ҚҰЛЫНШАҒЫҢ ҚАЙДА ЖҮР?..

Егер сіз «Дина» базарына бара қалсаңыз, онда базар әкімшілігінің радиосынан әлсін-әлсін «қымбат заттарыңыз бен әмияндарыңызға сақ болыңыздар!» деп қайта-қайта ескертіп жатқанын естір едіңіз.

 Жасыратыны жоқ, базардан шыққан талай адамның, әсіресе, әйелдер мен бойжеткендердің, әжелердің «ойбай, ақшам қайда?», «соткам қайда?» деп опынып жатқандарына куә болып жүрміз. Қарап отырсақ, соларды қолды етіп жүргендердің көбі – ересек ұрылар емес, мектеп жасындағы балалар. Бұл не деген сөз? Бұл – сол балаларға отбасында дұрыс тәрбиенің берілмеуі, үлкендер тарапынан тұрақты қадағалаудың болмауы. Егер ата-ана күнбе-күн үйіндегі баласының қайда, кіммен, не істеп жүргенін біліп отырса, жасөспірімдер қолымен жасалатын мұндай теріс әрекеттер мен ұсақ ұрлықтар орын алмас еді.

Бала күнімізде «Қытайда ұрлық жасаған адамдардың саусағын шабады екен…» дегенді еститінбіз. Содан секем алып, бала болсақ та кәдімгідей қорқушы едік. Саусағын шаппағанмен, ұрлық үстінде ұсталған кішкене баласын үлкендер өздерінше жазаласа, мүмкін екінші қайтара оған бармас па еді, кім білсін. Барға қанағат етіп үйренгендіктен бе, «бізде бәрі тамаша!» деуден танбаймыз.

Осындай тұрмыстық қиындықтар қалтарысында біз бауыр етіміз – баламыздың  тәрбиесін естен шығарып алмайық. Өйткені, бала – біздің болашағымыз. Ал, болашақтың бұлыңғыр емес, тау суындай таза болғаны ләзім.

Динар ЕСТЕМЕСҚЫЗЫ,
Махамбет ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз