы байланысты милициядағы жұмыстан кетті.

Партия мүшесі болғандықтан, қалалық партия комитетіне келіп, жағдайын баяндаған соң  облыстық жергілікті өнеркәсіп мекемесіне қарасты қалалық өнеркәсіп комбинаты директорының орынбасары болды. Жарты жылдан соң  23 жасқа енді толған шағында осы құрылымның басшысы, директорлыққа тағайындалды. Кейін 1950-54 жылдары партия құрылымдарында жауапты қызметте болса, 1954-57 жылдары Гурьев мұнай техникумының күндізгі бөлімінде оқып, техник-электрик мамандығын алады. Бұдан кейін «Маңғыстауснабнефтегазразведка» кеңсесін басқарушы, «Казтехснабнефть» кеңсесі басқарушысының орынбасары лауазымдарында абыройлы еңбек етті.

«Промстройматериал», «Гурьевнефтехимстрой» трестері басқарушысының орынбасары бола жүріп, 1960-67 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық политехникалық институтын сырттай оқып бітіреді. Осыдан соң «Гурьевтеххимстрой» тресінің үй құрылыс комбинатының бастығы, облыстық жергілікті өнеркәсіп басқармасының бастығы, «Гурьевсельстрой» тресінің басқарушысы, 1985-87 жылдары облыстық аңшылар қоғамының бастығы болды.

Ұлағатты өмір

Қашқын Түгелбайұлы қай салада қызмет қылып, басқарса да, қарапайым қалпынан еш тайған емес. Кейінгі ұрпағының айтуы бойынша, сол шақта көліктің қат, жолдың жөндеусіз екендігіне қарамастан, шалғайдағы ауыл тұрғындары қонаққа шақырса да қалмайтын көрінеді. Балалары «жол алыс қой, бармай-ақ қойсаңыздар қайтеді» десе, «олар бізді сыйлағандықтан шақырып отыр, қорыққандықтан емес. Сондықтан, қалмағанымыз жөн» дейтін көрінеді. Ұрпағы демекші, бұл күнде Түгелбаевтар әулетінің тамыры тереңге жайылған. Үш ұл, екі қыздан өрбіген 9 немере, 15 шөберенің ортасында Оқу Тоқбайқызы «Ақ мама» атанып, Алланың берген ризығын көруде.

Ата-ана үшін баланың қай-қайсысы да ыстық болса керек. Алайда, Атырау аймағы үшін Сағат Қашқынұлы Түгелбаевтың есімі ерекше. Өңірімізге ғана емес, күллі республика көлеміне еңбеккерлігімен танылған ол – Тәуелсіз Қазақстанның бірінші мәслихатының депутаты, Атырау облысының әкімі болып еңбек еткен. Қазақстанда тұңғыш жекеменшік «Анако» мұнай компаниясын, «Zaman» тобына енетін көп салалы бірнеше фирмалар ашуы – тыңнан түрен салумен тең. Осы ретте Сағат Қашқынұлы жеткен жетістіктің бір үлесі әке тәлімі мен тәрбиесінде жатқаны сөзсіз. Бұл жөнінде Қашқын Түгелбайұлының өзі де: «Ұлым Сағатжан бала кезінен маған ақылшы болды. Бастапқыда «мына бала қалай-қалай сөйлейді, ә?» деп жүрдім де, ойлана келе оның дұрыстығына көзім жетті» деп еске алған екен.

Қилы тағдыр теперішін көріп, талай жанның шаңырағын паналаған Қашқын Түгелбайұлы өмірінің соңына дейін есімін жылылықпен атап өткен ізгі жанның бірі – немере жеңгесі Жәмилә әжей. Сан жылдардан соң қайта табысқан сол бір жанды әке орнына әке, шеше орнына шеше ретінде сыйлап, бар құрметін көрсетіп, ардақтады. Арнайы Атырауға көшіріп алып, отбасының алтын қазығына айналдырды. Сан саланың тізгінін ұстаса да, қарапайымдылық кейпінен еш таймаған ол ағайынмен араласу, туған-туысты қамқорлау сынды қасиеттерді бәрінен жоғары қоя білді. Қашанда олардың шаңырағы қонаққа, туыс-жегжатқа толы болды. Жаттан жақын болып, өмірінде өшпес із қалдырған осынау жандар Қашқын Түгелбайұлы үшін өмірінің мәні бола білді.

Бұл күнде қазақы салтқа сай, әке шаңырағына иелік еткен кенже ұлы Ғилым Қашқынұлы өмірден өтсе де, оның тұяғы саналар бала-келіні Әсет пен Ләззат аналары Дәмет пен ардақты әжелері Оқу Тоқбайқызын аялап, ақ батасын алуда. Өмір сабақтастығы деген сол емес пе, шіркін!..

Гүлжан ӘМІРОВА.
Фотобаян: Жапырағы жайылған әулет.
Қашқын аға жан жары Оқу апамен бірге.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз