ҒИБРАТЫ МОЛ ҒҰМЫР

Кермақастың қызыл үйіне іргелес жатқан Аяпберген мектебінен тіл сындырған Шәріп Өміршин бұдан арғы білімді нағашы жұртын жағалап, Ойылда жалғастырды. Сөйтіп 7-сыныпты ойдағыдай бітірді. Бұл өткен ғасырдың 25-27 жылдары үшін екі институт демесең, бір университеттен ешбір кемдігі жоқ білім-ді. Содан соң Қарабауға қанаттас жатқан, бір жағынан сол кездің әкімшілік басқару жүйесімен өздері бағынатын аудан орталығы – Тайпаққа барып, ауылдық кеңестің хатшысы, аудандық комсомол комитетінде нұсқаушылық қызмет атқарды. Артынша құзырлы органдардың жолдамасымен Ақтөбе облысының Ойыл ауданына ауысып, мұнда да аудандық комсомол комитетінде іс басқарушысы және бюро мүшесі болды.

Кейін қазіргі Қостанай, сол кезеңнің әкімшілік басқару жүйесі бойынша Ақтөбе облысына бағынышты Жетіқара, Қарабұтақ аудандық комсомол ұйымдарын басқарады.
1935 жылдың 11 қаңтарында Құлшәріп аға сол кезгі НКВД кавалериялық полк құрамына әскерге алынып, әуелі курсант, кейін взвод командирінің көмекшісі қызметтерін атқарады.
1937 жылдың желтоқсанында аталған әскери қызметінен босаған Құлекең тағы да жастар ұйымына жетекші ретінде Қарабұтақ ауданына жіберіледі. Сайып келгенде, бұл да Құлшәріп үшін өте қиын, жауапты кезең еді. Өйткені, еліміздегі сонау жиырмасыншы жылдардан басталған әр отбасы, атқа мінген азаматқа әлдебір күдік, алакөздікпен қараған сығыр саясат қайткенде республиканың оқыған-тоқығанын бақылауға алып, оқ ұшына байлаймын деген пиғылдан арылуы былай тұрсын, тіпті күшейе түскен шағы еді. Республиканың келешегін ойлап, болашағын бағамдайды деген ортанқол ойлы басшылардың бәрі де бір түнде «халық жауы», «жапон милитаристерінің шпионы» атанып шыға келді. Бара-бара бір үйдегі әке мен бала бір-біріне сенімсіздік, күдікпен қарап, сыр ақтарудан да қалды. Әлдебір ойламай айтқан бір сөзің ең кем дегенде ширек ғасыр тажал боп, зындан түбіне шірітіп, Сібірдің орманы, Мурманскінің мұзды тоғайын кездіріп жіберетін. Міне, осындай әр күн, сағат сайын басқан ізіңді санап, көлеңкеңнен қорқатын шақта Құлекең алыс ауданда комсомол ұйымын басқарды. Бірақ жұмыс жеміссіз болған жоқ. Атқарылған қызмет түрін саралап, бағалай білген басшылық оны 1938 жылы өткен Қазақстан комсомолдарының екінші съезіне делегат, ал онда Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің пленум мүшесі етіп сайлап, ол бұл құрметті 1945 жылға дейін иеленді. Бір ерекшелігі, ол кезде қандай партиялық, қоғамдық жұмыс болса да арасы – берісі жарты, әрісі екі жыл істеді де, басқа аудан, қызметтерге ауыстырып отыратын. Оның үстіне өз әріптестері арасында аса бір құрметке бөленген Құлшәріп 1939 жылдың мамырында партия мүшелігіне қабылданып, күзінде облыстық партия комитетіне нұсқаушылық жұмысқа шақырылды, кейін хатшы-меңгеруші қызметіне жоғарылатылды.
Уақыт өтіп жатты. Жылжып жылдар қалды. 1941 жылдың жазында Ұлы Отан соғысы басталды. Сайып келгенде, бұл Қ.Өміршиннің ең бір сындарлы, саяси іскерлік және жауынгерлік қырының жарқырап көрінген шағы десе де болады. Сұрапыл күндер мен түндерге толы төрт жарым жылда Құлшәріп аға сегіз рет әскери басқару қызметіне ауыстырылып, жоғарылатылған. Әрине, оның бәрін санамалап, тізіп шығу мүмкін емес, бірақ бірер мысал келтіре кеткеннің артықтығы да болмас.
Соғыста ұдайы алға жылжу мүмкін емес, өйткені жау жағы да адам, олардың да ақыл-айласы, қаруы мен қолы бар дегендей, бірде жеңіс, енді бірде жеңіліс қатар жүріп жатады. Сонда да болса мақсат-мұраты алға бағытталған Құлекең, оның қаруластары қарашаның алғашқы жартысында немістердің 724-СС полкін (командирі – полковник Гоман), штабы мен офицерлері, солдаты бар – барлығы 200-дей адамды үлкен күшпен қолға түсіріп, тұтқындады. Бұл украин поэзиясының алыбы Тарас Шевченконың туған қаласы Каневті азат етудегі ірі жеңіс еді.
Кейін 1944 жылдың ақпанында Құлекең қаруластары жаудың ең ірі ұшақ алаңын алып, 9 ұшақ, 200 солдат, офицерін қолға түсірді. Артынша немістің белгілі Корсуно-Шевченко тобын да осы кезде жойды. Осы жолғы ұрысты ұйымдастыру және басқарудағы жұмыстары үшін Қ.Өміршиннің омырауына бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені тағылды. Бұдан соң да 142-биіктікті алғаны үшін тағы екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденін алды. Жалпы полктың немістің Корсуно-Шевченко тобын – армиясын талқандағаны үшін және Украинаның Сума, Полтава, Киев, Бело Церковь аймағын азат етудегі ерлігі ескеріліп, бір топ солдат пен офицерлер наградталғанда, ішінде Құлекең де Богдан Хмельницкий атындағы орденге ие болды.
Өкшесі көтерілген жау күн сайын өз ұясына жетуге асықса, әп дегенде қансырап, оңбай таланған кеңес әскері қайткенде өш алу, бүлікшілерді біртін-біртін құртуға күш салып, қуып берді. Құрамында Құлшәріп Өміршин қызмет ететін полк 1944 жылдың 24 наурызында бірінші болып шетел шекарасына шығып, Пруд өзенінен өтті. Бухарест, Будапешт, басқа да қалаларды азат етуге қатынасты. Оның бәрінде күллі әскерді бір мақсатқа жұмылдырып, идеялық қаруландыру, сөйтіп әр шабуылдың жүйелі және нәтижелі жүруіне күш салу, алдымен әскербасылары, олардың командирлерінің жұмысы болғанымен, сөз жоқ, партия ұйымының да қажырлы еңбегі арқасында екені сөзсіз. Осыны ескере білген басшылық, жоғары командование полкті төрт рет түрлі ордендермен марапаттады.
Құлекең Киев қаласын азат етуде аса үлкен ерлік үлгісін көрсетіп, қаза тапқан Тұмашев деген қандасын да әркез еске алып отырушы еді. Ал, өзі болса, соғыс даласында өткен бес жылға жуық уақытта үлкенді-кішілі ұрыста тоғыз рет жаралы болып, бірақ, соңғы күніне дейін қатардан шыққан жоқ. Азды-көпті ерлігі үшін үкімет пен жоғары командованиенің 42 жазбаша алғысы мен төрт орден, 18 медаліне ие болды.
Қ.Өміршин Ұлы Отан соғысынан оралған соң бейбіт өмірдегі еңбек жолын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шақыруымен халық шаруашылығын қалпына келтіруде партия ұйымдарын басшы кадрлармен толықтыру және нығайту үшін Гурьев облысына жіберіліп, облыстық партия комитетінде әскери бөлім меңгерушісі болудан бастады. 1949-1954 жылдар аралығында Форт-Шевченко, Бақсай аудандық партия комитеттерінің екінші, Қызылқоға аупарткомының бірінші хатшылары қызметін атқарса, бұдан әрі тоғыз жыл бойы Бақсай аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Махамбет аудандық жол пайдалану-құрылыс учаскесінің бастығы қызметтерін атқарды.
Бір қарағанда, бұл учаскелердің қай-қайсысы да кезінде іскер ұйымдастырушы, батыл басшылықты қажет етіп, аса бір ақсап жатқан буындар болатын. Өйткені, байды тәркілеп, оқығанды құртып, оза шапқаны орта білімді маманмен жаңа-жаңа шаруашылықтар құрып жатқанда соғыс басталды. Бар азаматты майданға жіберіп, өңкей кембағал қария, әйел, бала-шағамен шаруаны үйірген тылға енді бейбіт өмірде жаңа серпін, тың бетбұрыс қажет-ті. Жұмыс стилін түбірімен өзгерту, өндірісті дамыту, сол арқылы әлсіреген әлеуметтік жағдай, тұрмысты түзеу, рухани өсу керек болатын. Ол үшін майданнан оралған майталман командирлерді ауыл өміріне батыл араластыру, ақсаған шаруашылықтарды күрт дамыту қажет еді. Міне, осы тұста Құлекең облыстан шалғай, негізінен аграрлық тұрғыдағы, кәсібі – мал, техника күші тіптен пайдаланылмайтын аудандарда ауқымды жұмыстар атқарды.
Маңғыстауда ежелден келе жатқан малмен қоса, балық аулау мен өңдеуді өрістету, Бақсайда көкөніс, бақша, жеміс өсіру, тауарлы сүт өндіруді дамыту, ал Қызылқоғада МТС-терді құру, ұжымшарларда ауылшаруашылық машиналарын көбейту мен шоғырландыру, білімді, білікті жас маман-кадрларды толықтыру ісі, тары, арпа, астық өсіруге бетбұрыс жасалынды. Махамбеттегі жол пайдалану-құрылыс учаскесінде болған кезеңінде қашаннан бергі даланың қара жолынан басқа сүрлеуі жоқ аймаққа көтерме тас жолдар әкелу, өзендер мен өзеншелерге көпір салу осы Құлекеңнің басқарған кезеңінен басталды.
Құлшәріп Өміршин 1981 жылдың маусым айына дейін құрылыс учаскесінің бастығы қызметін атқарды. 1964 жылы республикалық деңгейдегі зейнеткер атанды. Бірақ ол пайдалы өндірістік, қоғамдық жұмыстардан қол үзіп көрген жоқ. 1983 жылы республикада өткен еңбек және соғыс ардагерлері кездесуіне қатысып, сөз сөйледі. Әлденеше рет облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық, аудандық Кеңес депутаты болып сайланды. Орталық Комитет, ЛКСМ, облыстық комитет, облыстық атқару комитетінің, республика автомобиль жолдары министрлігінің қаншама Құрмет, мақтау грамоталарына ие болды. 1960 жылы «Республика халық ағарту ісінің үздігі» белгісін алса, кейін «Махамбет селосының Құрметті азаматы» атағы берілді. Осы селодағы үлкен көшелердің бірі оның есімімен аталады.
Сондай-ақ ол Ұлы Отан соғысында Москва қаласы үшін болған ұрыстарға қатысушы ретінде орталық баспадан 1968 жылы жарық көрген «Варшава тас жолында» («На Варшавском шоссе») деп аталатын кітап авторларының бірі болды.
Сонымен қатар ол үлкен отбасы иесі, адал жар, өнегелі әке болатын. 1938 жылы Нағима апамызбен отау тігіп, Райыс, Сәлімжан, Бағытжан есімді ұлдар мен Райхан, Нұрбике, Нұржамал атты қыздар өсірді. Бәріне де заман талабына сай жоғары білім алып берді. Олар бұл күнде халық шаруашылығының түрлі салаларында архитектор, геолог, геофизик, дәрігер, мұғалім, энергетик қызметтерін атқарып жүр. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғылым кандидаттары. Олардан өрбіген немере, шөбере, жиендерінің өзі қырықтан асады. Үйлі-баранды, жеке-жеке отбасы иелері.
Өмір бойы мемлекеттік басқару қызметінде болған Құлшәріп аға осы сынды мәнді де сәнді ғұмыр кешті, отбасын құрды, жетпіс төрт жыл өмір сүрді. Тірі болса ол бұл күнде өз ортасында ғасырлық жасын тойлап, қашанғы әдетінше таусылмайтын әзіл-қалжыңын бұрқытып отырар еді. Амал не, өлшеулі уақыт оны да айналып өтпеді. Бірақ, іскер басшы, қалжыңбас қайраткердің аты Атырауда мәңгілік аңыз болып қалды.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз