ИНДЕРДЕ АДАМДАРҒА ҚАСҚЫР ШАПТЫ

Түс әлетінде аш қасқыр ауылдың қақ ортасында қарт адамға тап берген. Күтпеген оқиғаны естіген жұрт жағасын ұстап отыр.

Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Сатыбалды Оразғалиевтың айтуынша, 27 қаңтарда қасқыр 1924 жылы туған  қарияның ауласына кіріп, үлкен кісіге тап берген. Қожайынын қорғамаққа ұмтылған екі итті де алып ұрған көрінеді. Бір қорада жүрген әулетті әп-сәтте үлкен әбігерге қалдырған дала тағысы көршісінің ауласында тұрған үш қойды да бауыздап үлгереді.

Аяқ астынан орын алған дүрбелеңге өзгелер де шу көтеріп, қасқырды аулаға қамап, ағашпен соғып құлатып, тәртіп сақшыларын шақыртқан. Полиция келген бойда-ақ дала тағысын жер жастандырыпты. Жігіт ағасы оны сол жерден аластатқанымен, сала мамандары дереу атқа қонып, өлімтігін зерттеу мақсатында облыс орталығына жөнелткен. Оқиға орын алған жерге аудан басшылығы да келіп, жедел шараларды қолға алған. Сол күні кешкісін аудандық аңшылар қоғамы, салалық бөлімдері, полиция торабы – барлығы кенттің іші мен маңын шолып шығып сақтық шараларын атқарған.

Ал, біз қасқырмен бетпе-бет келген қарияның жағдайын білмекке аудандық орталықтандырылған аурухана бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Зайтоваға хабарласқанымызда, төмендегі жайтқа қанықтық:

 – Майдангер қарт аурухананың жансақтау бөліміне өте ауыр жағдайда түсті. Бас және бет терісі жырылған. Қазіргі таңда жағдайы бірқалыпты. Тиісті дәрігерлік көмектер көрсетіліп жатыр. Жағдайы қатаң бақылауда, – деді Гүлмира Бағытжанқызы.

Аудандық аңшылар қоғамының төрағасы Қайыржан Әжіғалидың айтуынша, қаңтардың қалың қары мен бет қарыған аязы қасқырдың ашығатын кезеңі екен. Мұндай жағдайда ол жолында кездескеннің бәріне ауыз салатын көрінеді. Сондықтан да, тұрғындар жолға шыққанда өте сақ болғандары жөн екенін ескертеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз