Қарттар үйі қара шаңырақ емес…

тағдыр 1 Қоғам

Қазақ қартына қашан да төрінен орын берген, аялаған, қамқорлаған. Алайда, тағдырдың жазуымен «жетім шал», «жетім кемпір» атанып, қарт-тар үйін паналап жүргендер де жоқ емес…

Айнадай болып сыпырылған аула. Жайқала өскен алуан гүлдер де мұндағы көңілсіздеу тірліктің бояуын сәл азайтуға тырысқандай. Есік алдындағы тізілген орындықтарға жайғасқан ата-әжелер өзара қауқылдасып, амандық-саулық сұрасуда. Бұл – қарттар үйіндегі күндегі тірліктің бір көрінісі ғана.

тағдыр

«Баласы  бар  қарттарды алмаймыз»

Халық арасында «қарттар үйі» аталып кеткен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын қазіргі таңда 99 адам мекен етеді. Алуан тағдыр иелерінің арқалаған мұңы ауыр. Бірі – өзегіне өкініш ұялатар өткенін айтудан бас  тартса, екіншісі «бүгініме шүкір» деп күрсінуден таймайды.

Бірінші қабатта қым-қуыт тірлік. Тазалықшылар еден жуып, ертеңгілік жұмыстарын жасаса, таяққа сүйенген ата-әжелерді таңертеңгі ауамен тыныстауға есік алдына жетелеген қызметкерлер қарасы да көп екен.

«Мұнда облыстың әр ауданынан келген адамдар бар. Мәселен, Атырау қаласының өзінен 72 адам болса, қалғандары – аудандардан» дейді мекеме басшысы Қилымқас Күзембаева жалпы ахуалмен таныстыра отырып. Аталған жандардың арасында қазақ ұлтының саны аз болса екен деген үмітпен осы мәселе жайында сұрап едік, «Интернатта молдован, татар, беларус, өзбек, украин, болгар, башқұрт ұлттарының өкілдері де бар, басым көпшілігі – қазақтар мен орыстар» дейді мекеме директоры.

Әдетте, жетім деген ауыр сөз. Ал, қартайған жанның жоқтаушысы жоқ болып, жетім атануы – тіптен ауыр екені сөзсіз. Қарттар үйі тұрғындарының басым көпшілігі – жетімдер, яғни, артында іздейтін адамы жоқ жандар. «Біздің ішкі талапқа сай, балалары бар адамды бұл жерге ала алмаймыз. Егер, қарттар үйіне тапсырар болса, заңды түрде әкесін, не шешесін баққаны үшін ақы төлеуі тиіс» дейді мекеме басшысы. Білгеніміздей, облыстық мекемеде қызметтің бұл түрін пайдаланып отырғандар мүлдем жоқ. Бірақ, аты-жөнін жария етуден қашып, ата-анасын осында өткізуге тырысқан бір-екі    телефон шалушылардың бар екеніне қанықтық.

Арқалаған  ауыр  жүк…

Қарттарға қажетті қызмет түрін көрсететін мамандар мекемеде жеткілікті. Басы ауырып, балтыры сыздай қалса, дер кезінде тиісті көмек көрсететін дәрігерлермен қатар, тағайындалған дәрі-дәрмекті уақытылы ішуін қадағалайтын медбикелердің орны бөлек. Сол секілді күнделікті ас мәзірін қадағалаушы, аспазшы, ыдыс жуушы, жеке күтімге жауапты қызметкерлер, тазалықшылармен қоса, мұнда шаштараз, массаж жасаушы, психолог, еңбек терапиясына баулушы, түрлі санаттағы санитарлар бар. Ал, барлық жасалуы тиіс жұмыстарды қадағалап, назарда ұстап отыратындар – әлеуметтік қызметкерлер.

Мекеменің әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Гүлшара Кенжеахметованың әр күні интернаттағы жандардың жағдайымен егжей-тегжейлі танысуынан басталады. «Өзіңіз де көріп отырғандай, біздің ұжым қызметкерлерінің жұмыстары мардымсыз болса,  интернат республика бойынша мейлінше үй жағдайына жақын мекеме ретінде аталмаған болар еді» дейді Гүлшара Мұқышқызы бізбен әңгімесінде. Расында да, осы сөздің шынайы белгісіндей болып, бірінші қабатта төсекке таңылып жатқан қариялардың қас-қабағына қарап, тазалық жұмыстарын жүргізіп, төсек-орындарын ауыстырып жатқан қызметкерлер біздің кіргенімізді де байқамастан міндетін атқарып жатты.

Керек-жарақпен толық қамтылған. Бөлмелердің көпшілігі – екі адамдық. «Орын ауыстырулар, көршімен келіспей қалу секілді мәселелер қалай шешіледі?» дейміз. «Әрине, өмір ғой, бәрі де болады. Бірде дос болып, бірде сәл нәрсеге ренжісіп қалу қарттарымызға жат қасиет емес. Өтініштерін ескеріп, орындарын ауыстырып жатамыз. Алайда, қартайған шақтарында көңіл жарастырып, бірге тұруды қалаған қарттарымыз да жоқ емес. Олар үшін сынақ мерзімін тағайындаймыз. Келісілген уақытта кикілжің туындамаса, заңды түрде некеге отырғызып, жұп болып отбасылық өмір кешулеріне жағдай жасаймыз» дейді мекеме басшысы. Ашық тұрған есіктердің бірінен дәл осындай жұптың шәй ішіп отырғанын көріп, мазаламауды жөн санадық.

«Бұл – біздің үйіміз. Десек те, бізге адамдармен араласу жетіспейді». Қарттар үйі тұрғындарынан көп естіген сөзіміз осы болды. «Ол – рас. Үлкен кісілердің бабын табу қиын екені белгілі. Бір-біріне балаша ренжіп, көңілдеріне алып қалатын жағдайлар да жиі кездеседі. Психолог маманмен сөйлестіріп, әңгімелерін тыңдауға талпынамыз» дейді әлеуметтік сала басшысы Г.Кенжеахметова.

Мәди Омаров:

Ел  қатарлы  тірлік  кешкім  келеді…

– Өзім алматылықпын. Әуелгі баста менде бәрі болды. Басымда пәтерім, сүйікті жарым, екі қызым. Ақтаудағы «Қаламқас» кен орнында аспазшы болдым. Солардың бәрі бір күнде отқа өртеніп кетті. Содан қатты күйзеліске түстім. Ойымнан кішкентай қыздарым кетер емес. Жұбанышты ащы судан таптым. Сол кезде ғана уайымым жеңілдейтін секілді еді.

Уақыт өте келе, бейімдеу орталығына барып, содан соң осында келдім. Әрине, бәрі көңілімнен шығады деп айта алмаймын. Өз қатарластарыммен көп араласпаймын, бөлмем де бір кісілік. Балық аулап, ауладағы ағаш-гүлдерді баптауға атсалысамын. Спортты серік етемін. Өмірімнің көбі кетіп, азы қалды. Мен тек     адамға тән өмір кешкім келеді…

Людмила Худина:

Мен  бақыттымын…

– Мен офицердің жесірімін. Ол қызмет бабында қаза тапқан сәтте  мына өмірде жалғыз қалғандай күн кештім. Екі қызыммен қалдым. Бір қызым Германияда тұрмыста. Екінші қызым маған үйімізді сатқызып, Ресейдің бір түкпіріне бірге тұруға шақырды. Ойланбастан, бардым. Бірақ, бәрі мен ойлағандай болмай, өз қызым өзімді өгейсітіп, ақыры олардан кетіп қалдым. Қазақтардай қонақжай, қазақ секілді мейірбан халықты көрген емеспін. Әрі бұл сөздерді өтірік жағыну үшін айтып отырғаным жоқ. Мен не үйім жоқ, не іздейтін адам жоқ екенін білсем де Атырауға келдім. Үлкен әжейді күтуші болып, жұмыс жасап жүрдім. Күндердің күнінде бейімдеу орталығына барып, кейін осында келдім. Келгеніме қатты қуанамын. Себебі, мен осы жерде бақыттың не екенін сездім. Сенесіз бе, менің бұрын дауысым да шықпаушы еді. Үнемі күйеуімнің тасасында, бір қадам кейін жүретінмін. Ал, қазір мен бәрімен «Қайырлы таң!» деп айқайлап амандасамын.

Артта қарттар үйі қалып барады. Құлағымда «Бұл – біздің үйіміз» деген қарттардың дауысы жаңғырады. Иә, тағдырдың адамдарды таңдамайтыны өкінішті-ақ. Тек бір тілек. Қарттар үйі қара шаңыраққа айналмаса екен…

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз