ҚАНАТЫМЕН СУ СЕПКЕН ҚАРЛЫҒАШ

талайдың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүр
Кезінде ұлы ойшыл Абай атамыз: «...Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп бекер айтпаған. Расында да, адам тек өз еңбегі мен ақыл-ойымен ғана мына қоғамда өзін өзгеге таныта алады. Ал, қоғам дамуына өзін қоршаған ортаға бейжай қарай алмайтын, қандай да бір әділетсіздікке төзбей, өзге адамның қиындықтарын бірге көтеріп, біреу қиналса, қолынан келгенше көмектесуге асығып тұратын шыншыл адамдар үлес қосады. Бүгін біздің әңгімелемек кейіпкеріміз дәл сондай, біреу үшін өмір сүріп, біреу үшін алтын уақытын сарп етіп жүрген адал да абыройлы жан - Қарлығаш Нәбидоллақызы.

Қарлығаштың өзі тұратын Жұмыскер ауылында оның шапағатын сезінбеген адам жоқтың қасы. Өйткені, ол ауылда болмасын, Атырау қаласында болмасын, әйтеуір, аяқ жетер жерде өтіп жататын қайырымдылық шараларының басы-қасында болып, өзіндік үн қосып, белсене араласып жүреді. Тіпті, қордаланып, әлі де болса шешімін таппай жатқан мәселелерді көз қырына алып, олардың оң шешілуіне қолдан келгенше ықпал етеді. Айталық, сондай проблеманың бірі ретінде біз дәрігерлік пунктті ашу, «Қазпошта» бөлімшесі жұмысын тиянақтау, «Жұмыскер-Балықшы» көпірі салынған кезде сонда еңбек еткен жұмысшыларға еңбекақысын уақытында алып беруге жәрдемдесу, Жұмыскерге қатынайтын №64 маршруттың жүру кестесін нақтылау, Жұмыскер-1 ауылының электрмен жабдықталуын қадағалау, техникалық шарттарды қалпына келтіруді айтар едік.
Қарлығаш әкімдікте, болмаса үкіметтік емес ұйымда қызмет істемейді. Әрі оның осындай шабысына ешкім де ақы төлемейді. Ол мұны өзінің адами қасиетімен, адал ниет, пәк көңілімен жасайды. Қарлығаштың осындай адамгершілігін алыстан естіп, біліп жүргендердің ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар да бар. Олар да Қарлығаш әпкелерін саялап, өздері тындыра алмай жүрген шаруаларына одан көмек сұрайды. Ешкімге «жоқ, қолым тимейді!» деп айтып көрмеген Қарлығаш мұқтаж балалардың бірінің баспаналарын заңдастырып берсе, екіншілерінің құжаттарына көмектесуді қолға алады.
Қарлығаш өзі туып-өскен Жұмыскер ауылының гүлденіп, халқының ойдағыдай өмір сүруіне бар күш-жігерін аямай жұмсауда. Ол өзі білім нәрімен сусындаған мектепті, өзіне дәріс берген аяулы ұстаздарды әрдайым назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, өзі білім алған №8 мектепте директорлық қызмет атқарған, Халық ағарту ісінің озық қызметкері, қоғам қайраткері, өмірінің ширек ғасырын ұстаздыққа арнаған Халимат Сүндеталиеваның есімін ұрпақ жадында мәңгілік қалдыру мақсатында Жұмыскер ауылындағы бір көшеге алып берді. Көшеге Халимат апайының есімі берілген шараны ұйымдастырған да, аяулы ұстаздың шәкірттерін жинап, үлкен еске алу кешін жасаған да, ұстазының бақилық болғанына орай өз отбасының атынан ас берген де осы Қарлығаш болатын. Айтыңыздаршы, бұдан өткен кісілік бола ма?!
Елбасы Жолдауымен «Ауыл жылы» бағдарламасы жүзеге асқан жылдары Қарлығаш талай емен есіктерді қағып, қалалық бюджеттен қаржы бөлгізуге, оған ауылға ауыз су жүргізуге жұмыстанды. Соған қоса ауыл ортасында қалып қойған ескі зиратқа қамқорлық жасап, оны қоршау үшін жан-жақтан демеушілер іздеуге кірісті. Осының бәрі – сауапты іс! Адам болған соң оның басында сан алуан қиындық туындайды. Сондайда ауылдың үлкен-кішісі осы Қарлығашқа келеді, ойындағысымен бөліседі, ақыл-кеңес сұрайды. Ал, ол болса өзінің бар шаруасын жиып қойып, сол кісінің мәселесін шешуге тырысады.
Өмірлік қосағы Жұмажан қарапайым кәсібімен отбасын асырау қамын ойлап жүрсе, ұлы Қанат әке кәсібін жалғауда. Ол да ержетіп, шаңырақтарына келін түсірді. Қазір Қарлығаш пен Жұмажан кішкене немереге ата мен әже атануда. Қыздары Ләззат Сарықамыстағы «Қарлығаш» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс жасаса, кенжелері ата-ана үлгісімен өсіп-жетілуде. Осындай өнегелі шаңырақтың өзіндік тірлігімен жүрген Қарлығаш Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің кітапхана ісі мамандығын үздік тәмамдап, бүгінде Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде сырттай оқып жүр. «Білім алу ешқашан кештік етпейді», – дейді ол.
Міне, бізбен қатар жүрген бір замандастың бүгінгі келбеті осындай. Біздіңше, халық игілігі үшін барынша атсалысып, Елбасы саясатына үн қосып жүрген Қарлығаш Нәбидоллақызы сынды жандар қандай марапатқа да ие болуға лайық. «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі, аяулы жар, ардақты келін, абзал ана, асыл әже атанып отырған Қарлығашты тумысынан жетім-жесірдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға, соларға титімдей болса да көмегін тигізуге жаратылған жан деуге әбден болады.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз