«Ақ бұлақ» — ауылдарда

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында: «Төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы. Әлемдік су ресурстары да қатты қысым көріп отыр. Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды пайдалану сегіз есе өсті. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген ел суды сырттан алдыруға мәжбүр болады. Су – барынша шектеулі ресурс және оның көздерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжал себептерінің бірі ретінде, қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналды. Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда» деп атап көрсетуі кім-кімді де бейжай қалдырмасы белгілі.

Елбасының тапсырмасына орай «2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 мамырдағы №570 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы №621 қаулысы шыққаны белгілі.
Осы маңызды құжатты жүзеге асыру мақсатында Қызылқоға өңірінде де игілікті істер қолға алынуда. Аудан көлеміндегі екі үлкен елді мекен – Миялы және Сағыз селолық округтерінің орталықтарында селоішілік су құбырлары тартылады. Миялы селолық округіне 67 шақырым 440 метрге созылатын су құбырлары үшін 381 млн. 669 мың теңге, Сағыз селолық округіне 86 шақырымға 232 млн. 237 мың теңге республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Таза ауыз су әрбір тұрғын үйге кіргізіліп, арнаулы есептегіш құрал-жабдықтары да орнатылып беріледі. Сонымен қатар, аудан тұрғындарын үзіліссіз таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін елді мекендер аралығына су құбырларын тарту жұмыстары да бастау алады.
Мәселен, «Қарабау – Қаракөл» аралығындағы 43 шақырым 750 метрге созылатын жерді қосып, су құбырын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 119 млн. 853 мың теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ, «Қоныстану-Жасқайрат» аралығындағы 29 шақырым 324 метрге созылатын су құбырларын тартуға республикалық бюджеттен 135 млн. 824 мың теңге қаржы бөлінген болып шықты. Сонымен қатар, Жамансор, Жантерек елді мекендеріне де селоішілік су құбырлары тартылады.
Тұтастай алғанда, аудан бойынша «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 12 елді мекенге су құбырлары жүргізіледі деп күтілуде. Жобалау сметалық құжаттары да дайын тұр. Сол кезде Қызылқоға өңірі бойынша 221 шақырым 643 метр жерге су құбыры тартыламақ.

Мағрупа ҚАЗИХАН,
Қызылқоға ауданы.

.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз