ХАНДЫҚ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюі мәселелері бойынша М.Әбусейітова, Т.Сұлтанов, Ә.Хасенов, З.Қинаятұлы, С.Жолдасбайұлы, Б.Кәрібаев сынды тарихшыларымыз өз пікірлері мен тұжырымдамаларын жарыққа шығарды. Бірақ, Қазақ хандығының нақты құрылу уақытына келгенде зерттеушілер арасында пікір қарама-қайшылығы көп.

XVI ғасыр тарихшысы Дулатидың «Тарих-и Рашиди»  еңбегіндегі «қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуі 1465-1466 жылдары басталды» деген дерегіне көптеген тарихшылар түрлі пікір айтады. Бұл мәселе бойынша Т.Сұлтанов «Қазақ хандығы 1470-1471 жылдары құрылды» дегенді алға тартады. Н.Мыңжан хандықтың құрылған жылын қазақтардың Жетісуға қоныс аударған уақытымен сәйкестендіріп, 1456 жыл деп көрсетеді. Ә.Хасенов болса, «бұл мерзімді 1445 жылдан, яғни Алтын Орда ханы Ұлық Мұхаммедтің қайтыс болуынан бастаған жөн» дейді. «Қазақ хандығы Шу бойында 1458 жылдан бастап құрылды» деген пікірді Б.Кәрібаев ұсынды.

Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты жазылған  зерттеулер мен әдебиеттерде хандықтың негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. XIX ғасырдың ортасында айтылған бұл пікір қазіргі күндерге дейін тек талқылау үстінде болды. Бірақ, осы саяси үрдісте жетекші рөл атқарған тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандар туралы зерттеулер толық жүргізілмей, олар туралы біліміміз тек дерек мәліметі деңгейінде қала берді.

Орыс ғалымы В.В.Вельяминов-Зерно XVI ғасырдың аяғы мен XVII ғасырдың басында  «Қасым хандығының» негізін қалаған  Оразмұхаммед сұлтанның шығу тегін анықтау барысында «Тарих-и Рашидидің» мәліметтерін айналымға енгізе отыра, былай деп жазған болатын. «Тарих-и Рашидиде» Мұхаммед Хайдар айтқан мәліметтер хижра бойынша 860 жылдан 944 жылға дейінгі, яғни 1456 жылдан 1537-38 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Осы 80 жыл ішінде қазақтардың ең басты тұлғалары жошылық Керей мен Жәнібек, Керейдің ұлы Бұрындық, Жәнібектің ұлдары Әдік пен Қасым және Әдіктің ұлы Тахир болды». Міне, осы кезден бастап Керей мен Жәнібек хандардың Қазақ хандығының құрылуындағы тарихи рөлі анықталып, қазіргі күндерге дейін оны ешбір зерттеуші теріске шығармайды.

Жазба деректер мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі – Гирей, Герей, Кирай, Керей түрінде кездеседі. Қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен зерттеулерде соңғы есім жиі және тұрақты пайдаланылатындықтан, біз де осы есімді өз зерттеуімізде қолданамыз. Бұл сөздің түп-төркіні мен мағынасына келсек, В.В.Бартольд ол жөнінде былай деп жазады: «Өзінің деректерін көрсетпей, Ахмед Вефик-паша өз сөздігінде «гирей» – моңғол сөзі, моңғолша «гарай» делініп, «еңбегі сіңген», «лайықты», «құқылы» деген мағынада қолданылады».

Керей ханның шығу тегі, бұған дейін айтылғандай, Жошы ханның үлкен ұлы – Орда Еженнен бастау алады. Орда Ежен – Сасы бұқа – Ерзен – Шымтай – Орыс хан болып жалғасады. Орыс ханнан Керейге дейінгі шежіре ортағасырлық деректерде жақсы сақталған. Т.И.Сұлтанов аударған «Муизз ал-ансабтың» мәліметінде «Орыс ханның 15 баласы: сегіз ұл және жеті қызы болған делінеді де: «Бірінші ұл – Тоқтақия, ол хандық билікте болған. Оның үш қызы және үш ұлы болған: 1) Анике-Булад, 2) Бугучак, 3) Тенгриберди» деп айтылады.

Керейдің қай жылы дүниеге келгендігі жөнінде нақты дерек жоқ. Бірақ, оны салыстыру әдісі арқылы болжап, шамамен айтуға болады. Орыс ханның үлкен ұлы Тоқтақия да, кіші ұлы Қойыршақ, олардың жас арасын шамамен 15-20 жыл деуге болады. Тоқтақия ұлы Болат болса, Қойыршақтың ұлы – Барақ. Барақтың 1428 жылы қайтыс болғаны белгілі. Барақтың үш ұлының үлкені – Жәнібек хан. Ал, Жәнібек хан мен Болаттың ұлы Керейдің бір тарихи кезеңде өмір сүргені белгілі. Олардың да арасындағы жас айырмашылықты 10-20 жыл деп санауға болады. Керейдің есімі ХV ғасырдың 60-шы жылдарының соңынан, ал Жәнібектің есімі ХV ғасырдың 70-ші жылдарының ортасынан бастап жазба дерек мәліметтерінде кездеспейді. Соған қарап оларды 60-70 жыл өмір сүрген деп есептесек, онда олар XV ғасырдың басында дүниеге келген болып шығады.

XV ғасырдың 50-ші жылдарында, яғни Қазақ хандығының құрылар қарсаңында Орыс ханнан тараған Керей мен Жәнібек секілді шөберелерді санағанымызда, Темір Мәліктің ұрпақтарынсыз олардың саны 20-ға жуықтаған. Олардың ішінде жасы жағынан ең үлкені Керей болған. Сондай-ақ, Орыс ханның үлкен ұлы – Тоқтақия, ал оның үлкен ұлы – Анике Болат, ал оның жалғыз ұлы Керей болғандықтан, XV ғасыр ортасында Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің, Орыс хан ұрпақтарының арасында ата жолы жағынан Керейдің мәртебесі жоғары болған. Сол себепті Керей Махмуд пен Уәли айтқандай, Әбілқайыр хандығы бөлініп кеткенде жасы мен жолына қарай хан болып сайланды.

Жәнібек ханның шығу тегіне қатысты құнды деректер Т.И.Сұлтановтың  «Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды» аудармасында   кездеседі. «Орыс ханның бірінші ұлы – Тоқтақия. Ол билік құрған… Орыс ханның сегізінші ұлы – Құйыршық. Оның Пайанде-сұлтан, Рукйиа деген екі қызы және Барақ атты бір ұлы болды. Барақ билік құрған. Барақта төрт бала: Саадат-бек деген қызы және Әбу Сайд, Мир Қасым, Мир Сайд  деген үш ұлы болған». «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» Әбу Сайд Барақ ханның үш ұлының кішісі және Жәнібек хан деген қосымша есіммен берілсе, Оразмұхамедтің кеңесшісі болған жылнамашы Қадырғали Жалайыр ол туралы Барақтың ұлы «кіші Жәнібек хан» деп дәлірек түсіндіреді. Осылайша деректердегі Жәнібек хан туралы айтылатын шежірелік мәліметтерде оның шын есімі – Әбу Сайд, ал лақап есімі – Жәнібек деп көрсетіледі.

«Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген сөз текке айтылмаған. Ол себепті де, ел билеген хандар дәуірі әлі де болса тереңінен зерттеуді қажет етеді.

Лесқали БЕРДІҒОЖИН,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

 

Болат НЫҒМЕТОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты, Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз