ІС ТЕТІГІ – ІСКЕРЛІКТЕ

Өз ісінің білгірі ретінде ел алғысына бөленіп отырған осынау ізгі жан туралы жазбақшы болғанда, ең  бірінші  оның бізбен  арадағы  қарым-қатынасы  мектеп  өмірімен  байланысты  екендігі  есіме  оралды...

 

Ол 1985 жылы Гурьев педагогикалық институтын тәмамдап келіп,  Исатай орта  мектебінде биология, технология пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады.  «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…» деген ұстанымды өмірлік бойтұмарындай көріп, қызметін адал атқара білген ұстаздарымыздың бірі – Ұлболсын Хисым педагогтік қызметте сан түрлі марапаттауларға ие болды. Еңбек жолын қызығы мен қиыншылығы қатар өрілген педагогтік  қызметтен бастаған ұстазымыз Ұлболсын Қабиболлақызы өз кезегінде жеке кәсіпкерлік саласына да бет бұрды. Мектеп асханасында оқушылар үшін ыстық тамақ беруді жоспарлап, оны іске асырды. Алғысқа бөленіп, мерейін үстем қылды.

Бүгінгі таңда Ұлболсын Хисым өзінің қажырлы қайратының, еленген еңбегінің арқасында Исатай селолық округінің әкімі болып тағайындалып, ауыл ахуалының арта түсуіне үлес қосуда.

Бірде мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Айтуға оңай…» бағдарламасына көрермен-студент болып қатысқанымда, күн тәртібіндегі «Басшы болам десеңіз…» тақырыбына орай өз пікірімді білдіргенмін. Сонда мен әйел адамның басшы болуына келіспейтін ойымды айтқанмын. Бірақ… Жазғы демалыста ауылға келгенімде, бұл сөзіме өкіндім. Яғни, әйел адамның басшылық қызметіне біржақты қарауға болмайды екен. Осылайша, ауылдағы оң өзгерістер менің ойымды өзгертті. Балабақшамыз бен мәдениет үйіміз қайта жөндеуден өтіп, халық сұранысын өтеуде. Қазіргі заманның талабына сай жабдықталған дәрігерлік пункт те тұрғындарды қабылдап, балтыры сыздап, басы ауырғандарға алғашқы көмек береді. Осы уақытқа дейін бос жатқан алаңқайға «Түлектер саябағы» салынып, әсемдігімен ауылға ерекше сән-салтанат беріп тұрғанының өзі қандай ғанибет! Бұндай жетістіктерге ауыл тұрғындары аса қуанышты. Бұл игілікті істердің басы-қасында, әрине, әкім Ұлболсын Қабиболлақызы тұрғаны анық.

Бұл күнде Ұлболсын Қабиболлақызы – немерелерінің сүйікті әжесі, аяулы жар, қадірлі ене, отбасының ұйытқысы. Оның алда атқаратын жұмыстары әлі де көп. Аянбай тер  төксе, тұрғындарымыздың әл-ауқаты жақсарады деп сенеміз. Сондықтан, әкімімізге  сәттілік тілейміз!

 

Мөлдір Балтабекқызы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің

4-курс студенті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз