БІЗ БАТЫРЛАРЫМЫЗДЫ ӘЛІ БІЛМЕЙ ЖҮРМІЗ

немесе «Дәрі» қауымы терең сырды ашқалы тұр
Биыл қазақ тарихының жалынды жыршысы Мұрат Мөңкеұлының туғанына – 170 жыл. Мұрат Мөңкеұлының «Үш Қиян», «Сарыарқа», «Әттең бір қапы дүние-ай», «Шалгез» және басқа да жырларында орын алған тарихи оқиғалар мен тұлғалар, жер-су аттары туралы зерттеуді атыраулық тарихшылар көптен жоспарлап жүретінбіз. Соның ішінде Махамбет ауданының аймағында орналасқан атақты «Дәрі» қауымын зерттеудің қажеттілігі кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі деп саналатын. Өйткені, «Дәрі» қауымы - орталықтан шалғай орналасқандықтан, тарихшы ғалымдардың назарынан тыс қалған нысандардың бірі.

МҰРАТ АҚЫННЫҢ «МҰҢЫ»

«Дәрі» қауымында Мұрат ақын жырға қосқан Есболай бидің ұрпақтары Қараұлы Дәрі, Қараұлы Есет би, Қабыл батырдың ұлы, атақты Жапарберді батыр жатыр. Бұл тұлғалар біздің білетініміз ғана. Осы қауымды көріп, оның құлпытастарын зерттеу мақсатында ағымдағы жылдың 25 мамырында Атырау мемлекеттік университетінің бір топ ғалымдары, профессор Жиенбай Бақи (Қараның ұрпағы), доценттер Жеңісбек Мұстафин, Жұмазия Жұмабаева, археолог Марат Қасенов, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері болып сапарға аттандық. «Дәрі» қауымын дәл іздеп табу үшін Алға және Ортақшыл ауылдарының тұрғындары шежіреші Базар Әмірұлы ақсақал мен Қайрат деген азаматты жолбасшылыққа алдық. Біздің маршрутымыз Атырау қаласынан басталып, Жайықтың сол жақ бетінде орналасқан Алға және Ортақшыл ауылдары арқылы барлығы 180 км жерге ұласып, ақыры «Дәрі» қауымына келіп табан тіредік. «Дәрі» қауымына жеткенше жолшыбай шежіреші Базар Әмірұлынан бірқатар тың мәліметтер тыңдадық. Біз жүріп өткен жерлер мен Қызылқоға ауданы аумағында бірсыпыра қазақ батырлары жерленген екен. Олардың арасында 1731 жылғы Аңырақай шайқасына қатысқан атақты Өтей батыр мен Тайлан батыр бар көрінеді.

ҚАРАБАУДА ӨТЕЙ
БАТЫРДЫҢ БЕЙІТІ БАР

Тарихтан белгілі, Ордабасыға қазақтың үш жүзінің халқы жиналып, жоңғар басқыншыларына күйрете соққы беру үшін қол жинап, бас қолбасшысы етіп Кіші жүздің ханы Әбілқайырды сайлаған-ды. Аңырақай шайқасында жеңіске жеткеннен кейін Әбілқайыр хан өз жұртымен Кіші жүзге оралғанда Орта жүздің бірсыпыра батырларымен бірге Өтей батыр да біздің өлкеге көшіп келген көрінеді. Өтей батыр бұл жақта да бейбіт өмір сүре алмағанға ұқсайды. Қалмақ басқыншыларымен болған шайқастардың бірінде ол қаза тауып, Кіші жүздің Қарабау өлкесінің топырағы бұйырыпты.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өткенімізге, Отанымыздың тарихына деген қызығушылықтың арта түскені белгілі. Соның дәлелі ХХ ғасырдың 90-шы жылдары Қазақстан Үкіметі Премьер-министрінің бірінші орынбасары болған Нығметжан Есенғарин мырза Атырауға келіп Өтей батырдың бейітін іздеп тауып, басына ескерткіш тас қойдырыпты.
Тайлан батыр да Әбілқайыр ханның арқасүйер сарбаздарының бірі ретінде ел санасында жатталып қалған. Ол да кезінде Аңырақай шайқасына қатысқан. Қызылқоға ауданы мен Ақтөбе облысының шекарасында Нарынбай бейіті жатыр. Сонда ол қай Нарынбай? 1812 жылғы соғыстың батыры Нарынбай Жанжігітов емес пе екен? Өңірімізде дүниеге келген атышулы батырлар Нарынбай мен Әмен Байбатыров қой. Осыған байланысты мынандай ой келеді. Қазақтар кезінде тек өз жерлерін жаудан қорғап қана қоймай, көршілеріне де қиын-қыстау кезде қол ұшын берген. Бұл өз алдына айтылатын мәселе.
Сонымен, біз жол бойында бірқатар тарихи нысандарды кездестірдік. Ортақшылдан шамамен 27-30 км жерде Сары қауымы орналасқан екен. Бұл аса ірі қауым. Мұнда 1818, 1820, 1840 жылдары жерленген адамдардың құлпытастары сақталған. Ал, Атырау қаласынан шамамен 40-50 км жерде қауым құлпытастары өте ескірген, бейіттері әбден жойылып кеткен деуге болады. Шамасы, «бұл қауымда Әбілқайыр, Нұралы хандардың ұрпақтары жатқан болу керек» деген ой келеді.

МАЛАЙСАРЫ ДЕП
НЕГЕ АТАЛҒАН?

Түс ауа жусанды даланы кесіп өтіп, «Дәрі» қауымына да жеттік. «Дәрі» қауымы биік төбеде орналасқан екен. Аумағы шамамен 1000 шаршы метрдей. Қауым өте ескі, бейіттердің барлығы уақыт сынына төтеп бере алмай жермен-жексен болған. Біздің пайымдауымызша, бұл қауымда орналасқан бейіттердің салынғанына 250-300 жыл уақыт өткен. Қауым орналасқан жер «Малайсары» деп аталады екен.
«Дәрі» қауымының ерекшелігі – біріншіден, мұнда Есет би, Дәрі, Жапарберді батырлар сынды тарихи тұлғалардың жерленгені, екіншіден, қауымда құлпытастардың өте көп шоғырлануы мен олардың алабөтен көлемі (2,5-3 метрлік құлпытастар бар), әрі сапалы да, әдемі дайындалуы. Бұл құлпытастарды кешенді түрде арнайы зерттеу қажет.
Зерттеуге өнертанушы ғалымдар, араб тілінің мамандары, тарихшылар атсалысуы керек деп санаймыз. Себебі, құлпытастарда қазақы ою-өрнектердің барлық зооморфтық космоногиялық, геометриялық түрлері кездеседі. Өте әдемі түрде дайындалған. «Дәрі» қауымындағы жақсы сақталған құлпытастарды ойланбастан қазақ өнерінің озық үлгілерінің қатарына жатқызуға болады.

ҰРПАҚТАН ЖЕТКЕН ҰЛАҒАТ

Енді осы «Дәрі» қауымына жерленген билер мен батырларға тоқталайық:
Қауым Қараұлы Дәрінің есімімен аталған. Әкесі Қара – атақты Итемген батырдың ұлы. Мұрат Мөңкеұлының жырларында:
«Итемгеннен туған бес бөрі,
Қара менен Табылды.
Қалдыбай, Мәтен, Қабылды,
Сол ерлерім барында.
Дұшпаннан кегім алынды,
Сөйтіп жүрген ерлерді.
Алып кетіп қара жер,
Беріп кетті-ау жәбірді» деген жолдар бар. Мүмкін, сол Қара батырдың өзі де осы қауымда жерленген болар.
Шежіреші Мәжит Мұхтаровтың деректері бойынша Дәрі Қараұлы да батыр адам болған. Ол туралы Мұрат Мөңкеұлының мынадай өлең жолдары бар:
«Артында Қабыл,
Қара өлгенде,
Берішті жеті баулы
бір күйзелтті.
Кешегі Ожырайдан
Дәрі өлгенде…»
Шамасы, жер дауы, жесір дауының бірінде Қараұлы Дәрі Ожырайлардың қолынан қаза тапқанға ұқсайды. Шежіреге сүйенетін болсақ, Дәрі Қараұлы 27 жасында мерт болған.
Дәрінің інісі Есет Қараұлы (1779-1869) – батыр, әрі жырау. Есет би Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы Қарабау жерінде дүниеге келген. Қазақ тарихын, шежіресін тамаша игерген Есет Қараұлы өзінің шалқар білімін туысы Мұрат Мөңкеұлына жалықпай үйреткен. Мұрат ақын дала академигінен үйренгендерін өзінің теңдесі жоқ жырлары мен айтыстарына пайдаланған.

ЗАМАНА ЗАРЫ

Есет өмір сүрген уақыт аласапыран шапқыншылықтар мен соғыстарға толы кезең еді. Хиуа ханы Аллақұл ел-жұртына шамадан тыс салық салып отырса, әскери бекіністер тұрғызып, Жайық бойын иеленген казак-орыстардың озбырлығы елдің тыныш отыруына мүмкіншілік бермеген.
Есеттің әкесі Қара, оның інілері Табылды, Қабыл Мәтен, Қалдыбай, олардың балалары Құлбарақ, Дәрі, Есет, Жапарберділер хиуалықтармен Ресей отаршыларына қарсы бірнеше рет жорықтарға шығып, ерекше ерлік көрсеткен еді. Есет кейін жасының ұлғайғанына қарамастан хан саясатына қарсы Исатай мен Махамбет бастаған халық көтерілісіне қатысады. Тастөбе шайқасында жеңіліске ұшыраған батырлардың күресін жалғастыру үшін оларға мыңдаған қарулы қол жинап береді.
Осы қауымда Қабылдың ұлы Жапарберген батыр да жерленген. Ол 1831 жылғы Құлбарақтың Аллақұл әскерімен болған шайқасына қатысып, тірі қалған. 1833 жылы әкесі Қабылдың, ағалары Құлбарақ пен Батырбектің, туған халқының кегін алу үшін Хиуаға барып, жауын жеңіп, мал-мүлікті, жетім-жесірлерді еліне қайтарады.
«Жапарберді атқа мінген соң,
Көк найзаға жалынды…» – деген жолдар ол тұлғаның қандай адам болғандығын дәлелдесе керек-ті.

Қорыта айтқанда, «Дәрі» қауымының ескерткіштерін толықтай зерттеу бізге көптеген тарихи деректерді, бұрын-соңды айтылмаған мәліметтерді ашатыны сөзсіз. Ол біздің жас ұрпағымызға өткен тарихи жолымызды кеңірек білуге жол ашпақ. Ол үшін қауымды мемлекетіміз толықтай өз қамқорлығына алуы керек.
Қауымды темір шарбақпен қоршап, қасына үй тұрғызып, шырақшы тағайындаса дұрыс болар еді. Оның тамаша ескерткіштеріндегі барлық жазуларды оқып, қазақшаға аударып, мазмұнын жазып қою қажет деп есептейміз. Сонда бұл қауым облысымыздың жұртшылықты қызықтыратын маңызды туристік маршруттарының біріне де айналар еді.

Шахман НАҒИМОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің доценті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз