ЕСІМІ АЛТЫН ӘРІППЕН ЖАЗЫЛАДЫ

Нұрлан Балғымбаев есімі Қазақстанның мұнай-газ саласы тарихында алтын әріптермен жазылады. Еңбек жолын бұрғышының көмекшілігінен бастаған ол отандық мұнайшылардың басшылығына дейін көтерілді. Елбасы оны Премьер-министр етіп тағайындағанда оның алдына бірінші кезекте инвесторлармен жұмысты жүйелеуді, осы бағытта сырттан қомақты қаражат тарту міндетін  жүктеген еді. Нұрлан Өтепұлы бұл тапсырманы мүлтіксіз орындады. Ол Үкімет басқарған жылдары республикадағы мұнай-газ кеніштерін бірлесіп игеруге әлемге танымал ірі компаниялар ағылды. Нұрлан  Балғымбаев солардың бәрінің жұмысын үйлестіріп, алдыңғы кезекке мемлекет мүддесін қойған-ды.

 

Әрине, шетелдіктермен бірден тіл табысу жеңіл болған жоқ. Әйтсе де, Нұрлан Өтепұлы өзіне тән қажырлылықпен, ұйымдастыру шеберлігімен, толымды тәжірибесімен, терең білімімен соның бәрін абыроймен атқарды. Бүгінде сол кезде құрылған бірлескен кәсіпорындар республика нарығында сәтті жұмыс жасауда.

Мен де онымен қызметтес болып, талай істі бірге атқардым. Аз-кем кішілігі бар еді. Сондықтан, аға ретінде амандасып тұратын. Алдына қойған мақсаты, атқаратын ісі көп-ті. Бірақ, айықпас дертке шалдығып, ақыры көз жұмды. Топырағың торқа болсын, алдыңнан пейіштің төрі ашылсын!..

Орынғазы ЕСҚАЗИЕВ,

ардагер мұнайшы,

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз