БЕКБИКЕ – ӨЛКЕ ТАРИХЫНДА ОРНЫ БАР ЕСКЕРТКІШ

Бекбике - Мақат ауданындағы ең ірі археологиялық ескерткіш орны болып табылады. Ол №471 темір жол бекеті мен Доссор-Құлсары тас жолының бойындағы шағын аумақта жатыр.

Құм шағылдар басып кеткен төбешіктерде неолит-энеолит (жаңа тас және мыс тас) дәуірлерінде өмір сүрген адамдардың тұрақтары ашылып, олардан әртүрлі шақпақ тастан жасалған жебенің оқтары, екі жақты тегіс ретушті қырғыштардың сан алуан түрлері, бір жүзді пышақ дайындауға арналған пластиналар, істіктер, бұрғылар, т.б. құралдар табылған.

Қыш ыдыстардың табылған сынықтарына қарағанда олардың түрлері жұмыртқаға ұқсас, ернеуі кең, ал беттері толық әртүрлі геометриялық оюлармен әшекейленгені аңғарылады. Табылған заттардың мұнда б.з.б. ІV-ІІІ және ІІ мыңжылдықтың басында өмір сүрген халықтардың мал өсіріп, аң аулаумен шұғылданғанын және көршілес Маңғыстау, Үстірт, сондай-ақ Еділ-Жайық өңіріндегі өзі тектес мәдени орталықтармен тығыз байланыста болғанынан мәлімет береді. 
Қазір бұл жердің халқы түгелімен Атырау қаласына қоныс тепкенімен де, туған жеріне, ата-бабаларының рухына тәу етіп, келіп тұрады.
Сол сияқты Ғалым Әріптің «Қаламқас» шығармасында мынадай жолдары бар: «Тінейдің Тәңірберген батыры да осы бір Бозашы түбегіне сонау Үстірттен Маната арқылы төте жол тартып, дұшпанға дес бермеген, аты шыққан азулы батырлардың ішінде өзіндік айбары, кесек кескін-келбетімен шоқтығы биіктігін байқатты. Заманында ата жауға айналған қалмақты шауып, жеңгеннен кейін, олжаға түскен олардың Бекбике падишасын ақ биенің сүтіне шомылдырып, қатындыққа алатын еңсегей бойлы ер Тәңірберген осы. Сонау Мақаттың маңындағы Бекбике стансасы осы қалмақ қызы Тіней әулеті бір анасының есімін иеленіп қалуы да көп сырдың ұштығын аңғартады. Сол Бекбике сұлудан тараған ұрпақтары Маңғыстауда қазір де баршылық».
Таяуда ғана Бекбике сұлудан тараған ұрпақтары бас қосып, Бекбике ауылының бұрынғы орнына зиярат етіп, «осы жерде анамыз қалған екен» деген деректерін алға тартып, сұлу атына мазар тұрғызуды ойластыра келіпті. Көп кешікпей ол жерге Маңғыстау жерінің тас мүсіншілері келіп, іске де кірісіп кетті.
Шежіре – халқымызды туысқандыққа, бауырмалдылыққа, ағайын-жекжат арасында достыққа, сыйластыққа бағыттайтын асыл мұра. Ұлтымыздың бір-бірінен ешқандай бөтендігі жоқ, «сұраса келе, қарын бөле шығар», «қарға тамырлы» екі қазақ жөн сұраса кетсе, ағайынды, туыс, құда-жекжат, жиен, т.б. болып шыға келеді.
Қазақ халқы да басқа халықтардай ақылға кенде болмаған. Өмір құбылыстарын көзімен көріп, өлшеп, парасат безбені арқылы парқын ажыратқан. Әрине, шежірені түгел зерттеліп болды деп айту қиын. Сондықтан тарихымызға үңіліп, өткен тарихымызды білу – әрбір көзі ашық, көңілі ояу жанның міндеті.
Адайдан екі бала- Құдайке, Келімберді тараған болса, Құдайкеден Тәзіке, Қосай тарайды. Қосайдан Байбол, Тіней, Бәли, Сүйіндік немесе Жаманадай, Өтей, Бегей тараса, осы Тіней ұрпағынан Арық, Таңат, ал, Арықтан –Тәңірберген батыр, Құдайберген өреді. Бұл жөнінде Әбу Атшыбаевтың «Кіші жүздің шежіресі» кітабының 63-65 беттерінде жазылған.
Сол Тәңірберген батыр қалмақпен ұрыс барысында Бекбике атты сұлуды таңдап алады да, оны ақ биенің сүтіне шомылдырып, өзіне әйел етеді. Міне, ауданымыздың территориясында орналасқан мұнай өндіру учаскесі сол Бекбике сұлу атымен атал- ған деген дерек бар.
– Бекбике сұлудан тараған ұрпағы жиылып, біздерге, сәулетшілерге тапсырыс берді. Енді міне, біз де айға жуық уақыт ішінде осы мазарды тұрғызу жұмысына кірісіп кеттік,-дейді шежіреші қарт Көпбол Демесінов.

Гүлзада САЛИКОВА.
Сурет автордікі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз