БЕС ҒАСЫР ЖӘНЕ ЖИЫРМА ЖЫЛ

Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан бері, міне, жиырма екі жыл. Тарих ауқымында алғанда, бұл қас-қағым сәт қана уақыт жиынтығы. Ал, мұндай уақыттың ішінде мемлекеттік дамудың сапалық жағынан жаңа үлгісін қалыптастыру біршама қиын. Тегінде, баяулық қоғамдық процестер табиғатының өзіне тән, өйткені, саяси және экономикалық құрылыстың, қоғамдық құндылықтардың, өмірлік мұраттардың алмасуы ондаған жылдарға созылады. 

АТА-БАБА АРМАНЫ
ЕДІ БҰЛ

Алайда, осынау жиырма екі жыл – бұрынғы бірқалыпты тіршіліктің талай жылдарына татитын оқиғаларды бойына жинақтаған уақыт болды. Мемлекеттің ішкі саяси тұрақтылығы, халықаралық қауымдастықтың тануы мен қолдауы нәтижесінде, экономикалық, әлеуметтік қайшылықтарға қарамастан, Қазақстан мемлекеті өз тәуелсіздігін мықтап бекіте алды. Осылайша, тәуелсіздік туралы Декларация, мемлекеттік дербестік туралы заң, республиканың жаңа Конституциясы, көптеген мемлекеттік маңызды құжаттар қабылданды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік аренада және БҰҰ шеңберінде жүргізіп отырған белсенді сыртқы саясаты объективті түрде халықаралық дәрежемізді нығайтуда. Ал, Президентіміздің 1997 жылғы «Қазақстан -2030 даму стратегиясы» тәуелсіздік тұғырын биіктете түсуді көздейтін халқымыздың өсіп-өркендеуін, қауіпсіздігін және әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама ретінде тәуелсіз еліміздің одан әрі кемелдене дамуына деген сенімімізді арттыра түсті. Болашақта дамудың бағытын анықтауда қазақ халқының мемлекеттігінің тарихи тәжірибесі, Қазақстанның саяси тарихын таразылау ерекше маңызды. Бұл тек қана қазақстандық ұлтжандылықты тәрбиелеу үшін ғана емес, қазіргі тәуелсіздігіміздің келбеті мен мазмұнын дұрыс түсініп, республикамыздың болашағын анықтауда да маңызды.

ТҮРІК ҚАҒАНДЫҒЫНАН ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА ДЕЙІН

Дербес Қазақ мемлекетінің даму эволюциясын тарихи таразыласақ, республика атын иеленген халықтың тәуелсіздік жолындағы ұзақ та қиын жолын көзімізге елестетеміз. 6-12 ғасырлардағы ерте Түрік қағандығы, Қарлұқ, Қимақ, Қыпшақ, Оғыз мемлекеттері тарихымызда ұлттық-мемлекеттік шекарамыздың негізін қалыптастырған алғашқы егеменді елдер еді. 13-15 ғасырларда Қазақ даласында билік жүргізген Моңғол, Алтын Орда, Темір мемлекеттері тәуелсіздікке ұмтылған халқымыздың еркіндік рухын жасыта алмады. 1465 жылы Моғолстан мемлекеті билеушісі Есенбұғаның келісімімен Шу өзені мен Қозыбас аймағына (Жетісу өңірі) қоныс тепкен Жошының ұрпағы Ақ орданың ханы Орыс ханның немересі Керей мен Жәнібек сұлтандар тәуелсіз қазақ хандығының негізін қалады. 1465 жылы қазақ хандығының халық саны 200 мың адамға жетіп, алғашқы қазақ ханы Керейден кейінгі ел билеген Жәнібек, Бұрындық хандар кезінде мемлекет шекарасы Сыр бойына, Арал теңізіне дейін созылды. 1511-18 жылдары ел басқарған Жәнібектің ұлы Қасым ханның кезінде халық саны 1 миллион адамнан асып, ел шекарасы Еділге дейін созылды. Мемлекеттің астанасы Жайық бойындағы Сарайшық қаласында орналасты. Бұдан кейін тарихта «аласапыранды» атауымен енген 1538 жылғы Хақназар билігіне дейінгі кезеңде қазақ хандығы бірнеше ұсақ хандыққа бөлінгенмен, халықтың ертеңгі күнге деген сенімі өшпеді. Хақназар, Шығай, Тәуекел, Есім хандар билігі кезінде қазақ мемлекеті 1538-1628 жылдары шекарасын Сыр бойы қалаларымен, Орта Азия иеліктерімен кеңейтті. 1628-1726 жылдары хандық құрған Жәңгір, Тәуке, Батыр биліктері кезінде халқымыз тәуелсіздік үшін Жоңғар мемлекетімен соғысты. Отан соғысы деген атқа ие бұл соғыста халқымыз өз дербестігін сақтап қалғанмен, 1731-1991 жылдары қазақ елі амалсыз Ресей империясының, кейін кеңестік жүйенің боданына айналды. Бұл кезеңнің хандары Әбілхайыр жоңғар шапқыншылығында ұйымдастырушылық қабілетімен халық жадында сақталса, Абылай хан екі алып держава Ресей мен Қытай арасында айлакерлікпен дербестікті сақтай білді. Қазақ сахарасындағы Жошы әулетінің соңғы билеушісі Кенесары хан тәуелсіздік үшін Ресей мен Орта Азия хандықтарымен арпалыса жүріп мерт болды.

АЛАШОРДА ЖӘНЕ
ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ

Ресей империясы бодандығы ауыртпалығын арқалаған халқымыздың тәуелсіздік аңсаған асқақ арманы әрқашан биік болды. Халық рухы мұқалмады. XX ғасырдың бас кезінде отарлық және феодалдық езгінің қыспағына түскен қазақ қоғамын ауыр қоғамдық дағдарыстан шығарып, басқа елдермен бірге өзіне лайық жол табу міндеті тұрды. Оны жүзеге асыруды ғасыр басындағы дербес әлеуметтік-саяси күш ұлттық интеллегенцияның алғашқы буыны өз мойнына алды. Тәуелсіз қазақ мемлекетін құру идеясын алаш зиялыларының ұлттық бағдарламасы белгілі дәрежеде қазақ жұртына большевиктер ұсынған кеңестік даму жолымен бір мезгілде өмірге келген балама, өркендеу жолы болатын. 1780-1870 жылдары Сырым, Исатай, Жанқожа, Есет, Досан батырлар бастаған ұлт-азаттық күресті терең зерттеген зиялылар XX ғасыр басындағы елдегі жағдайды терең таразылап жаңа заманда тәуелсіздікке бірлік пен білім арқылы жетуді ойлады. Сол тарихи кезеңде қоғам терең дағдарыстан өркениетті жолға шығу үшін тарихи тәжірибе көрсетіп бергендей, большевиктер ұсынған жолдан алаштық интеллегенция ұсынған жол анағұрлым тиімді және азабы кем еді. Өйткені, қазақ зиялылары ұсынған балама жол қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өзгеше жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді. Ең негізгісі, бұл жол қазақ еліне өзін-өзі билеуге, сөйтіп, өзінің ішкі қоғамдық мәселелерін өзі шешуге, өз жеріне өзі ие болуға мүмкіндік беретін жол еді. Әрине, мәселенің осылайша шешілуі қазақ қоғамы үшін сол даму сатысындағы барлық маңызды мәселелерді түгелдей жойылуы дегенді білдірмейтіні түсінікті. Бірақ, шынайы ұлттық мемлекеттің орнауы ғана ол үшін өркениетті дамудың алғышарты болатын. Қазақ демократиялық интеллигенциясы қазақ еліне өркениетті қоғамдық даму бағдарламасын ұсына отырып, өздері атқарып отырған істің тарихи мәнін жақсы түсінді. Әлихан Бөкейханов 1917 жылдың жазында жазған мақаласында ‘‘кейінгі үрім – бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар’’, – деп жазды.
Бірақ, қазақ елі 1917 жылы олар ұсынған жолға түсе алған жоқ. Ал, большевиктер партиясы ұсынған даму жолы қазақ елі үшін азабы мол жол болды. Ол үшін қазақ демократиялық интеллигенциясының 1917 жылғы ұлттық мемлекет құру әрекетінің сәтсіз аяқталғандығы бізге одан тиісті қорытынды жасауға кедергі бола алмайды. Ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ұлттық мемлекет құруға бағытталған әрекеті сол кездегі өмір талабынан туындаған бірден-бір тура шешім болатын. 1917 жылғы желтоқсанда өткен жалпықазақ сьезі сыйлаған Алашорда үкіметі ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы экономикалық, әлеуметтік және рухани мәселелерді қазақ демократиялық интеллигенциясы тарапынан терең ұғыну және оларды ұлттық мүдде тұрғысынан шешу үшін күрес арқасында өмірге келген тұңғыш ұлттық үкімет болатын. Қазақ қоғамы мәселелерін терең және тура түсініп, оларды сол тарихи жағдайда шеше алу мүмкіндігі жағынан ол кезде Алашордаға балама үкімет жоқ еді. Сонымен бірге, Алашорда өткен жолда қандай демократиялық ұрандарды көтергенімен, бірақ ұлтаралық қатынаста, ұлттық мәселелерге келгенде империялық мүдделерден асып кете алмаған саяси билік жағдайында ұлттық автономия мен өзін-өзі басқару мұратының іске аспайтындығының көрінісі болды. Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тәжірибесі көрсетіп берген негізгі тұжырым осы еді. Сондай-ақ, бұл қозғалыс берген сабақ, ұлттық бостандық пен тәуелсіздік жалғыз ұлт зиялыларының күресі арқасында емес, жалпы ұлттық, барлық әлеуметтік күштердің мақсаты үшін ұйымдасқан саналы күресі нәтижесінде келетіндігі еді. 20-ғасыр қазақ халқына аса ауыр қиын кезеңдерді – 1918-20 азаматтық қарсылық кезеңін, 1930 жылдардағы аштық пен зұлматты, 1941-45 жылдардағы соғыс өртін таңғанымен, қазақтың өршіл табиғи рухы азаттыққа ұмтылысын тоқтатпады.

АЗАТТЫҚТЫҢ
АҚ ТАҢЫ

1990 жылдарындағы негізгі қоғамдық-саяси даму Қазақстанның дербес, тәуелсіз дамуына еркін жол ашты. 1980 жылдардың аяғында-ақ, кеңестік жүйе ыдырап, тарих кеңістігіне тәуелсіз жас мемлекеттер шыға бастады. Қазақстандық тәуелсіздік үшін күрестің шырқау шегі болған, ол 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы еді. Кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе аяусыз таптаған қозғалыс өзінің өміршеңдігін көрсетті. Желтоқсанның ызғарлы күндері қазақ жастарының, зиялы қауымының ұлт-азаттық идеясын барша әлемге таратып, кеңестік жүйені қалтыратты. Қоғамдық өмірдегі зор оқиға, дербестік идеясы 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан да айқын байқалды. 1990 жылы Қазақстан өзге республикалар сияқты тәуелсіздіктің сара жолына түсті. 1990 жылы 24 сәуірде Республиканың Жоғарғы Кеңесі Президент лауазымын бекітіп, оған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. 1990 жылы 25 қазанда Республика Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны, 1991 жылы 16 желтоқсанда мемлекеттік тәуелсіздік туралы заңды қабылдады. Тәуелсіздік лебімен қоғамдық өмір де жаңару, демократиялану даңғылына түсті. Содан бері, міне, 22 жыл уақыт өтті. «Біздің тәуелсіздігіміздің, кез келген мемлекеттік тәуелсіздіктің қалыптасу тарихы дегеніміз, бұл тек қана қоғамдық-саяси қайта құрудың тарихы емес, бұл өмірлік құндылықтардың, өмірдің өз мәнін қайта парақтау тарихы, танысу тарихы» – деген ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірі, тәуелсіз өмір сүрген жылдарға берілген мәні зор баға.
Сайын сахарада іргелі ел болып, етек-жеңімізді жиып, экономикалық-әлеуметтік жағынан дамуымызға өз қал-қадірінше септігін тигізген қоғам қайраткерлері қаншама?! Оларды сонау Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандарымыздан бастап, бүгінде қоғамда ірі-ірі ізгі істерімен көзге түсіп жүрген азаматтарымызға дейін тізіп шығуға болады. Елді біртұтас етіп біріктіру де, қоғамды даңғыл жолға салу да елін, жерін сүйген тұлғалар арқасы екеніне тарих куә.

Лесқали БЕРДІҒОЖИН,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз