ҚАЗАҚТЫҢ АСТАНАЛАРЫ

Елбасымыз  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің  «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Халқымыздың тарихы – соғыстардың, әскери жеңістер мен жеңілістердің ғана тарихы емес. Оның қашаннан да жасампаздық сипаты бар. Мемлекет құрып, оны нығайту, қалалар салу, керуен жолдарын тарту, ғылыми трактаттар жазу, төл мәдениетін қалыптастыру – бәрі-бәрі де жасампаздыққа жатады» деген.

 

ХII ғасырдың ортасында қыпшақтардың саяси орталығы болған Сығанақ, қаңлылардың Қаялық қалалары ата-бабаларымыздың алғашқы астаналары десек, артық айтқанымыз болмас. Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар «дешті Қыпшақ жері – түйенің терісі тәрізді мол дүние. Әркім-ақ одан бір ұлтандық жұлып алуға құмар», – деп сол дәуірдің өзінде-ақ Ордаларының орталығы етіп, Түркістан, Ұлытау, Сауран, Сығанақ, Созақ, хан Ордасын Жайық бойындағы көне қала  Сарайшыққа да көшірген. Бар мұраттарына жету жолында «Астананы екі жағына бірдей қарай алатын жерге көшіру керек» деген ұстанымды ұстанған. Міне, сол дәуірдің өзінде-ақ қазақ хандығының астанасы мемлекет үшін қандай рөл атқаруы керектігін әбден түсінген.

1920 жылы 26 тамызда Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы Декрет шықты, астанасы – Орынбор қаласы. Орынбор алты жыл бойы әуелі Қазревкомның, кейіннен Қазақ АССР-інің үкімет органдары орналасқан қала болғанымен, ел астанасы деп ресми атала қойған жоқ. Сол кездің құжаттарынан, баспасөзі мен әдебиетінен астана деген атауды кездестіре қоймаймыз. 1925 жылдың сәуірінде Қазақстанның орталығын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім қабылданды. Ал, Ақмешітті Қазақ елінің шын орталығы ету жөнінде ұйғарым алынғанда, кеңестік республика астанасының атауында «мешіт» сөзінің тұруы сол кездің идеологиясымен үйлесе қоймағаны анық. Орталық ұғымындағы «орда» сөзінің кәдеге асқаны да сол тұс болды. Революция символы қызыл сөзімен кірігіп, Қызылорда атаулы қала пайда болды. Алайда, бір қиындығы, ендігі жерде «Қазақстанның ордасы – Қызылорда» деген қосарлы тіркес тұрақты қолданылуы тиіс еді. Орталық ұғымына синоним боларлықтай тың сөз қажет болды. Зиялы азаматтар осылайша халық жадында  жыр-толғауларда айтылатын ежелгі астана сөзіне таңдау жасағаны аңғарылады.

1929 жылы астана Алматыға қоныс аударғанда, Ілияс Жансүгіров «Жаңа астана» атты очерк жазып: «Алматыға Қазақстан орталығы көшіп келді. Алматы  астана болды. Қазақстан ортасы ордасына орнықты. Қазақстан еңбекшілерінің ұйытқысы – орталық, өкімет мекемелері басты ұйымдар жаңа қонысына ірге тепті» деп қуанды.

Елорданы Алматыдан Астанаға көшіру тәуелсіз мемлекеттің алғашқы стратегиялық шешімдерінің қатарында тұр. Бұл мәселені Президент  Н.Назарбаев тұңғыш рет 1992 жылы көтерген болатын. Жоғарғы кеңестің «елорданы көшіру туралы» шешімі елдің аса маңызды оқиғалары хронологиясында 1994 жылғы 6 шілде болып белгіленді. 1998 жылғы 6 мамырға дейін Ақмола деп аталған Астана Президенттің Жарлығымен 1997 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының елордасы деп жарияланды. 1998 жылғы 10 маусымда Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық тұсауы кесілді. 1999 жылы Астанаға ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» деген наградасы берілді. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі, әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды.

Бүгінде Астана тәуелсіз Қазақстанның елордасы ретінде әлемнің саяси картасында берік орнықты. Қазақстан егемендік алғаннан бері бірінші рет астанасының орнын ауыстыруда тұрғылықты халықтың мүддесін ескере отырып, дербес шешім қабылдады. Осы іспеттес оқиғалар өмірдің өзі халық пен үкіметінен маңызды шешім қабылдауын талап еткен жағдайларда іске асып жатады. Ресей, Нидерландия, Германия, Пәкістан, Түркия, Бразилия және тағы басқа елдердің астана ауыстырудағы тәжірибелерін мысал ретінде келтіруге болады. Сондықтан, жаңа саяси орталығымызды жай ғана Астана атауымыздың тарихи дәстүрлерімен қай тұрғыдан келсек те, терең қабысады.Өткен ғасырларда астананың орнын ауыстыру тек қана сол кездегі жауапкершілік себептерге байланысты болса, ал, XX ғасырдың ортасынан бастап геосаясатқа, экологияға, демографияға қатысты басқа бағыт алды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «мемлекеттің астанасын Ақмолаға көшіру туралы» Жарлығын шетел басшылары түсіністікпен қабылдап, геосаяси мәнге ие деп бағалады. Еуразия құрлығының дәл «жүрегінде» орналасқан Астана XXI ғасырда халықаралық саясаттағы маңызды орталыққа айналды.

Мемлекет астанасының орналасу орны – жолаушылар және жүк тасымалдаудың, сонымен қоса телекоммуникацияның, үлкен халықаралық транзитті жолдар торабының түйісетін орталығы. Атап айтқанда, кіндік қала Еуропа елдерін Азия-Тынық мұхит аймағының аудандарымен тез және сенімді түрде байланыстырады. Макиавелли былай дейді: «Қандай мемлекет болмасын, оның тыныс-тіршілігі орталықтан бастау алуы тиіс. Елдің шеткері аймақтағы ірі қаласынан гөрі, кіндігіндегі мекен алғашқыда көзге қораш, елеусіздеу, жұпыны болып көрінгенімен, келе-келе үлкен күш-қуатқа ие болып, мемлекеттің темірқазығына айналады. Өйткені, өмір, тіршілік – ортада, орталықта».

Жаңа Астананың жарқын келбеті қалыптаса бастады. Бұл – үлкен мәртебе. Бүгінде халқы 852 985  адамға жеткен Астана – Орталық Азия өңіріндегі күрт дамып келе жатқан қала. Жаңа, тәуелсіз Қазақстанды бейнелейтін жаңа елордамен қазақстандықтардың барлық ұрпақтарының арманы мен үміті астасып жатыр. Астана, бір жағынан, жаңа Қазақстанның мақтанышына, екінші жағынан, ұлттық идеяны орнықтырудың және елді біріктірудің  нышанына айналды. Ол елдің орталығында, тарихи кезеңдерде Еуропа мен Азияның транзиттік күретамырын байланыстырған, дамыған индустриялық өңірде орналасқан.

Астана – бұл кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер көрінісінің нышаны. Бұл – саяси батыл қадам. Астана шаңырағы әлі де болса биіктей түспек. Жаңа астананың келешегі бүтіндей XXI ғасырдың еншісінде жатыр. Ал, оның ертеңгі еңсесін көтеретін – бүгінгі жас жеткіншектеріміз.

Болат НЫҒМЕТОВ,

Атырау мұнай және газ институтының доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз