Бәріңе! Бәріңе! Бәріңе! «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…» Белгілі журналист, ақын Жұмабай Төлегеновті еске алуға арналған мүшәйраның ЕРЕЖЕСІ

 «Атырау-Ақпарат» ЖШС және «Атырау» газеті редакциясының ұйымдастыруымен Баспасөз және ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, жас талантты ақындарды тану, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…» атты жазба ақындар мүшәйрасы өткізіледі.

ЖЫР ДОДАСЫ ЕКІ КЕЗЕҢНЕН ТҰРАДЫ:

1. Жұмабай Төлегеновті еске алуға арналған жазба ақындар байқауының іріктеу кезеңі 2016 жылғы маусым айының 20-сына дейін жүргізілмек.
Мүшәйраға қатысушы үміткерлер А-4 форматында, 12 кегльмен терілген, еркін тақырыпқа жазылған үш өлеңін облыстық «Атырау» газетінің электронды поштасына жолдауы тиіс. Газеттің э-поштасы: atyrau_gazeti@mail.ru.
2. Іріктеу кезеңінен өткен үміткерлер 2016 жылғы 22 маусымда өтетін журналист, ақын Жұмабай Төлегеновті еске алуға арналған мүшәйраға қатысады. Сараптау алқасының берген тақырыбы бойынша сол бойда өлең шығарып, импровизациялық мүмкіндігін дәлелдейді.
Аламанға облысымыз аумағында тұратын барлық азаматтар қатыса алады. Жас мөлшеріне шектеу қойылмайды. 2016 жылғы маусымның 20-сына дейін өлең жолдамаған үміткер байқауға қатыса алмайды.

САЙЫСТЫҢ ШАРТТАРЫ:

Қатысушы талапкерлерден төмендегі құжаттар қабылданады:
• Шығармашылық өмірбаяны, бұрын жарияланбаған үш өлеңінің электронды нұсқасы;
• Түрлі-түсті 9х15 көлемдегі фотосуреті, жеке куәлігінің көшірмесін жіберуі тиіс.
Қатысушылардың өлең-жырларын сараптау комиссиясы қарайды, талапқа сай емес өлеңдер байқауға қатыстырылмайды.

ЕСКЕРТУ:

Қатысушы үміткерлердің өнерін арнайы құрылған сараптау тобы бағалап, төмендегідей маңызына назар аударады:
* өлең-жырларындағы сөз қолданысына, ұйқасына, ой жүйелілігі мен тереңдігіне, көркемдік ерекшелігіне;
* мүшәйраға қатысушылардың белгілі бір тақырыпқа суырыпсалма ақындығына; (Тақырыпты сараптаушы қазылар алқасы ұсынады).
* шығармаларын жатқа және мәнерлеп оқу шеберлігіне;
* тіл тазалығына, сахна мәдениетіне.
Байқау жеңімпаздары «Атырау-Ақпарат» ЖШС мен облыстық «Атырау» газетінің арнайы жүлдесімен, дипломымен марапатталады.
Байқауға қатысушылардың жол шығыны қатысушы жақ есебінен болатынын қаперге беріледі. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз