АРДА ТУҒАН АСЫЛ ЕР

Қазақты қалмақтан қорғаған Өтей батыр хақында
«Атырау» газетінде биылғы 18-ші шілде күні жарияланған «Біз батырларымызды әлі білмей жүрміз» атты мақаланы оқып, бейжай отыра алмадым. Онда Қызылқоға ауданы Қарабау іргесіндегі Сарыкөл маңында жерленген бабамыз Өтей батыр туралы жазылған еді.
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тарихымызды қайтадан жазу жайында бастама көтергені өткенімізді саралап, осындай ер тұлғалы бабаларымызды дәріптеп, олар туралы зерттеп-зерделеуімізге үлкен серпін беріп отыр.

Жұбан Молдағалиев айтпақшы, қазақ – мың өліп, мың тірілген халық. Ұлтымыздың басынан небір ауыр кезеңдер өтті. Елімізді жау да шапты, халық қолдан жасалған аштықтан қынадай қырылды. Қысқасын айтқанда, ата-бабаларымыз соғыстан көз ашпады. Жерімізді басып алу үшін жоңғарлар жағадан, қалмақтар етектен тартып жатты. Бір ғана қалмақтың өзі бірнеше топқа бөлініп, жан-жақтан шабуылдаған. Жетісу өңірінде Дарабоз (Қабанбай батыр) ақ қалмақтармен айқасса, Еділ бойынан құба-қалмақ деген тармағы шұрайлы жер, шөбі шүйгін, көк майсалы қоныс Қаракөл, Қаттыкөл, Мәдениет, Еркебай, Ақши өңірлеріндегі тұрғылықты халыққа бүйідей тиген. Атақоныстарынан қуып, халықты зар еңіреткен. Сол кезде өңірдің атқамінерлері, «30 офицер, 40 чиновник» аталған оқығандары Орта жүзден көмек сұрап, сауын айтады. Сөйтіп, сан мыңдаған жауынгер тізе қосып, Бүргенді, Рақ, Қаршағұл, Қарақұдық, Тіксай бойында қанды шайқасқа кіріскен. Мың сан қол шабуылдап, соңында жаудың бетін қайтарады. 
Сол шайқастың бірінде Өтей деген батыр Сарыкөл маңында балтырына найзаның ұшы тиіп мықтап қансырап, әлсірейді. Әлі құрып, көзі жұмылар алдында «Мені елге апарамын деп әуреленбеңдер, топырақ осы жерден бұйырсын» деп уәж айтып, ол тілегін жолдастары мүлтіксіз орындайды. Сонда Өтей бар болғаны 35 жаста ғана екен. Елде екі әйелінен алты бала қалады. Бүгінде ұрпақтары өскен, ержеткен, өркендеп жапырақ жайған. Барлық рулардың басы ер адамдардың есімімен (Адай, Найман, Қоңырат, Шеркеш, Дулат, Үйсін, Жағалбайлы т.б.) аталатыны белгілі. Ал, балалары болса Өтей деген руды иемденіп, әкесінің атын елге жаяды. Жамбыл ауылдық округіндегі Мәдениет деген елді мекенде Қарабауға қарай Тоғыз, Алтыбай, Бораншы деген көлдердің маңында қалмақтың бес-алты баласы қалып қойып, оларды да Ысық руының Өте тармағы асырап алып, ел қатарына қосады. Сол аймақтағы Қырғын, Айбас, Байжан, Түрікпенбей, Береген секілді қадау-қадау белгілер – үлкен шайқастың куәсіндей. Өтей туралы маған «1965 жылы жасы 91-дегі әкем Бөлекбайдан естіп едім» деп Алыпкел қария ұзақ айтып, баяндап берген еді. Осыдан 300 жылдай бұрын болған оқиғаны Бөлекбай әкесі Көшкінбайдан естіген екен. Жазу-сызуы жоқ елде бабадан атаға, атадан балаға осылай тарихи оқиғалар біздерге дейін тізбектеліп жеткен.
«Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» деген тақырыппен Ақтөбе қаласынан шежіреші Кәрім Тұрдағалиевтің «Сөз сардары» деген кітабы жарық көріп еді. Бөкен би туралы жазылған жерде міндетті түрде Өтей де ауызға алынады. Жазушы-журналистер Нәбиден Әбуталиев, Мереке Құлкеновтердің кітаптары да оған куә. Осы жерде Қайсар Әлімге арнаған Ғафу Қайырбековтің мына бір жыр жолдарын кірістірудің орайы келіп тұр.
«Сен менің өз сүйегім, нағашымсың,
Қазақсың, қара шаңырақ алашымсың.
Өтейде өрт боп туған бауырым ең,
Сол отың жүзге дейін жана тұрсын!»
Бүгінде Өтей бабаны жоқтаушылар аз емес. Белгілі мемлекет, қоғам қайраткері, одаққа танымал теміржол саласының білгір маманы Нығметжан Есенғарин 1990 жылдары Өтей қорымына келіп, бейітті темір шарбақпен қоршатып, деректерін жаздырып кеткен болатын.
Торғайдың «Қызбел» деген аймағында Өтей қорымы жатыр. Ғафудың «Қызбел суреттері» деген толғауын 1950 жылдары «Әдебиет және искусство» (бүгінгі «Жұлдыз») журналынан оқып, тамсанғанымыз бар. Онда атақты ақын-жазушылар, есімі елге әйгілі ғұламалар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қайнекей Жармағамбетов, Кеңшілік Мырзабеков және басқалар мәңгілік мекен тепкен.
Тарих қойнауынан сыр шертетін белгілер, мазарлар, қауымдар аудан аумағында да жетіп артылады. Бүгінде бірқатарының ақтаңдағы ашылып, анықталуда. Менің айтпағым, ұлттық тарихымыздың ақиқаты ашылып жатқан уақытта ауыл-аймақтардағы тарихи деректер де назардан тыс қалмаса деймін.

Төлеп ТІЛЕГЕНОВ,
еңбек ардагері,
Қызылқоға ауданының
Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз