АЙНАЛАСЫНА ШУАҚ ШАШЫП ЖҮРЕТІН

Мен Ботакөзбен 1980-1991 жылдар аралығында жұмыстас бола жүріп, жақын дос, сыйлас құрбы, сырлас жандар болып кетіп едім. Ол туралы өткен шақта әңгіме бастаудың қиын екендігін енді ғана сезіп отырған жайым бар. Әріптес ретінде он жылдан астам уақыт бір қызмет бөлмесінде отырып, етене еңбек ете жүріп, үй ішімізбен де араласып, туыстай болып кеткен едік.

Кейін қызмет бабында мен көрші ауданға жұмыс ауыстырсам да, араласуымыз азаймай, қайта достық қарым-қатынасымыз бұрынғыдан да нығая түсті. Біз бауырларымыздың қуанышы мен қызығын бірге атқарысып, бірге бөлісуші едік. Тіпті солардан өрбіген кішкене бауырларымыздың тәтті қылықтарын әңгімемізге арқау, көңілімізге күш құятындай сезіммен біріміздің жүрегімізден екіншіміздің көңілімізге көл-көсір шаттық сыйлағандай айтып отырушы едік.

Ботакөз жүрген ортасында ойып алар орны бар, турашыл мінезімен өзім дегенге өзегін беруге даяр тұратын қасиеттері өзіне ғана тән адал жан болатын. Біз жұмыс жасаған жылдар дүниенің көзі қазіргідей толы емес кезең еді. Бірінші қажетті бұйымдарды жан басына грамдап бөліп беретін сонау тоқырау жылдарында, дәм-тұз бен қажетті бұйымдар тізіммен таратылған кезеңдерде Ботакөздің алдына шаруасын айтып, көмек сұрап тікелей келген ауыл тұрғыны ризалық пейілмен шығатынының талай мәрте куәсі болғанбыз. Берері мен бергізері болмай қалған күннің өзінде де моральдық тұрғыдан демеушілік пейіл танытып, шығарып салушы еді…

Ботакөз Қайроллақызының қонақжай пейілі мен достыққа деген риясыз көңілі ешқашан өзгермей, жылылығы мен шуағын айналасындағыларға шашып жүрумен бірге, турашыл мінезімен ащы шындыққа төрелік танытар қасиеті де оның беделін биіктетіп тұрушы еді.

Ботакөз басшылық қызмет атқарып жүрген жылдарында да бізден жырақтаған емес, қайта тең құрбыдай болған қалпымызға қылау түсірмей, әділдік пен шындықтың, адал достықтың туын биік ұстай білді. Ол сонысымен де достарының арасында өзінің қадірін биіктеткен еді. Көңілі көтеріңкі, жаны жайдары отырған сәттердегі биязы жымиып, сызылтып ән бастаған сәттері де оның адами қасиеттерінің шынайылыққа толы екендігін айғақтай түсетін еді-ау!

Амал нешік, осындай жанның өмірден өткені туралы қаралы хабар жеткен сәтте өмірдің жалған екендігін, жалған болмаса да алдамшы сәттерінің ақыр аяғында ажал құрсауына іліндірері жанымызды суықтыққа, жанарымызды қимастық жасқа малындырғанын жасыра алмаймын.

Осы өмір өткелдеріндегі достарымның бірегейі Ботакөз Қайроллақызы болатын. Ендігі қалған уақытта сен сияқты дос маған таптырмайтынын білемін. Сондықтан да, «Қош бол, досым, сырласым!» дей отырып, сенің биік рухың мен шапағатың бауырларыңның өміріне демеу болып, қысылғанда жебей берер деген сеніммен «Аллаһ Тағала иман байлығын, жәннаттан орнын бұйыртқай» деген тілектестігімді білдіремін. Біз сені ұмытпаймыз. Сен біздің, өзіңді қимас дос, сырлас құрбы санаған баршамыздың жадымызда сақталып қала бересің, Ботакөз!

Бақытжамал МҰХСАНОВА,

Атырау қаласы.   

***

Мүсепова Ботакөз Қайроллақызының жыл толу дұға  дастарқаны 20 шілде күні сағат 12.00-де Махамбет селосындағы «Атамұра» мейрамханасында жайылады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз