АҒАНЫҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫ

Өмір сабақтастығы дегеніміздің өзі аға ұрпақтың кейінгі ірі-қарындастар, үрім-бұтағымен жалғасуы ғой. Қазақы тілмен айтқанда, алдыңғы толқын ағалар өмірден өтіп, кейінгілердің солардың салып кеткен сара жолы, көрген тәрбиесімен саналы адам болуға талпынуы, білім алып, еңбек етуі өмір-өзеннің жазылмаған заңдылықтары болса керек-ті. Біз де осы дәстүрді берік ұстанып, жалғастырып келеміз.

Әлем тарихында қаһарлы ізімен сақталған екінші дүниежүзілік соғысқа біздің әулеттен төрт адам аттанды. Олар Қабыштың Қадырғалиы мен Қабдығалиы және Зейнет. Ибіштен – Қадырғали. Қайырғалидан Ұзаққали мен Әзипа туған. Қабдығали мен Қадырғалидан ұрпақ жоқ. Сол соғысқа кеткен төртеуден аман-есен елге оралған Зейнет ағамыз еді.
Мен Ибіштің екінші баласы Нәсіпқалидан туғанмын. Әкем майданға бармаған. Соғыс жылдарында Манаш ауылдық кеңесінің хатшысы болып еңбек еткен. Кеңес төрағасы елге белгілі асыл азамат Батырбай Бозтаев деген екен. Ол жылдардың басқа жердегі сияқты жазда Нарын жайлап, қыста теңіз қолтығының қамысты қолаты – Манашқа тығылған қыр қазағы үшін де аса қиын болғаны белгілі. Оның шет-жағасы өзіміздің де есімізде. Қыр бойының тірлігі – қолдағы аз ғана мал мен құмда өсетін құмаршық. Соны бағу, шабу, қағу – біздің міндетіміз. Болмаса, ата-аналарымызға көмектесетінбіз. Бірақ, менде жасы келген әжемнен басқа ешкім болмады. Өйткені, әкем Нәсіпқали 1943 жылы қайтыс болғанда, мен екі-ақ жаста болған екенмін. Анамнан бес жасымда айырылыппын. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңдегі тұрмыстық ауыртпалықтарды жеңуде майданнан аман-есен оралған Зейнет ағаның қамқорлығы мол болды.
Сол бір жылдардағы менің қиын балалығымды көрген, үй ішімен аралас болған осы күні бір-ақ адам бар. Ол облысқа белгілі журналист Шөпенғали Дәуенов. Шөкеңнің айтуынша, әкем сауатты, өз ісіне ұқыпты, әр нәрсеге жауапкершілікпен қарайтын адал адам болған. Шөкең сол кісінің қарауында жұмыс істеген екен. Шөпенғали аға да, Зейнекең де ол кісінің соғыс жылдарындағы панасыз жандар мен аш-жалаңаш балаларға жасаған қамқорлығын аса бір ризашылықпен еске алып отырушы еді.
Зейнет ағамыз болса, сол бір соғыстан кейінгі жылдарда тек біздер емес, бізге қараған бар ағайынға қамқоршы еді. Өзімен бірге туған үш қарындасы Меруерт пен Рахима, Маржанның қатарынан қалмай білім алуына, отбасын құрып, үйлі-баранды болуына көмектесті. Зейнет аға 1924 жылы Новобогат ауданының Манаш ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1942 жылы Бабан ауылындағы Сталин атындағы мектептің 9-сыныбын бітірген соң, Манаштағы «Ақарал» бастауыш мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Сол жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Отанын қорғады. Әскери қызметін Қиыр Шығыстағы Хабаровск маңында елді жапон интервенттерінен қорғаудан бастап, атқыштар батальонының эфрейторы шенінде елге қайтты.
Елге оралған соң бейбіт еңбекті Тұщықұдық ауылдық Кеңесінің хатшысы қызметінен бастап, үш жылдан соң Карл Маркс атындағы ұжымшардың басқарма төрағасы, 1954 жылы сол төңіректегі ұсақ колхоздар бірігіп, іріленгенде Чапаев атындағы ұжымшарға басқарма төрағасының орынбасары қызметтерінде болды. 1957 жылы ауданда бұрынғы ұжымшарлар жинақталып, мемлекеттік шаруашылықтарға айналдырылғанда Зинекең Чапаев атындағы совхозда қойма меңгерушісі, кейін құрылыс шебері, прораб болып, құрметті еңбек демалысына шықты.
Тегінде адам бойындағы туа бітті іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттер міндетті түрде біліммен ғана ұшталып, жетіледі. Осы ретте Зейнет ағаның арнаулы орта білім алмағанын атап өткім келеді. Әйтсе де ол өзі араласқан шаруашылықты басқару кезінде оның экономикалық, әлеуметтік өсуіне ерекше назар аударатын. Зейнекеңнің тағы бір ерекшелігі, ол алдымен өзімен жұмыстас адамдардың жан дүниесіне үңілетін. Сөйтіп, кемшілігін жетілдіру, озығын одан әрі өсіру арқылы өз мақсатына жететін. Былайша айтқанда, нағыз психолог, адам жанының инженері еді.
Зейнет аға отбасында да аса мейірбан, қонақжай, меймандос адам болды. Бөле-жара айта кетерлігі, төріне шыққан қонаққа тұтас отбасы иіліп қызмет ететін. Сол Зейнет ағаның отбасын құрап, отағасы атанғаны да есімде. 1947 жылы соғыстан оралған соң, Әмина жеңешемізге үйленіп, тоғыз баланы тәрбиелеп өсірді. Үлкені Фатихолла Алматыда, қалғаны Атырауда. Барлығы да үлкен мамандық иелері, бір-бір әулеттің шырағданы. Бірақ, осынау қызыққа ағамыз жете алмады. Оның өмірден өткеніне де ширек ғасырдай уақыт болыпты. Әйтсе де бір өкініштің бір жұбанышы болады деген бар емес пе? Осы жылдар ішінде аға әулеті 25 немере-шөберемен толықты. Олардың қай-қайсысы да тұла бойы ұлттық қасиетке толы Зейнет Қабышевтың ұрпағы екендігін мақтан етеді.
Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Зейнекең күй тыңдағанды ұнатушы еді. Үйіне қонақ келсе, иә бір кейде жұмыстан шаршаған сәттерінде мені шақырып алып, «Ғатаужан, күй тартшы, бәріміз жым-жырт болып, мейірімізді қандырайықшы» дейтін. Әттең, өнеріме баға беретін сол ағам қазір қасымда жоқ. Сіз менің бар тірлігіме баға беретін едіңіз-ау… Тірлікте ағалар алақанына жететін еш нәрсе жоқ. Осыны ұмытпайықшы…

Ғатау ИБІШЕВ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз