БІЛІМ ДОДАСЫНЫҢ ДАРАБОЗДАРЫ

Қаңтардың 5-6-cы аралығында облыстық пәндік олимпиада өтті. Жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушыларының облыстық олимпиадасының қорытынды кезеңінің салтанатты жиыны Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында ұйымдастырылды.

Жарыс Атырау қаласындағы №35 дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясында өткізілген болатын. Білім жарысына облыс мектептерінен 635 оқушыдан сұраныс түскен.  Оның ішінен 591 жоғары сынып оқушысы іріктелініп, білімдерін сынады. Оның 225-і – ауыл мектептерінің оқушылары. Яғни, барлық оқушының 30 пайызын құрайды. Облыстық дарынды балаларға арналған мектептерден барлығы 309 оқушы қатысқан. Ал, 57 оқушы Атырау қаласынан келген. Жалпы 406 оқушы  қазақ тілінде, 185 оқушы орыс тілінде білім бәсекесінде бақтарын сынады. 

– Олимпиаданың барлық кезеңінің де тапсырмаларын республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы дайындайды. Құпиялылық қатаң сақталады. 9-10-11 сынып оқушылары 14 пән бойынша білім сынағынан өтті. Өткен жылға қарағанда аудан мектептерінің белсенділіктері көңіл толарлықтай деңгейде болды, – дейді облыстық білім басқармасының жалпы орта білім беруді дамыту бөлімінің басшысы Роза Қабдолова.

Қорытындысында бірінші орынды – 48, екінші орынды – 112, үшінші орынды 174 оқушы иеленіп, арнайы дипломдармен марапатталды.  Жалпы жарысқа қатысқан оқушылардың 50 пайызы жүлдегер болды деп айтуға болады. Облыстық қазақ-түрік лицейінің оқушылары олимпиада қорытындысында бірінші орынға шығып, мектептерінің мерейін асырды. Кейінгі орындардан  облыстық ұлттық гимназия, Ж.Досмұхамбетов атындағы облыстық лицейдің оқушылары көрінді.

– Биылғы жылы көрсеткіші ең төмен дейтін аудандар болған жоқ. Барлық аудан мектептері белсенділік танытты.  Әсіресе, Атырау қаласы, Махамбет, Құрманғазы аудандарының оқушылары барлық пәндік олимпиада бойынша түгел қатысты, – дейді Роза Меллятқызы.

Облыстық олимпиададан ең көп ұпай жинағандар ағымдағы жылдың көктемінде өтетін республикалық олимпиадаға қатысады. 

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз