ХАЛЫҚТЫҢ РУХАНИ ДІҢГЕГІ

мәдениет  пен  өнер  ұжымдары  жылды  қорытындылады

Мемлекеттің бет-бейнесі төл мәдениетімен бедерленеді. Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында да қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерін дамытуға бағытталған шараларды белгілеуді  алдымен атады. Бұл жалпы еліміздің мәдени саласының дамуына тыңнан серпін бергендей. Осы орайда Атырауда да іс-шаралар легі толастаған емес. Жасалған істің жөн-жосығын таразылап, сапасы мен санына есеп беру алдағы атқарылар шараларға сабақ, әрі үлгі болатындай. Облыстық мәдениет cаласына қатысты мекемелер басшылары өткен жылы атқарылған игі шараларды атап,  есеп берді.

 Биыл мәдениет қызметкерлері бас қосқан  алқалы мәжіліс өткен жылғы жасалған игі шаралар жөніндегі баяндамаларды тыңдаудан басталды. Алдымен, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев сөз алып, әрбір мекеменің жасалған жұмыстарын егжей-тегжейлі талдап, ағымдағы жыл жоспарын межеледі.

Облыста 279 мәдениет ұйымы, 9 мұрағат мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Өткен жылы басқармаға облыстық бюджеттен 2,4 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде мәдени-көпшілік шараға 180,4 млн. теңге, материалдық-техникалық базасын нығайтуға 289,3 млн. теңге жұмсалған. Облыс орталығындағы мәдени мекемелерге заманауи дыбыс, жарық және сахна құрал-жабдықтары алынып, халықаралық, республикалық, облыстық көлемдегі мәдени шаралар ұйымдастырылды, – деген Алтынбек Бұхарзаұлы ағымдағы жылы атқарылар жалпы жұмыстарға тоқталды.

Баяндамадан білгеніміздей, соңғы жылдары мәдениет мекемелерінің өзін-өзі қаржыландыруы, табыс көздерін іздеуі төмен деңгейде қалып келеді. Әсіресе, облыстық Н.Жантөрин атындағы филармония мен Махамбет атындағы қазақ драма театрының билет сатудан түскен табысы мардымсыз. Таланттарды іздеу, тәрбиелеу, сахналық киімдер жағдайы да сын көтермейді.

Биылғы жылы өңірдегі мәдениет мекемелерінің есептік концерт берулері жалғасатын болады. Сәуір айында Батыс Қазақстан облысында Атырау облысының мәдениет күндері өткізілмек. Сондай-ақ, сәуірде Қазақстан және Қырғызстан республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті композитор, жазушы, музыка зерттеушісі Илья Жақанов әндерін орындаушылардың республикалық фестивалі өткізіледі деп жоспарлануда. Мамыр айында ҚР халық әртісі Әзидолла Есқалиев атындағы III республикалық «Алтын домбыра» күй сайысы, екінші тоқсанда Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің Еуропа мемлекеттерінде «Еуро-саяхаты» ұйымдастырылады. А.Ықсанның «Хақ жолы» атты қойылымымен Астана, Ақтөбе, Орал, Алматы қалаларында гастрольдік сапар  өткізу де жоспарға енген. Атырау қаласы мен аудандардың тәжірибе алмасуы мақсатында «Мәдениет күндері», жазушылар Оралхан Бөкейге, Сәтімжан Санбаевқа, Жұмекен Нәжімеденовке арналған ауқымды іс-шаралар бар.

Алқа мәжілісінде мәдениет, спорт және ақпарат құралдары кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Қуандық Батыров мәдениет саласы қызметкерлерінің күні бүгінгі тыныс-тіршілігі, әрбір ұжымның хал-ахуалы жөнінде айтып, кейбір мекеме басшыларының іс-қимылдарын да қатаң сынға алды. 

Мұрағаттық мекеменің жұмысы жайында оның басшысы Зұлпыхар Сүйінішев баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы облыстық мемлекеттік мұрағат басқармасына 138 ізденуші-ғалым келіпті. Бұл саладағы негізгі мәселелердің бірі – аудандық мұрағат мекемелерінің компьютерлермен жабдықталмауы және құжаттар орналастырылатын сөрелердің жеткіліксіздігі болып отыр.

Мәдениет саласында жетістіктермен қоса көкейкесті мәселелер де бар екені белгілі. Келелі жиында мекеме басшылары айтылған сынға байланысты өздерінің кемшіліктерін алдағы уақытта түзететінін айтты. Осы уақытқа дейін шешімін таппай келетін бір жайт, қызметкерлерге қатысты нормативтік құжаттардың болмауы да айтылмай қалмады. Мәдениет мекемелері басшылары Алма Андарбаева, Серік Мұхамбетов, Гүлжанай Қалиева, Мұхамбетқали Кипиев өз салалары бойынша мұң-мұқтаждарын да жасырмай, қажетті құрал-жабдықтардың әлі де жетіспей жатқандығын назарға ұсынды.           

Басқосудың соңы мәдениет саласы қызметкерлерін марапаттауға ұласты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталғандардың қатарында Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әртісі Жәнібек Дүйсенәлиев, Құрманғазы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Маийна Досжанова, «Ана тілі» газетінің меншікті тілшісі Өтеген Нәукиев, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының Атырау музыка колледжінің оқытушысы Серікқали Тәжіғалиев бар. Ал, ҚР Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы Заңының қабылдануына  15 жыл толуына орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ақпарат және мұрағат комитетінің Құрмет грамотасына облыстық мемлекеттік мұрағат басқармасы басшысының орынбасары Баянсұлу Әміржанова, аталмыш басқарманың бөлім басшылары Материя Қаналиева, Нұрсұлу Мұхамбедьярова, Махамбет аудандық мемлекеттік мұрағат басшысы Амангелді Андашев ие болды.

Бір топ  мәдениет қызметкерлері Карима Байниязова, Шарипа Жәменова, Жеміс Тілепқалиева, Зухра Ибраймова, Толқын Әзерқұлова, Бақыт Ғабдолова, Әмина Нысанова, Күнсая Суханғалиева, Роза Ахатова «Республикалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталса,  аталмыш қоғамдық бірлестіктің «Құрмет белгісі» медалі Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Гүлжанай Қалиеваға ұсынылды. «Республикалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының Алғыс хаты Қызылқоға ауданы, Миялы селосы, «Арман» мәдениет үйінің директоры Дидар Арыстанғалиеваға берілді. Атырау облысы Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Жанар Құрманғалиева марапатталды.

Сондай-ақ, үздік мәдениет үйлері мен клуб мекеме басшылары, қызметкерлері де арнайы аталым бойынша марапатталды. Клуб мекемелері арасында Исатай аудандық «Нарын» клубының меңгерушісі Гүлжан Мәмбетова «Керемет» белгісіниеленсе, қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері басшылары арасындағы жарыс бойынша жеңімпаз атанған Қызылқоға аудандық мәдениет саласы бойынша жетекшісі Жәния Ізбасқан «Топжарған» белгісіне лайық деп танылды. Жыл бойына жұртшылықты мәдени шаралармен қамту жұмыстарын үздік жүргізген Махамбет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғали Аруев ауыспалы «Бәйтерек» алтын белгісін алқалады.

      Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз