ИСЛАМ ЖОЛЫ – БІРЛІК ПЕН ТЫНЫШТЫҚ

Дінтану  пәні  дәріскерлерінің

 облыстық  семинарынан  ой-түйін

Мұсылмандардың орталық мешітінде

Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры аудан аумағында дін саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға араласатын тұлғалардың діни біліктілігін арттыру мақсатында екі күндік оқыту-семинардың бағдарламасын жүзеге асырды.

Семинардың алғашқы күні облыс теологтары мен дінтанушылары Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің жұмысымен танысып, кешкілік мемлекет пен қоғамның пайдасына қызмет жасайтын, дәстүрлі ислам қағидаттарын сақтай білетін, мешіт имамдарының жанына топтасатын жамағатты қалыптастыру, дәстүрлі емес исламдық бағыттағы діни ағымдардың жетегінде жүрген азаматтарды дәстүрлі исламның шеңберіне қайтару мақсатында жиналған қауымға ханафи фиқхын, матруди сенім мектебінің негізгі белгілерін (критерийлерін) түсіндірді.

 Ханафи мәзхабы – сенім мектебі

Е.Халықов атындағы №7 орта мектептегі кездесуге «Дінтану негіздері» пәні мұғалімдері теолог мамандардың дәрісін тыңдауға ұйымшылдықпен келді. Жиын мақсаты – сол діни тұрғыдан сабақ беретін ұстаздардың білімі мен біліктілігін шыңдап, тәжірибелерін үстей түсу, осы негізде мектеп қабырғасындағы жас жеткіншектердің діни сауаттылығын арттыру.

Семинарды ашқан аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Нұржан облыс орталығынан келген дін саласының мамандар тобын таныстырып, олардың мақсатты жұмыстарына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін психолог, теолог Өсімхан Тілеуов «Ата-ана мен жастар арасында психологиялық тұрғыдан діни көзқарасқа қарама-қайшылық», теолог, дінтанушы Қанат Жұмағұл «Ханафи мәзхабы матруди сенім мектебі», ал «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры директорының орынбасары Айбек Аташев «Дінтану негіздері» пәнін оқытып-үйретудің тиімділігі» тақырыптарында баяндама жасап, мұғалімдер өздерін толғандырып жүрген көптеген сауалдарға қанағаттанарлық жауап алды.

Айбек Асқарұлы өзінің кіріспе сөзінде тыйым салынған және дәстүрлі емес ағымдар, олардың зияндары турасында да нақты дәлелдермен әсерлі әңгіме қозғады. «Ата-ана мен жастар арасында психологиялық тұрғыдан діни көзқарасқа қарама-қайшылыққа жол беру жақсылыққа апармайды. Керісінше, әуелі білмегеніңді ата-анадан сұра, олар білмесе мешітке бар, имамнан кеңес сұра. Алайда, кейбір жастар теріс бағытқа түсіп, жабық күйде, өз бетінше әрекетке көшіп, тереңдеп кетеді», – дейді психолог,теолог Өсімхан Аманбайұлы. Ол Мұхаммед пайғамбардың хадисінде айтылғандай, «Үркітпеңдер, қорқытпаңдар, қуантыңдар, сүйіншілеңдер» деген қағидатқа жүгінеді.

Қанат Әбілханұлы Ханафи мәзхабы матруди сенім мектебін сөз еткенде  имам Әбу Ханифаның еңбектеріне тоқталды. Мәселен, «Әл-ФиқҺ әл-әкбар» еңбегі – құқық негіздері туралы шариғат заңы, Алланы түсіндіреді, ол – сенім. Әбу Ханифаның өзі ғылым жолына түсіп, құқықтық заңды игерген ғой. Кейін дүниеге келген екі имам – Әбу Мансұр әл-Матруди мен Әбулхасан әл- Асиғара одан алыс кеткен жоқ. Әбу Ханифа бағытын ұстанған Әбулхасан бастапқыда Мұхтазила ағымына ұйып, философияны грек тілінен араб тіліне аударады, сөйтіп діни түсінікке жаңалық алып келеді. Белгілі болғанындай, мұсылманшылықта екі негіз бар, олар – ақыл және нақыл. Ақыл – сезімдер жиынтығы. Мысалы естіп, көру арқылы діни сезім бар. Нақыл – Құран және хадис негізі.

Ал, Әбу Мансур дәстүрлі бағытты ұстанған. Оның пайымдауынша, иманның алғышарты бірнешеу, олар – Аллаға, Пайғамбарға, кітаптарына, періштелеріне және тағдырға сену.

 

Жат ағымнан аулақ жүр, жас өрен!

№8 орта мектеп оқушыларымен өткен семинардың кезекті дәрістік оқуы «Хабар» агенттігі дайындаған радикализм матрицасының II бөлімі «Дін және Дәстүр» бейнефильмін көруден басталды. Шәкірттерді шетелдегі лаңкестік топтардың қаржыландырып, терроризм жолына түсіп кеткенін байқамай да қалған, бүгінде жазасын өтеушілер–Мақсат Тауров пен Ержан Әмірғалиевтің қатты өкінген бейне-кескіндері еріксіз толғандырған жайы бар. Осы сәтте өңірдің бас имамы Арман Исаев аудан әкімдігі жанынан діни-ақпараттық-насихаттық тобы құрылғанын мәлімдеді.

– Әлгінде ғана бейнеролик көрдіңіздер, ол қазіргі уақытта тура жолынан адаса бастағандарды теріс ағымдардан сақтандыруды, бұл ретте қоғамда қандай көкейкесті мәселе, қатер бар, соны түсіндіруді көздейді. Шәкірттер, діни ағымдардың аражігін, айырымдарын білмей тұрып жаңсақ қадамға барып, ата-аналарың зарлап қалмасын! Ислам адамзатқа игілікті, көркем мінез беріп, адамгершілікке баулиды. Демек, дәстүрлі бағытымыздан жаңылмай, бірлік пен тыныштық қалыбын ұстануымыз керек. Бұл – Ислам жолы,-деді ол.

Қанат Жұмағұл, теолог: – Бейнероликте көрініс тапқандай, жат ағымға еріп, ақыры темір тордың ар жағынан шығу – адасудың қандай қасіретке ұрындыратынын аңғартып тұрған жоқ па?! Мұндай ағымдардан сақтанып жүрмесе болмайды, ол жасқа қарамайды, егде адамдарды да ұйығына тартып кетеді. Теріс ағымдар Құран-Кәрімді өздерінше түсіндіріп, әлі діни түсінігі қалыптаспаған жастардың санасын сезік тудырмай улап тастауға бейім. Былайша айтқанда, өздерінше жанашыр болып, исламды желеу етіп, өз ортасына біртіндеп өзек жалғап әкеледі. Жазасын өтеуші Е.Әмірғалиев те Әбу Ханифа ізінде намаз оқып жүріп, Ханбала мәзхабына еріп кеткен.

Осы негізде оқушыларды толғандырып жүрген сұрақтар аз емес екен, cауалдар жауып кетті. Дін жолына қыз бала қай жаста түсіп, қандай киім және қалай киінуі керек? Құрбан айттың сауабы?  Бір Аллаға жүгінуді хош көрмейтіндер исламнан шығатыны рас па? Сектаның қаупі неде? Сақал қою парыз ба? – Осы және басқа да сауалдарға теолог пен бас имам бірін-бірі толықтырып, шәкірттерге түсінікті тілмен тартымды, нақтылы жауап берді.

 

 «Салт пен дәстүр –  дін тірегі»

Осындай тақырыппен Жаңа Қаратон кентінде ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері және мектеп оқушыларының қатысуымен семинардың кезекті дәрістік оқуы өтті. Бұл ретте теолог мамандар алдарына салт-дәстүріміз бен діннің сабақтастығын, дәстүрлі діни бағыттағы мәзхабтың маңыздылығын түсіндіру мақсатын қойды.

Аталмыш шарада «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры директорының орынбасары, теолог Айбек Аташев дәрістік оқуын былай өрбітті: – Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан, дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Алайда, елімізде рухани жүдеулік болып жатқан кезде түрлі миссионерлер, теріс ағымдағы діндарлар келіп, шариғатқа сай келмейтін үкімдерін шариғат үкімі деп тықпалағандығын, солақай саясаттарымен халық арасына іріткі салғысы келетіндіктерін несіне жасырамыз?! Баршамыз болып бірлесіп күресіп, тәуелсіздігімізге түйткіл болатын осындайларға еш жол бермеуіміз керек.

Теолог Қанат Жұмағұл тәуелсіздік алған жылдары жүзеге асқан Қазақ елінің толағай істеріне, шынайы мәдениетіне,  терең тамырлы тарихы мен салт-дәстүріне тоқталып, өзін толғандырып жүрген толғақты ойларымен бөлісті. Қазіргі балалар «ваххабизм деген не? Исламның артықшылықтары неде?» деген сұрақтарды жиі қояды. Отбасында оларға тұшымды жауап беретін адам бар ма?Ақсақалдарымыз бір Аллаға сенеді, бір тылсым күштің құдіреттілігін, барын мойындайды, бірақ соны түсіндіріп бере алмайды. Егер білсеңіз, Қазақстан діни басқармасының сайттары бар, соған кіріп, тиісті мағлұматтарды алып, балаға нақты, ұғынықты етіп түсіндіріп отыру керек.

– Ислам негіздеріне қатысты діни сенім барлық жерде бірдей болғанымен, діни таным исламды қабылдаған әрбір ұлттың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен ұштаса отырып, түрліше қалыптасады. Ұлттық тәрбие – біздің ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз, – деді психолог, теолог Өсімхан Тілеуов. Оның айтуынша, қазір елімізде орын алып отырған теріс ағымдардан жастарды қорғаштауда ұлттық тәрбиенің маңызы өте зор. Сайып келгенде, халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан үлгі-насихаты – асыл мұраларымызды бойымызға сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді сақтай білу – ең басты һәм ардақты парызымыз.

Семинар шарасы соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарға теологтар тарапынан көңілге қонымды жауаптар алды.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз