Батыс Қазақстан облысы: ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІР

Батыс Қазақстан облысы - еліміздің солтүстік батысында орналасқан аймақ. Ол шығысында Ақтөбе, оңтүстігінде Атырау, батысында Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград, солтүстік батысында Саратов, Самара, солтүстігінде Орынбор облыстарымен шектеседі. Орталығы – Орал қаласы.

Биыл құрылғанына 82 жыл толып отырған бұл облыстың жер аумағы 151,3 мың шаршы шақырымды, тұрғындарының саны (1999 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша) 617,6 мың адамды құрайды. Әкімшілік-аумақтық құрылымына келсек, Батыс Қазақстан облысы 12 аудан, 2 қала, 4 кенттік және 155 ауылдық округтен тұрады.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АЛҒА БАСҚАН…
Облыс экономикасында ауыл шаруашылығы өнді-рісінің үлес салмағы басым болып келеді. Мұнда астық егу, жайылымдық мал шаруашылығы, етті-сүтті мүйізді ірі қара өсіру өте жақсы дамыған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 13,9 млн.гектарды құраса, оның дені, немесе 8,2 млн. гектары жайылымдық мақсаттағы жер болып есептелінеді. Қалғаны шабындық, астық алқаптарының, сондай-ақ картоп, көкөніс-бақша, мал азықтық дақылдарының еншісіне тиесілі. Облыстағы агроөнеркәсіп кешеніне қамтылған өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтарының саны 2497-ні құрайды. Жеке шаруашылықтарды қоса алғандағы мал саны мүйізді ірі қарадан 444 мың, қой-ешкіден 904 мың, жылқыдан 94 мың және түйеден 3,9 мың бас болып отыр.
Агроөнеркәсібі кешенді даму үстіндегі аймақта ұсақ шаруашылықтардың басын біріктіріп, күш-мүмкіндіктерін жұмылдыру үшін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және оларды дамытуға бағыт ұсталынуда. Бұл мақсатта «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ арқылы құны 450 млн.теңгені немесе 3 млн. АҚШ долларын құрайтын жобаны қаржыландыру жоспарланған.
Бұдан бөлек, өңір нарығында жетекші позицияны иеленуі ықтимал, бройлер етін өндіру жөніндегі жоғары технологиялы, соған сай рентабельділігі де жоғары кәсіпорын – құс фабрикасын салу жобасы қарастырылған. Оның құны 3,544 млрд. теңгені немесе 23,6 млн. АҚШ долларын құрайды. Аталған жобаның бастамашысы «Жайық құс» ЖШС болып табылады.
Сол сияқты облыста жылыжай шаруашылығын өркендетуге де баса көңіл бөлінген. Осы тұрғыда жергілікті тұрғындарды, қала берді, көршілес өңірлердің халқын жыл бойына сапалы көкөніс дақылдарымен және өнімдерімен қамтамасыз етіп тұру үшін гидропондық әдіспен, шағын көлемді технологияның көмегімен баптап-күтілетін жылыжайлар құрылысына 4,33 млрд.теңге немесе 5 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлу ойластырылған.

ӨНЕРКӘСІБІ ӨРІСІН КЕҢГЕ ЖАЙҒАН…
Өңір экономикасының негізгі және жетекші салаларының бірі – өнеркәсіп болып табылады. Әсіресе, мұнай-газ өндіру, металл өңдеу және машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсібі, құрылыс материалдарын шығару, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу, тұрмыстық қызмет көрсету техникаларын құрастыру, т.б. салалар жақсы дамыған.
Мұндағы ірі өндірістік кәсіпорындардың қатарында «Қарашығанақ» газ-конденсат комбинатын, «Металлист», «Зенит», «Металл өңдеу», «Омега» зауыттарын, жеңіл және тамақ өнеркәсібінде «Надежда» тігін-тоқыма, былғары аяқ киім, аң терісін өңдеу, балық, нан комбинаттарын, т.с.с. атаған жөн.
Осылардың арасында «Орал-Зенит зауыты», «Орал-Металлист зауыты» ААҚ-дары, сол секілді «Омега», «Гидроприбор» ҒЗИ-ның, Орал арматура зауытының өнеркәсіптік өнімдер мен тауарлар дайындап шығару бойынша алар орны айрықша, үлес салмағы басым. Уақыт талабына сай кең сұранысқа ие болып отырған бұл кәсіпорындардың өнімдерін өз еліміз ғана емес, ТМД-ға мүше мемлекеттер де тұтынады.
Тілге тиек етуге тұрарлық және бір жайт, осындағы Қарашығанақ кенішінде өндірілетін газ шикізатының базасында мұнай-химия өндірісін дамыту көзделген. Бұл бағыттағы жобалау жұмыстарының бастапқы кезеңдері жүзеге асырылып та үлгерілген.

ҚҰРЫЛЫС ИНДУСТРИЯСЫНДА ҚАРҚЫН БАР
Аймақта құрылыс индустриясы да ерекше қарқын алған. Бұл орайда «Орал құрылыс материалдары өндірістік комбинаты», «Орал әк зауыты», «Орал силикатты кірпіш зауыты» акционерлік қоғамдарын алдымен ауызға алуға болар еді. «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бастамашылдығымен Теректі ауданындағы Ақсуат кенішінен цемент зауыты, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдеу кешені, минералды мақта мен сэндвич панельдер зауыты сияқты нысандардың құрылыстарын жүргізу ағымдағы және алдағы жылдардың жоспарына енгізілген.
Тағы бір жағымды жаңалық, «Гидромаш Орион» компаниясының бастамасымен Орал қаласында авиация мен энергетика салаларының қажеті үшін газотурбиналық машина жасаудың технологиялық сервистік орталығын ұйымдастыру ұйғарылған.

Дайындаған
Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз