АБЫРОЙҒА БӨЛЕГЕН АДАЛ ЕҢБЕК

Жері шүйгін, мал шаруашылығы кеңінен дамыған Құрманғазы ауданының Балқұдық кеңшары – шалғай жатқан аймақтардың бірі. Алыс ауылдағы сан салалы жұмысты жолға қойып, дала төсін төрт түлікке толтыру, бүгінгідей өркениетке қол жеткізу бір-ақ сәтте шешімін табатын іс емес екені анық. Осы ретте бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүзеге асуына Өтежан Дайынұлы сынды өңір тумасының мол еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн болар.  

1952 жылы Теңіз ауданының Байда селолық кеңесінде қарапайым малшылар отбасында дүниеге келген ол үшін атакәсіпке деген адалдық, мал шаруашылығы саласына деген бейімдік – қанға сіңді қасиет екендігі хақ. Майданнан қос балдақпен оралған әкесі Дайынның өмірге деген құштарлығы оның да нағыз азамат атану жолына септескені сөзсіз. Соғыс басталмас бұрын әскер қатарына алынып, кейіннен елін, жерін жау қолынан азат етуге алғашқылардың бірі болып аттанған қатардағы жауынгер Дайын Батыров елге тек жеті жыл дегенде ғана оралып, бейбіт өмірдегі еңбекке белсене араласты.

Ал, бүгінгі жазбамызға арқау болып отырған Өтежан Дайынұлы 1960 жылы алғаш рет Абай атындағы сегіз жылдық мектептің есігін ашты.

Мектептен кейін Жамбыл қаласына келіп, Гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түседі. Құрылыс инженері мамандығын алған жас маман туған топыраққа оралып, Гурьевтегі «Каззапсельпроект» құрылыс-жобалау институтында инженер-жобалаушы болып еңбек жолын бастайды.

Берілген тапсырмалардың қай-қайсысын да тиянақты орындап, өзіне де, өзгелерге де жоғары талап қоя білетін жас маманның алғашқы қадамдарынан-ақ «нағыз істің адамы» екені аңғарылды. Теңіз аудандық партия комитеті оны осы ауданға алдырып, шалғайда орналасқан асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін Балқұдық кеңшарына аға прораб етіп жұмсайды.

Білімі мен білігін өңірдің өрістеуіне жұмсаған жас маман үшін қызу еңбек ету кезеңі енді басталады. Сол кездерде ол Азғыр өңіріндегі инженер-құрылысшы мамандығы бар алғашқы сала мамандарының бірі болды. Совхоздарда жоғары білікті мамандар тапшы, малшылардың үй-жайы, қора-қопсылары да ескі болатын.

Осы тұста іс тетігін шешуге талпынған Өтежан Дайынұлы сынды білікті маманның тікелей араласуымен ескі үйлер жаппай жаңартылып, заманға сай етіп, қайта салынды. Жайлы да жаңа баспанаға қоныс аударған малшылардың тұрмыстық ахуалдары да біртіндеп түзеле бастады. Мал қамайтын қоралар да бірыңғай жобамен тұрғызылды. Сол секілді Азғыр өңірінде типтік балабақша, орта мектеп, мәдениет үйі мен аурухана салынып, ауыл адамдарының қуаныштары еселене түсті. Осы істің басы-қасында жүріп, 1995 жылға дейін кеңшар шаруашылығында еңбек еткен Ө.Дайынұлы бұл шақта әбден шыңдалып, құрылысшы мамандығының қыр-сырын жете меңгерген, бар білімі мен білігін, өмірлік тәжірибесін ел үшін мақсатты пайдаланған білікті кадрлардың біріне айналғанына ел куә.

Айта кеткен жөн, осы уақытта құрылыс жұмыстарының көлемі жас маман алғаш жұмыс бастаған сәтпен салыстырғанда анағұрлым ұлғайды. Бұрын совхозда 12-15 адам ғана еңбек етсе, кейіннен тұрақты жұмысшылар саны 120-130-ға жетті. Социалистік жарыстар, «Тұрғын үй-91» бағдарламасы еңбек қарқынын үдетіп, құрылыс цехтарында үш ауысымдық жұмыс тәртібі жолға қойылды. Осындай көрсеткіштердің нәтижесінде мал басы көбейіп, еділбай қойын өсіретін шаруашылық ендігі кезекте ірі қара ұстауды да біртіндеп тәжірибеге енгізді.

Өтежан Дайынұлы осындай жарқын жетістіктердің жүзеге асуына, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің үлкен үлесін қосты. Елге қадірлі, жоғары білікті маман ретінде ауданда зор құрметке бөленді және еңбегі жоғары бағаланды.

Ол осы уақыт аралығында, яғни, 1986-1988 жылдары Құрманғазы ауданының «Таңдаулы құрылыс инженері» деп танылып, 1991 жылдың жарты жылында 30-ға тарта малшыларға арналған тұрғын үйлерін іске қосып Қазақстан Компартиясы комитетінің Мақтау грамотасы берілді. Ал, 1989 жылдан 1991 жылдар аралығында халық депутаттары Азғыр селолық советі атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайланды.

 Кейін колхоз-совхоздар тараған кездерде 1995 жылдан 2000 жылдар аралығында «Атырау жолдары» акционерлік қоғамы қосалқы шаруашылығын басқарды. Ал, 2001 жылдан күні бүгінге дейін жеке кәсіпкер, ІІ дәрежелі құрылыс шебері. Ауданның жалпы білім беру, мәдени-көпшілік, денсаулық сақтау ғимараттарын жөндеу жұмыстарымен айналысады.

2007 жылдың қорытындысымен Құрманғазы ауданы бойынша «Үздік жеке кәсіпкер» номинациясы  берілді. 2014 жылы мал шаруашылығы саласындағы жетістіктері үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облыстық филиалы, Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер Одағының Алғыс хатын алды.

Бұл күнде 63 жасқа келген Өтежан Дайынұлы – өнегелі отбасының ұйытқысы. Зайыбы Гүлбарша Ерғалиева Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының түлегі, еңбекке араласқаннан малдәрігерлік зертхана қызметін басқарып, зейнеткерлікке шықты. Ризабек, Алтынбек, Альбина сынды ұл-қыздарынан өрбіген немере-жиендерінің қызығына тоймаған ата-әже болып, бақыт базарында күн кешуде.

Абырой бастауы болған адал еңбектің нәтижесінде ел мақтанына айналған азамат өз өнегесі мен өмір жолы арқылы көпке үлгі. Бар білімі мен білігін аймағымыздың алға басуы жолында сарп еткен сала маманының атсалысуымен жүзеге асқан жарқын істер ел игілігіне кәдеге асуда. Асқақ абыройға кенеліп, бедел биігінен көріну бақыты деген осы болса керек…

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз