ЕЛДІККЕ БАСТАҒАН ЕРЕН БЕЛЕС

«Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалы мен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті бірлесіп ұйымдастырған «Елдіктің бастауы – Қазақ хандығы» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» өтті. Басқосуға аталмыш партия өкілдері, профессор-оқытушылар,  Атырау қалалық мәслихатының депутаттары және магистранттар мен студенттер қатысты.

 

Шараны «Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының төрағасы Ермекқали Юсупов ашты. Бұдан соң Қазақ хандығы туралы өзекті әңгімеге кезек берілді.

Қазақ хандығы кезеңіндегі Сарайшық қаласының рөлі туралы баяндаған университеттің Қазақстан және дүние жүзі тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жеңісбек Мұстафин: «Қасым ханның мазарының басына немесе Сарайшықта оған арнап ескерткіш-кесене орнатса, ол халық мінәжат етер тарихи орынға айналар еді. Осы мәселені бүгінгі «дөңгелек үстелге» қатысып отырған ғалымдар мен саясаттанушылар, депутаттар және партия өкілдерінің назарына бергім келеді»,- деді.

Атырау  мұнай және газ институтының  ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Әбілсейіт Мұхтар Абылай хан кезеңіндегі Қазақ хандығы туралы әңгімеледі. «Қазақ халқының егемендігі үшін күрескен Абылай ханның өз заманындағы атқарған істері бүгінгі тәуелсіздігімізге қосқан сүбелі үлес екені даусыз» деді ол өз сөзінде.

Әбілқайыр ханның ерлігі мен кезеңі жөнінде өз пікірін білдірген «Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының саяси жетекшісі, саясаттанушы Әбілхан Төлеуішов: «Қазақ хандарының тұлғалық қадір-қасиетін зерделеген тұста, бізге Әбілқайыр ханды да айналып өтуге болмайды. Әбілқайыр батыр, қолбасшы болып, елді біріктіріп қана қойған жоқ. Оның орыс патшасымен қарым-қатынаста ұстанған саясаты, кешегі Аңырақай шайқасындағы, Бұланты өзенінің бойындағы жеңістері хан және бас сардар ретінде өзінің алар орны бар тұлға екенін көрсетеді. Оны біреулер Түркістанға жерленген десе, біреулер Ақтөбені меңзейді. Әбілқайыр туралы оның бізге беймәлім тұстарын зерттеп, бағасын беру – тарихшыларға ортақ міндет» деді ол.

Бөкей ханның өмірі мен еңбегі туралы баяндамасында өлкетанушы-журналист Өтепберген Әлімгереев «Қазақтың жерін, елін ұйыстыруда үлес қосқан хандарымыздың ішінде Бөкейді ерекше атар едім. Бөкей туралы әлі толыққанды тарихи ғылыми еңбек жазылған жоқ. Кейбір ғалымдарымыз тиіп-қашып, бірер мақаламен шектелгені болмаса, тұтас жүйелі зерттеу жұмысы жоқ. Кезінде заңгер-ғалым Салық Зиманов жазды. Бірақ, мұның бәрі сол кездің саясатына байланысты «ақты–ақ, қараны – қара» деп дөп жазылған дүниелер емес. Бір атай кететін жайт, Бөкей билік еткен жылдарда оның атына айтылған теріс пікірлер болмады. Ел аузында оның тек жақсы істері ғана айтылады» деді.

Сондай-ақ, «дөңгелек үстелде» Қазақ хандығындағы төлеңгіттердің қалыптасу негіздері туралы да айтылды. «Қазақтардағы төлеңгіт деген сөз бен Алтайдағы төлеңгіт деген ұлыстың атауы бірдей. Өйткені, хан-сұлтандарға қызмет еткен төлеңгіттер негізін Алтай төлеңгіттері құраған. Зерттеушілеріміз бұл тұрғыда ғылыми-зерттеу жұмыстарын әлі де дамытып, болашақта төлеңгіттану дербес зерттеу нысанына айналары анық» деді университеттің Қазақстан және дүние жүзі тарихы кафедрасының профессоры Амангелді Шамғонов.

Жиынды университеттің гуманитарлық ғылымдар және шетел тілдері факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет қорытындылады.

«Біз неге өз хандарымызды бағаламаймыз?» деген сұрақ туындайтын болса, бұған себеп – біздің мемлекетімізде отарсыздандыру саясатының жүргізілмегендігі болса керек. Қандай мемлекет болмасын, осындай саясатты қолға алғаны жөн. Біз санамызға бұрыннан сіңіп қалған ортақ психологиядан әлі күнге дейін арыла алмадық. Сондықтан да, біз хандарымызды өз деңгейінде бағалай алмай келеміз. Өзімізге келгенде тарылып қаламыз.

Оралда көшелерге қазақ хандарының атаулары беріле бастады. Ал, Атырау бұл мәселеге келгенде әлі де болса енжарлық танытуда.  Елбасының саясатын біз сияқты зиялы қауым қолдауы қажет. Олар осындай олқылықтарды тасада қалдырмай, нәтижесін назарда ұстап отырғаны абзал» деді А.Ахмет.  Ол, сондай-ақ, келесі жылы ұлт-азаттық көтерілісіне бір ғасыр толатынын еске салып,  бұл да ескеруге тұрарлық тарихи оқиға екенін атап өтті. 

Иә, қойнауы қырық қатпар тарихымыз зерттеушілерімізден әлі де үлкен ізденісті талап етеді.  Себебі, нақты деген мәліметтердің өзінің де шикі тұстарының шеті жылт етіп шыға келетіні бар. Ал, тарих беттері дәлелденген деректермен қатталуы тиіс. Зиялылар бас қосқан «дөңгелек үстелде» айтылған әңгіменің түйіні де осы.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз