Ғибратты ғұмыр кешкен дария кеуде, тау мүсін

Руханият

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, қазыналы қарттарымыздың бірі, Атырау облысының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, ауылшаруашылық саласында  басшылық қызметтер  атқарған, ғалым, зиялы қауым өкілі, абыз ақсақалымыз Шайдолла Кәрімов ағамыз да мәңгілік өмірге сапар шекті…

Шайдолла  Кәрімұлы таным-түсінігі бөлек азамат еді. Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын ақылман аға, батагөй ақсақал болды. «Алдыңғы ағаларды құрметтесең, алғы жақтан жел соқпайды. Соңынан ерген інілеріңді сыйласаң, теріс жақтан жел соқпайды» демекші, жан – жағынан жел соқпау үшін бұл кісі өзінің замандастарымен де үйлесімді ғұмыр кешті.

Қазақта «Тура биде туған жоқ» деген тәмсілдің де бар екені белгілі. Бұл тұрғыда замандастары Шайдолла ағамыздың жақын-жуық, таныс-бейтаныс адамдарға жақсылығы мол мейірбан азамат болғанмен, қызметте қатал, қарамағына туыстарын жұмысқа қабылдамайтын басшы болғанын айтады. Жалпы, Шайдолла Кәрімұлы – расымен де қайталанбас тұлға.

«Адамның  басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» деген екен әл-Фараби бабамыз. Ағамыздың адамды бағалауға келгенде ерекше үлгі болып кеткені де оның ешқашан ауытқымайтын бірқалыпты мінезі, мейірбан жүрегінің арқасы деп білеміз.

Адами келбеті өз алдына, өзіне  тән «бетегеден  биік ,  жусаннан  аласа»  қарапайымдылығымен таныс-бейтаныс жандардың  жанын баурап  алатын, мақтану мен мардымсуға  жаны  қас , кішілігі –нің  төркінінде  ірілікпен парасаттылық, ұлтын сүйер ұстамдылық пен халқын сүйер қайсарлық жатқан қазақ  жұртының  адал  перзентінің екінші өмірі басталды.

Парасаттылықпен адамдықты ту етіп, ғылым мен қызметті үйлестіре білген Шайдолла Кәрімұлының ғибратты ғұмыры көпке үлгі деуге болады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, Шайдолла аға мен өмірлік жары Нәсіп апамыз саналы ғұмырында ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі. Балаларының қызығына кенеліп, кейінгі жас буынға ағалық ақ батасын берген абыз ақсақал болды.

Бүгінде балалары мен немерелері түрлі  салада  абыройлы қызмет атқарады. Артында қалған ұрпағына амандық тілеймін. Шайдолла Кәрімұлының отбасы мен туғантуыстарына, балаларына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Марқұм ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!

 Алтай КӨЛГІНОВ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған