АРАМ ШӨП САПАНЫ ТӨМЕНДЕТЕДІ

Қоршаған ортаны, соның ішінде егістік алқаптарын қорғау одан алынатын өнім көлемін еселеп арттырады. Бұл ретте егіс алқаптарын арам шөптен сақтаудың маңызы зор.

 

Айта кету керек, арам шөптер барлық дақылдардың шығымдылығын және  өнiм сапасын  төмендетiп жiбередi. Сондай-ақ, олар тез  өсiп жетiледi де, су мен қоректiк заттарды пайдаланады, соның салдарынан мәдени өсiмдiктер өсіп, жетіле алмайды.

Біздің аймақта бiр жылдық дара және қос жарнақтылар, екi жылдық, көп жылдық, паразиттi арам шөптердiң бүгінде 120-ға жуық түрi  анықталды. Олар тiршiлiгiнiң ұзақтығы  және өсіп-өну  шарттары бойынша  бір жылдық және көп жылдық арам шөптер болып бөлінеді. Негізінен, арам шөптердiң өсiп-өнуiне топырақтың ылғалдылығы мен температурасы ықпал етеді.

Арам шөптерге қарсы күресу үшін олардың биологиялық  ерекшелiктерiн,  көгеру  мерзiмiн, қандай  жағдайларда  көбейетiнiн  бiлу қажет. Сонымен қатар, оларға  қарсы күрестiң негiзгi шаралары агротехникалық және химиялық әдiстер болып табылады. Агротехникалық шараларға сүдiгер (зябь) жырту,  тырмалау, культиваторлау  жатады.  Арам шөптерге  қарсы  тиiмдi  әдiстiң  бiрi  – дақыл  егiлетiн  танапты  белгiлi   бiр  уақытта буда  ұстап, өңдеу. Топырақты сапалы өңдеу арам шөптердiң шығуын 80 пайызға дейiн  төмендетедi.

Топырақ  қабатын 10 см-ге дейiн  тереңдетiп кесiп, өңдеу  арқылы  көп жылдық арам  шөптердiң  тамыр  сабақтарын  қиып,  өсуiн  баяулатады. Жоғарыда айтылғандай, арам шөптер  бiрден топырақ  температурасында көгерiп шықпайды. Сондықтан, отау  жұмыстары  бiрнеше рет  қайталанып қолмен атқарылады. Сонымен қатар, арам шөптердi жою үшiн,  мәдени  өсiмдiктерге  зиянсыз  химиялық  заттарды  қолданудың да маңызы зор.

Бірақ, оны мөлшерден тыс қолдануға болмайды. Бұл қоршаған ортаны бүлдіріп, топырақты зақымдауы әбден мүмкін. Сондықтан, химиялық  препарат түрлерiнiң  бiрi  мәдени  өсiмдiктер егiлгенге   дейiн,  яғни, көктемгi  топырақты  өңдеу  кезiнде қолданылуы керек.   Қазiргi кезде  Қазақстан  бойынша  тiзiмдегi  қолданылып   жүрген  топырақ гербицидтердiң бiрi – «Стомп 33%». Бұл  гербицидті  бiр  жылдық  дара  жарнақты және қос  жарнақты арам шөптерге қолданады. Ал, көкөніс дақылдарына қырыққабат, қызан  көшеттерiн  отырғызар  алдында, қияр,  баялды,  бұршақ,  сәбiз,  пияз, бақша дақылдарынан – қарбыз   егiлгенге   дейiн белгілі бір мөлшерде  қолданылады. Бұл талаптар сақталғанда ғана бiр жылдық  арам шөптердiң өсуi төмендеп, өнiмнiң мол шығуына көмектеседi. Оның әсері топырақта төрт-алты айға дейiн сақталады.

Зәуре РАХЫМОВА, «Республикалық  фитосанитарлық  диагностика  және  әдістемелік  орталығы» мемлекеттік  мекемесі Атырау облыстық филиалының гербологы.  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз