АҚЫ АЛМАЙТЫН АБЫРОЙЛЫ ЖҰМЫС

ширек ғасырдан кейін айрықша атап өтілді

Алматыға кезекті сапарынан облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінің бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Исатай Балмағамбетов олжалы оралды. «Невада-Семей» ядролық жарылыстарға қарсы қозғалыс ұйымының құрылғанына 25 жыл толуына орай ол «Сегіз қырлы – бір сырлы» номинациясы бойынша көшбасшы мәртебесіне ие болып, арнайы сертификатпен марапатталды. Мұндай атаққа күллі республика бойынша небәрі жеті-ақ адам ие болғандығын ескерсек, бұл мадақтың жөні де, мәні де ерекше.

Әріптесімізге берілген куәлікте оның мұндай марапатты Халықаралық ядролық сынақтарға  қарсы қозғалыстың Батыс Қазақстан аймағы филиалы бойынша «аймақтық шараларға белсенді қатысқаны, жастарды тәрбиелеуде патриоттық танытқаны және эко-медициналық жұмыстарда жоғары азаматтық ұстанымы үшін» алғаны айтылған. Марапатқа сараптау комиссиясының төрағасы Қ.Қибатаев пен «Невада-Семей» қозғалысы Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры И.Көбенов қол қойған.

Жалпы, осының бәрі қалай басталып еді өзі. Сонау 1989 жылы ядролық жарылыстарға қарсы қозғалыс енді ғана басталып жатқан шақта Атырауға оның жетекшісі Олжас Сүлейменов келеді. Әлемдік атағы бар айбарлы ақынның адамзатты жаппай қырып-жоятын қатыгез қаруды бұғаулауға бел буған кезі. Оның жұртшылықпен жүздесуі барысында көпшілік назарына «Жарылыстан көз ашпаған далам-ай…» деп аталатын циклді деректі фильм көрсетілді. Мұнда Қызылқоғадағы Тайсойған, Нарындағы Чапаев  пен Азғырдағы Асан ауылдарының жай-күйі баяндалды. Кейін жинап алынды ғой, әйтпесе сол жылдары осындағы сынақ алаңдарына құлаған зымыран сынықтары шашылып жататын. Сол қалдықтардың тұнып тұрған улы нәрселер екенін ауылдың аңғал адамдары қайдан білсін, даладан жинап әкеліп, үй маңына аула тұрғызып, қора салатын. Сынақ басталар алдында әскерилер тұрғындарға таза спирт беретін де, кейін бала-шағасымен бірге төбе асырып көшіріп жіберетін.

Сол жарылыстар салдарынан қаншама адам айықпас ауруға ұшырады, өрімдей жастар өзіне қол салды. Жалпы, радиация зардабы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, жылдар бойы жойылмайтынын ескерсек, қазір де дертіне дауа таба алмай жүргендер жеткілікті.

Міне, сол деректі фильмдердің авторы біздің әріптесіміз Исатай Балмағамбетов болатын. Жиналыс аяқталған соң Олжас Сүлейменов оны арнайы шақыртып алып, танысады. Сөйтіп, қозғалыстың осы өңірдегі үйлестірушісі болуды ұсынады. Содан бері де, міне, ширек ғасыр өтіпті. Бүгінде халықаралық деңгейге көтеріліп, әлемдік сахнаға шыққан қозғалыстың іргетасын бекітіп, алғашқы кірпіштерін қалағандар лайықты түрде ардагер атана бастаған. Исатай Құндызбайұлы да – солардың бірі. Бұл қоғамдық жұмысқа ешкім ешқандай ақы да төлемейді. Бәрі де жүрек қалауымен тегін атқарылады. Әлемде енді ешқашан жер қыртысын қақ айырып бомба жарылмауын, бейбіт ауылдардың үстінен зымыран ұшпауын қалағандар – осы қозғалыстың мүшелері. 

Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Елбасы өзінің алғашқы Жарлықтарының бірімен ядролық сынаққа тыйым салып, жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартты. Оның осы мәлімдемесі сол кездің өзінде дүние жүзін дүр сілкіндіріп, әлем картасында бейбіт мемлекеттің пайда болғандығын білдірген-ді. Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде 29 тамыздың Халықаралық ядролық сынаққа қарсы іс-қимыл күні болып жариялануы да – Қазақстан көтерген бастама жемісі. Соған сәйкес биылғы 29 тамызда Астанада үлкен шара – Дүниежүзілік конгресс өтпекші. Оған Елбасының қатысуы, төрткүл дүниеден бейбітшілікті қолдаушы делегациялар келуі күтілуде. Сол алқалы басқосуға қатысатын делегаттар сапында Исатай Балмағамбетов те бар. Қатарымызда жүрген әріптесіміздің осындай ауқымды қоғамдық қызметті де қоса атқаратындығы – біз үшін айрықша мақтаныш.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз