ҚАТЫГЕЗДІК ПЕ, ҚАТЕЛІК ПЕ?

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде жан-жануарларды қорлау сәттері бейнеленген бейнебаяндар көбірек көрсетіліп жатыр. Оның әрқайсысына қараудың өзі қорқынышты. Адамдардың табиғатқа жасап жатқан мұндай зұлымдықтарын көргенде жаның түршігеді.

Ал, олар осы әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біле ме? Жауапкершілікті айтпағанның өзінде, жануарларға деген жанашырлық қайда қалып барады? Осы және өзге де сұрақтар бүгінгі тақырыбымыздың арқауына айналды.

Өлкеміздің 11 миллион гектардан аса жері жануарлар және өсімдіктер дүниесін қорғау үшін орман шаруашылығына қарайды. Ал, оның 21 пайызы – 2,4 млн. гектары аңшылық құратын алқапқа жатады. Алқаптардың шаруашылығын жүргізіп, оны халық игілігіне тиімді пайдалануда аңшылар мен балық аулаушылардың облыстық қоғамы жарты ғасырдан артық қызмет атқарып келеді.

Жуырда Tengrinews.kz желісінде Ақтау қаласында әйел мен ер адам балалардың көзінше итті өлтіргенін көрсететін бейнебаян жарияланды. Жай ғана атып, өлтіре салмады, итті қорлап, бөлшектеп тастаған. Оқиға желісі былайша өрбіген: Аулада ойнап жүрген балалар иттің ұлығанын естіген. Олар қаңғыбастардың итті тірідей сойып, бөлшектеп жатқанын көріп, басқаларды көмекке шақырады. Мұндай айуандықты көрген тұрғындар полицияға хабарлайды. Ұсталған ер адам туберкулез ауруымен ауырғандықтан, итті ем үшін жегенін, туберкулезге қарсы диспансер оны құжаттарының болмағандығынан қабылдамағанын айтса керек. Алайда, туберкулезге қарсы диспансер емдеу мекемесіне адамдардың құжатсыз да қабылданатынын хабарлаған. Қандай себеп-салдар айтса да ақтала алмаған әлгі қаңғыбас заңға сәйкес жазаланды.

Жалпы, үйсіз жануарларды қорғаушылардың айтуынша, мұндай жағдай біздің аймақта да жиі болып тұрады. Еріктілер мысықтар мен күшіктердің терісін жиі тауып алатынын айтады.

Әлеуметтік желілерде жарық көрген мына бір бейнебаян тіптен сұмдық. Facebook парақшаларының бірінде жарияланған оқиға Жамбыл облысында орын алған. Сексеуіл ағашының ішінен алты бөлтірікті байқап, ұялы телефондарының камерасына түсіре бастаған екі жігіт жабайы аңдарды қорлап, мазақ етеді. Пышақпен терісін тіліп, денелерін қанға бөктіреді. Соның салдарынан барлық алты бөлтірік өлтірілген. Екі жігіт дала тағыларына қатыгездік көрсеткені үшін жазаланатынын ойларына да алмаса керек. Кейін сотта істері қаралған екі айыпталушы еліміздің қылмыстық кодексінің 316-бабы, 2-бөлігімен («Жануарларға қатыгездiк жасау») кінәлі деп танылып, 150 сағатқа қоғамдық жұмысқа жегу жазасы тағайындалды.

Тізе берсек, ғаламтор желілерінде жан-жануарларға қатыгездік жасау дәйектері аз емес. Ақтау қаласында кәмелетке жасы толмағандардың мысықты, қоянды аула қоршауына іліп, қорлағанын көргенде жаныңды қоярға жер таппайсың. Сонда мұндай әрекеттер қатыгездік пе, әлде қателік пе?

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз