АРТЫНДА ӨШПЕС ІЗ ҚАЛҒАН

Дана халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген тәмсіл бар. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған соғыс және еңбек ардагері Қамза Қаратаев – азаматтық істерімен ел есінде сақталып қалған осындай тұлғалардың бірі.

 СЫН САҒАТТА

«Мен замандасым Қамзаның есімін мақтанышпен еске аламын. Өйткені, ол – саналы ғұмырын елінің бүгіні мен ертеңіне арнаған ақжүрек азамат. Ол Отан алдындағы антына адал болған офицер, қанқұйлы соғыста жауға қарсы ерлікпен күрескен жолбарыс жүректі жауынгер. Қамза өңірдегі балық шаруашылығының дамуына да үлкен үлес қосты. Артында тек жақсы аты қалған осындай нар азаматпен кезінде бірге дәм татып, пікірлес болғаныма ризамын. Оның бойынан қашанда нағыз қазақ жігітіне тән азаматтықтың, парасаттылықтың лебі есіп тұратын. Біз оны биік парасаты үшін ерекше құрметтейтінбіз» деп тебірене еске алды бізбен әңгімесінде марқұмның замандасы Балықшы аймақтық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Әлібек Түсібәліұлы.
Замандастары «биік парасат иесі» деп бағалаған Қамза Қаратаев кезіндегі Новобогат ауданы, Жамбыл ауылдық кеңесінің Дуаберген елді мекенінде 1918 жылдың ақпан айында дүниеге келген. Сегіз жылдық мектепті ойдағыдай тәмамдаған жеткіншек Гурьев қаласындағы балық өнеркәсібі техникумына оқуға түсіп, техник-технолог мамандығын алып шығады. Қамза Қаратаев бірден Балқаш балық комбинатына жолдама алады. «Бірақ, жас маман әп дегеннен жұмысқа кірісе алмады. Отан алдындағы борышын өтеу үшін ол Ленинград облысына шақырылды. Қамза бір емес, екі соғысты қатар көрген адам. Әскери міндетін өтеп жүрген кезі Кеңес Одағының Финляндиямен арадағы соғысына сәйкес келді. Осылайша, ол фин соғысына 43-ші ауыр артиллерия полкінің радио бөлімінің командирі болып қатысты» дейді замандасы Әлібек Түсібәліұлы.
Қамза Қаратаев әлем тарихына ең қанқұйлы соғыс ретінде енген екінші дүниежүзілік соғысқа да қатынасты. 1941-43 жылдары Калинин майданы, 1944-45 жылдары І Украина майданы құрамында ұрыс даласында болған ол төртінші артиллерия дивизионының 168-ші жеңіл артиллерия бригадасының дивизион парторгі қызметін атқарды. Жеңісті Германияның Берлин қаласында қарсы алады. Бір миллион екі жүз мыңға тарта қазақстандық жан беріп, жан алысқан майдан даласындағы ерлігі үшін Қамза Қаратаев «Қызыл Жұлдыз» және Екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Совет Одағының маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен марапатталады.
«Біз Отан үшін, ұрпағымыздың бақытты болашағы үшін күрестік. Талай айуандықты, жазалауды көрдік. Енді қантөгіс болмасын. Ұрпағымыз соғысты көрмесін» дегенді ағамыз жиі айтып отырушы еді дейді кейіпкеріміздің көзін көрген зейнеткер ұстаз Ғилым Меңдіғалиев. Оның айтуынша, бейбіт жылдары да Қамза аға ел экономикасын қалпына келтіру жолында үлкен еңбек сіңірген. «Әр жылдары Қамза аға Гурьев облыстық партия комитетінің өндіріс бөлімінің нұсқаушысы, Орынбор темір жолына қарасты Гурьев темір жол бөлімшесі жұмысшылар жабдықтау бөлімі бастығының орынбасары, Теңіз ауданы Жамбыл колхозының төрағасы сынды қызметтерді абыроймен атқарды. Ең бастысы, ағамыз қандай жоғары лауазымдарды арқалап жүрсе де адамгершілік қасиетінен айырылған жоқ» дейді Ғилым Меңдіғалиев.

ҚАЙНАҒАН ЕҢБЕК

Былайғы жұрт Қамза Қаратаевты балық шаруашылығы саласына еңбек сіңірген өндіріс адамы ретінде де жақсы біледі. Ол Гурьев балық-консерв комбинатының Дамбы мұз дайындау пунктінің меңгерушісі қызметінде жүріп, құрметті зейнет демалысына шыққан еді. Бұл жетпісінші жылдар болатын. Осы кездері Қамза ағамен әріптес болған Әлиев Қайыржанмен бір ауыз пікірлескен едік. «Ол әсіресе жас буын үшін қамқоршы, ақылшы тұлға болды. Бізге аға орнына аға, әке орнына әке болды десем артық айтқандық емес. Соғысты көрген Қамза аға жұмыста талапшыл болғанымен, қиын сәттерде жұмысшыларының жанынан табылушы еді. Кәдімгідей жолбасшы болған тұлға еді ғой» деп тебіренді пікірлесіміз.
«Жетпісінші жылдары облысымызға аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев жұмыс сапарымен келген болатын. Іс басындағы адамдардың уақыты тығыз болатыны белгілі. Атырауға келісімен ол көп созбай тікұшақпен Индерге ұшып кетті. Біз ауданға катермен жеттік. Сол кезде Қамза Қаратаев балық саласында басшылық қызметте болған еді. Дінмұхаммед Қонаев одан жұмыс жайын сұрағанда Қамза аға барлық мәселелерді бүге-шігесіне дейін ашық айтып берді. Жетпісінші жылдар облыстағы балық шаруашылығы саласының дүркіреп тұрған кезі еді. Ауланатын қызыл балықтың көрсеткіші маусымында 120-130 мың центнерге дейін жететін. Уылдырық көлемі мыңдаған тоннаға жетті. Бұл саланың осындай жоғары көрсеткіштерді бағындыруына Қамза ағамыз зор күш жұмсады деп айта аламын. Өйткені, ол өндіріс басында жиырма төрт сағат бойына жүре беретін. Еш шаршауды білмейтін нар тұлғалы азамат еді ғой» деп еске алады әріптесі Қайыржан Әлиев.

ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ…

Еліміздің қоғамдық-саяси дамуы жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Қамза Қаратаев – бақытты адам. Өйткені, ол көркіне ақылы сай Қарашаштай жұбайымен отау тігіп, ұрпақ тәрбиеледі. Екі ұл, төрт қыз өсіріп, ұрпақтар жалғастығын да ұмыт қалдырған жоқ. Жұбайы Қарашаш Аюпова – география, биология пәндерінің жілігін шағып, майын ішкен мұғалім. Саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеуге арнаған адам. «Қарашаш апамыз еңбекқор, іскер адам еді. Орнымен сөйлейтін, ұжымында өте сыйлы тұлға болды. Қамза ағамыз да орнықты, парасатты азамат еді. Былайғы жұрт олардың өміріне, береке-бірлігі, ынтымағы жарасқан шаңырағына қызыға қарайтын. Бір-біріне үлгі ететін» деп тебіренеді ізінен ерген інілері.
Жақында облысқа қарасты Дамбы селолық округінің ардагерлер кеңесі өмір жолы өнегеге толы соғыс және еңбек ардагері Қамза Қаратаевтың атына көше беру туралы мәселе көтерді. Тиісті орындарға ұсыныс та жолданды. «Елі үшін еңбек сіңірген тұлғалар арамызда өте көп. Олардың жүріп өткен жолы бүгінгі ұрпақ үшін өз алдына бір мектеп, үлгі болуы тиіс. Қамза – соғысты көрген, Отан үшін от кешкен адам. Оның отты жылдары, әсіресе жансыздардың жолын кесуде жасаған ерліктері – өз алдына бөлек тақырып. Бейбіт жылдары да облыс экономикасын көтеруге балық шаруашылығы саласын жандандыру арқылы көп еңбек сіңірді. Ендеше, мұндай тұлғалар насихатталуы тиіс» дейді ардагерлер.
Осындайда «Ер есімі – ел есінде» деген сөздің текке айтылмағанына тағы бір мәрте көз жеткізеді екенсіз. 1999 жылдың желтоқсанында өмірден өткен Қамза ағамыздың артында осындай өшпес ізі, тағылымы, саналы ұрпақтары қалды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Соғыс және еңбек ардагері Қамза Қаратаев екінші дүниежүзілік соғыс деген атаумен қалған қан майданнан оралған соң да өзіне биік талаптар қоя білді. Соғыс аяқталғаннан кейін елге келіп, халық шаруашылығына белсене араласты. Гурьев облыстық партия комитеті жанындағы екі жылдық кешкі марксизм-ленинизм университетінің тарих факультетін аяқтап шықты. Қоғамдық, бұқаралық шаралардың бел ортасында жүрген ол 1959 жылдың сәуірінде Халық шаруашылығы кеңесінің Гурьев экономикалық әкімшілігі және облыстық кәсіподақ кеңесінің Алғыс хатымен марапатталды. Кейін Қамза Қамиұлы селолық Кеңес депутаттығына да сайланды. Іргелі мәселелерді депутат мінберінен көтере білген ол Жамбыл колхозындағы білім, тәрбие орындарының өзекті мәселесінің оң шешілуіне ықпал еткені үшін республикалық мұғалімдер съезіне делегат болып та сайланды.
«Отанды сүю жүректен басталады. Ел басына күн туған сонау қиын-қыстау заманда біз Отанымыздың тұтастығы, еліміздің болашағы үшін күрестік. Отан үшін от кешкен талай боздақтарымыз қыршынынан қиылды. Осының барлығы бейбіт күн үшін азаматтарымыздың қандай да болсын көзсіз ерлікке дайын екендігін дәлелдесе керек.
Осындай жанқиярлық Жаратқан иеміздің қалауымен бізді жеңіске алып келді. Бұдан соң біз сұм соғыс қиратқан ел экономикасын көтеруге мейлінше атсалыстық. Демек, бүгінгі буын бейбіт өмірдің аға ұрпақтың өрелі өр істерінің арқасында келгенін түсінуі керек. Жас ұрпақ ел болашағының өз қолдарында екенін шын сезінсе екен» дегенді өсиет етіп қалдырған бірегей тұлға Қамза Қаратаев туралы бөліп айтар сыр осындай.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз