ӘКЕ АМАНАТЫ

Күні кеше тойлаған Ұлы Жеңістің 70 жылдығында біз әкеміз Батырхан Өтеулиев жайында ойлаумен болдық. Ата-анасынан ертерек айырылып, жетімдіктің зардабын тартқан ол ағасы Лестің тәрбиесінде болады.

Әкеміз 1938 жылдан 1942 жылға дейін Ескене темір жолында жұмыс жасайды. Сол 1942 жылдың тамыз айынан бастап соғысқа аттанады. Әкеміз бастапқыда Чкалов қаласының 92-ші гвардиялық атқыштар дивизиясында, 1943 жылдың наурызынан екінші Украин майданында болады. Сол ұрыста жараланып, госпитальда емделіп шығады да, сауыққан соң соғысқа кері аттанады.

1944 жылдың мамыр айында оң жамбасы тұсынан ауыр жараланған әкеміз госпитальда ұзағырақ емделеді. Ақырында бір аяғынан бір аяғы он сантиметрдей кем күйінде екінші топ мүгедектігіне жатқызылады. Елге келгеннен кейін кірпіш, автожөндеу, «Мұнаймаш» зауыттарында еңбек етеді. Бірнеше орден, медальдармен марапатталады. Құдай қосқан жары, анамыз, атақты мұнайшы Жібек Сегізәлиевамен бас қосып, мені мен сіңлім Бақытгүлді өмірге әкеледі.

Қазіргі күнде ата-анамыз о дүниелік болды. Марқұмдар тірі болса, мына өмірдің бар қызығын көріп, ұрпақтарының саясында жайнап отырар еді. Амал не, аманат арқалап біз қалдық…

Бағытжан БАТЫРХАНОВА, еңбек ардагері, Доссор кенті, Мақат ауданы.

 

Лиза СЕЙТІМОВА 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз