АС ІШІП, АЯҚ БОСАТАТЫН ЖЕР ЕМЕС

Мен газет-журнал десе, ішкен асымды жерге қоятын адаммын. Оның үстіне шығып келе жатқанына ғасырға жуық уақыт болған бірден-бір беткеұстар басылымымыз «Атырауды» шындықты жазатын газет деп бағалаймын. Оны бізден бұрынғы аға-әпкелеріміз де, әке-шешелеріміз де, ата-әжелеріміз де оқыған.

Рас, қазір бәрі бар, іздегеніңді қиналмай табатын кез. Басқаша айтқанда, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман. Ауқатты, тұрмыс дәрежесі жоғары адамдар садақаларын да тоймен бірдей етіп өткізеді. Бұл үшін оларды сөге жамандауға болмайтын болар. Менің айтайын дегенім: адамға адамның дос, бауыр, туыс екені осындай қиын сәтте көрініс табады. Ол мейлі, ақыл-кеңес айту ма, азғантай қаражатпен жәрдемдесу ме, болмаса шақырусыз қонақты қайда орналастырарын білмей, абдырап жатқан қаралы отбасына үйіңді босатып беру ме – әйтеуір, қандайма болмасын көмек көрсету. Мұнан кейін «Ағайынды бата айырады» демекші, қаншама қауырт жұмысың болса да, қандай шалғай жерде тұрса да, кісісі өлген қимасыңның үйіне барып, бата оқуың керек. Кейде аралас-құралас жүрген адамдардың арасында «кіріп-шығуға мұршам болмай жүр…» деген желеумен уақыт оздырып жүре беретіндер болады.

Біраз садақада болып жүргенімде байқағаным – көңіл айту үшін келген жамағаттың арасында қарын тойғызу үшін келгендей тым ерсі көрінетіндері бар. Олар жан-жағына дарақылана қарап, кейде орынсыз әзіл айтып, жұрттың назарын еріксіз өзіне аударып отырады. Тіпті, төрден есікке қарай дауыстап: «Шайларың суып кетіпті, ысытып әкелсеңдерші!», «Сорпа ауыз күйдіріп барады ғой!» – дейтіндер де жоқ емес. Бұл – той емес, садақа. Садақаға адам тоя тамақ жеу үшін емес, қимасынан, аяулысынан айырылып отырған жандарға көңіл білдіріп, қолтығынан демеу үшін барады. Сондықтан, мүмкін болса, дастарханда ұзақ отырмаған жөн.

Осы мақаладан біз алдағы уақытта мешіт жанынан садақа өткізетін арнайы орын ашылатыны жайлы білдік. Өте құптарлық жай. Тек «сол орынның бағасы қандай болады, оны кез келген шаңырақтың жалға алуына қаржылық жағдайы көтере ме, садақа өткізуге кезек көп болып, көпшілік абдырап қалмай ма?» деген ой да қылаң бермей қоймайды. Пенде болған соң өмірден өтіп жатқан кісінің көзі тірісінде жасаған түрлі қателіктері болуы мүмкін. Садақаларда өмірден озған жанның сондай көлеңкелі жайттарынан гөрі жақсылықтары көптеп сөз болса, кейін  қалған ұрпағына рухани демеу болар еді деп ойлаймын. 

Қалиса ҚУАНЫШЕВА,
«Күміс алқалы» ана,
Атырау қаласы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз