ӨТКЕНДІ БІЛМЕЙ, БОЛАШАҚТЫ БОЛЖАУ МҮМКІН ЕМЕС

«Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес». Дана халқымыз түйіп айтқан ойлы сөздің бірі – осы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихын жаңаша көзқараспен, әлем тарихымен бірге алып қарастыра жазуды айрықша тапсырып отырғандығы да осыдан. Енді зерттеуші-ғалымдарымыз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, Қазақстан тарихының қоғамдағы орнын нақтылап, ұлттық мүдде тұрғысында жазылған оқулықтар мен ғылыми еңбектерді жарыққа шығарып, жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты арттыруға жұмыс істеуі тиіс. Ендігі жерде тағылымды тарихымызды қайтарып алмасақ, ақтаңдағынан арылтып, еркін елдің ар-ожданына сай зерделеп жазбасақ, елдігімізге сын. 

 

Ақтаңдақтан ақиқатқа қалай қол жеткіземіз? Облыстық «Атырау» газетінің ұйымдастыруымен тарихшылар арасында өткен «дөңгелек үстел» басында осы мәселе талқы таразысына түсті. Оған белгілі өлкетанушы, журналист-жазушы Өтепберген Әлімгереев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, доцент Аққали Ахмет, аталмыш университет профессоры, тарихшы Амангелді Шамғонов, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының әкімшілік басқармасының бастығы, тарихшы Айтбай Қарамурзин, Атырау мұнай және газ институтынан заң ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Айнұр Мұғауова, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Болат Нығметов, И.Тайманов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Орынтай Биманова және Қызылқоға ауданы, Сағыз селосындағы №9 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Әлия Өскінбаева қатысты.
«Дөңгелек үстел» басындағы әңгімені облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов жүргізді.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ:
– Адам адам деген атқа лайық болуы үшін, ең алдымен қай тілде сөйлесе, сол тілдің тарихын білуге міндетті. Бізге бала кезімізде әуелі тіліңді, тарихыңды, мәдениетіңді білуге тиіссің деп үйрететін. Сол тарихты білу үшін азаматтар туған өлкесінің тарихын білуі керек. Өлкенің тарихын білмей, таңнан кешке дейін Американың тарихын айтқанның еш қажеттілігі жоқ. Айтайын деп отырғаным, біз өлкетану мәселесіне көбірек назар аударуымыз керек. Мысалға қыстау болса, ол қыстау кезінде қалай аталды? Онда қандай оқиғалар орын алды? Осы мәселелерді білмеген адам өз елінің патриоты бола алмайды.
Соңғы кездері Атырау өңірінің археологиясы жөнінде көп зерттеулер жүргізіп жүрміз. Елуінші жылдардағы Әлкей Марғұланнан бастап, 1986 жылдан осы саланы күшейттік. Осы мәселені зерттеп келе жатырмыз. Бірақ, әлі күнге дейін «Атырау өңірінің археологиясы» деген бір кітап шыққан жоқ. Біз әр жерде жазған материалымызға сілтеме жасап, балаға «сен ана мақаланы оқы!», «сен мына мақаланы оқы!» деп айта алмаймыз. Баланың қолына тұтас дүние тисе, мәселе басқаша болар еді. Әсіресе, мынау Жылыой өңірі, Қызылқоға жағы, Индер бойы аз-мұз, Исатай, Нарын құмы қалқып, там-тұмдап қана зерттелді. Бірақ, осыларды екшейтін, жинақтайтын маман жоқ. Сондықтан, бізге жергілікті маман дайындау керек.
Шынын айтқанда, археология саласында мүлдем мүсәпір екенбіз. Табылған көмірдің қай жылғы екенін білу үшін оны Ресейге жіберу керек. Адамның бет-әлпетін анықтау үшін Герасимовке, тіпті Германияға жіберу керек болады. Өзіміздің Қазақстанда осыларды анықтайтын ештеңе жоқ. Тоқсанбай тұрағын кәдімгідей зерттедік. Сөйтсек ол үлкен жаңалық екен.
Сосын Сарайшық аз ба, көп пе зерттелді. Хан ордасын жүрек қалауымен зерттеп жүргендер бар. Бірақ, әлі күнге дейін Сарайшық туралы бір үлкен ғалымның зерттеу еңбегі шыққан жоқ. Ал, Сарайшықтың Ноғайлы дәуірін әлі зерттеген жоқпыз. Жүсіп, Исмаил, Оқас билеушілері дәуірінен мүлдем бейхабармыз. Шынтуайтында, ол бізге керек.
Тағы бір мәселе. Алашорда дейміз. Батыс Алашорданы Сүлейменовалар зерттеп жатыр ғой. Атыраудың шынайы Алашордасы, Бөкей ордасының бірінші, екінші Теңіз жағалауы округі, Азғыр бойындағы керемет тұлғалар жөнінде тұтас жүйелі дүние тындыра алмай жатырмыз.
Дінді айтып жатырмыз ғой. Кезінде дін тереңірек дамып, пір Бекет сынды діннің ірі өкілдері шықты. Қырқыншы жылдардағы Сары әулиені атап өтуге болады. Осыдан келіп шығады, Сейіт дегеннің өзін жеке зерттеу керек сияқты. Сейіттің ноғайлығына күмәнданамын. Сейіт өзі Түркістаннан келген. Қожалардың бір тармағы Сейіт қой. Мысал үшін Сарайшықтың басында Сейіт деген баба болды. Біз әлі күнге дейін сол Сейіттерді дұрыс зерттей алмай жүрміз.
Сондықтан айтарым, біз бұған дейін тәуелді елдің тарихын жасадық. Енді тәуелсіз елдің ұлттық тарихын жасауымыз керек. Оған өлкетану тарихы міндетті түрде енуі тиіс.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:
– Өтақаң айтқан тәуелді тарих дегеннен шығады, тәуелсіздік алған жылдардан бері талай ақтаңдақтар ақиқаты аршылып, ғылыми айналымға еніп жатыр. Бірақ, балаға тарихты мектептің оқулығы негізінде оқытып келесіздер. Енді мына ақтаңдақтар ақиқатын қайтеміз? Балаға оны қалай жеткіземіз? Хрестоматия шығарған қалай болады? Осы орайда ел Президентінің «өте ұғынықты жазылған, шыншыл, баланың отаншылдығын оятатын оқулықтарға қоса, қазақ елінің тарихы туралы әңгімелер кітаптарын да жазу керек. Көршімізде «история России для детей» деген сияқты кітаптар шығаратын жақсы дәстүр бар. Үйрену керек» деген сөзін ортаға салғым келіп отыр. Біз осы межеден қаншалықты шыға алдық?

Болат НЫҒМЕТОВ:
– Біз техникалық мамандықтар дайындайтын оқу орнымыз. Сондықтан, техникалық оқу орындарына Қазақ мемлекетінің нақты тарихы оқытылуы тиіс деп ойлаймын.
Ал, балаға танымдық көзқарас қашанда керек. Сондықтан, мектептерде тарих ежелгі дүние тарихынан бастап оқытылғаны тиімді. Және бір мәселе, Қазақстан тарихына әлем тарихымен қатар қарау керек. Тарихшы барлық оқиғаға объективті түрде қарауға міндетті. Оны айтып отырғаным, қазір бізде жекелеген батырды, тұлғаны дәріптеу күшейіп барады. Сол батыр да, қайраткер де халықтың арасынан шықты емес пе? Ендеше, халықтың тарихы неге жеке тұлғалардың тасасында қалуы тиіс? Тағы бір қосарым, техникалық жоғары оқу орындары тарихты белгілі бір бағытпен оқыса, гуманитарлық оқу орындары бұл пәнді тереңірек оқытса деген ұсыныс бар.
Оқытушылар зерттеумен айналыса алмайды. Олардың мойнында жүктемелері көп. Сондықтан, зерттеу жұмыстарымен зерттеу институттарының ғалымдары айналысуы керек деп ойлаймын.
Айнұр МҰҒАУОВА:
– Кезінде Қазақстан тарихынан бөлек, арнайы курстар болатын. Бұл курстар көп мәселені қайта қарауға, тақырыпқа тереңнен бойлауға мүмкіндік беретін. Сондықтан, арнайы курстарды қайта енгізетін уақыт жетті деп ойлаймын.
Тағы бір қосарым, тәуелсіздік алған жылдардан бергі жаңа тарихта да кемшіліктер тым көп. Кезіндегі Исатай мен Махамбеттің көтерілісін көрген көнекөздер қазір жоқ. Ал, қазіргі тарихты жасағандар арамызда жүр. Ендеше, осы мүмкіндікті пайдаланып, тәуелсіздік жылдары тарихындағы қателіктерді неге түзетіп алмасқа?
Және бір ұсынысым, ұлттық тарихқа мемлекеттік деңгейде жаңаша бетбұрыс болып жатқан мүмкіндікті сәтті пайдаланып, жоғары оқу орындарында тарих пәнінен өтетін емтихандарды жазбашалықтан арылтып, балаларға ауызша тапсыруға жағдай жасалуы керек.

Айтбай ҚАРАМУЗИН:
– Барлық ғылымдардың атасы математика десек, сол ғылымдардың басында тарих тұруы керек сияқты. Себебі, тарих елдің өткені мен бүгінін тұтастай баяндайды. Оны келешекке жеткізеді, ұрпақ пен ұрпақты сабақтастырады. Енді осы міндетті іске асыратын тарихшылар екені даусыз. Мұны біз ең алдымен оқулықтағыны оқушыға жаңаша көзқараспен оқытудан бастағанымыз жөн деп білемін. Еліміздің ертеңі мектеп оқушыларына тарихты бір сарынмен, бұрынғы бағытпен ғана оқыта бермей, жаңа түрде, жаңа көзқараста түсіндіруіміз қажет. Бұл жерде өздеріңіз айтып өткендей, тарих пәнінің оқулықтарында қате кетпеуі тиіс. Ол кітаптан жас жеткіншектер білім алатындықтан, тарихты жазу асқан жауапкершілікті талап етеді.
Бүгінгі басқосу барысында өте орынды мәселе қозғалып отыр. Сіздердің айтқан пікірлеріңізге мен де қосыламын. Тарихты жазатын адам жан-жақты, өзгелерден анағұрлым сауатты болуы керек. Онымен қоса тарихты балаға оқытатын мұғалімдердің біліктілігін ұдайы арттырып отыру да маңызды. Дәріс оқуға профессор ғалымдарымыз шақыртылса да біз көп нәрседен ұтамыз.
Адам ең бірінші туған елінің тарихын білуі тиіс. Адам тарихты білу арқылы елінің қадір-қасиетін ұғынады, рухын бағалайды. Сол тарихты ұрпаққа жазып қалдыратын тарихшылар десек, ешқашан оларға шалыс басып, қателесуге болмайды. Кеңес Үкіметінің қол астында болған сонау кезеңде тарихшыларымыз біраз жалтақтаған да шығар. Бірақ, енді бізге жаңылысуға жол жоқ. Ұрпағымыз ұлтжанды, рухани биік болып тәрбиеленуі үшін тарихты ұлттық тұрғыда жазып қалдыруға тиістіміз. Яғни, бізде бұл күнге қалай жеткенімізді, ата-бабамыздың ұлтарақтай жерін қалай қорғағанын, ұрпағына қалай табыстағанын, бүгін біздің еліміздің басынан не өтіп жатқанын баяндайтын тағылымды тарих болуы керек. Бүгінгі қоғамда айтылып жүрген жастардың бойындағы патриоттық сезімді арттыру мәселесі де біздің қолымызда құнды тарих пен оны оқытатын сауатты ұстаз болған жағдайда айтылмас та еді. Өткеніміз бен бүгінімізді толыққанды баяндайтын тарихымыз болса, ұрпағымыз сол тарихты оқып, елін сүйеді, жерін сүйеді, ата-бабаларын құрметтейді, қадірлейді. Қазағымыздың өткеніне көз жүгіртсек, бабаларымыздың тұнып тұрған ерлігін, батырлығын көреміз. Міне, сол ерлікті, олардың болашақ үшін жасаған істерін бүгінгі ұрпаққа бүкпесіз көрсетуіміз керек. Ол үшін алдымен тарихшыларымыздың, оқытушылар мен мұғалімдеріміздің біліктілігін арттырғанымыз абзал. Біз мектеп оқушыларына ең алдымен өлкетану жайында көбірек айтып, кез келген тақырыпты өлкетанумен байланыстырып түсіндіруіміз қажет. Өлкетану тарихы пәніне жалпы қосымша құрал шығарсақ та артық болмас еді. Өз өлкеміздің өткенін білмесек, оны балаларға үйретпесек, одан әрі әңгіме қозғай да алмайсыз.
Мектеп оқушыларына берілетін ғылыми жұмыс тақырыптары да көңілден шықпайды. Тақырыптары шашыраңқы, оны бір жүйеге келтіріп, бірізділендіру де – кезек күттірмейтін іс. Біз ғылыми жұмыстарды тыңнан қозғап, сапасын арттыруға жұмыстануымыз керек.
Сапа демекші, бізде сабақ берудің деңгейін көтеру мәселесі бар. Ол тікелей мұғалімге байланысты. Мектеп мұғалімі тек бағдарламадағы тақырыпты қозғап қоймай, оны ұлттық тұрғыда айтып жеткізсе, баланың санасы да рухани бай болып, ұлтжанды болып тәрбиеленер еді. Ал, мұғалімге бағыт беруші біздер болсақ, біздер тарихшыларға қарап бой түзейміз. Сондықтан да, бүгінгі қоғамдағы тарихқа қатысы бар әр тұлғаның білім көтеру, біліктілігін арттыру басты мәселе болып отыр.
Сонымен қатар, оқушыларды мұражай секілді мәдени орындарға жиі апарып тұрсақ артық болмайды. Сыныпта бала құлағымен естіп қана білім алса, ал мұражайда өткеннен қалған естеліктерді көреді, көзге елестетеді. Соның нәтижесінде оқыған сабағы жадында ұзаққа жатталады. Айта берсек, шешімін таппаған мәселе әлі де көп, ал оны іске асыру – осы отырған азаматтардың барлығына ортақ іс.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:
– Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин баяндамасында тарихты зерттеудің жаңа методологиясы керек деген пайым, тұжырым айтылды. Ендеше, «жаңа методология» дегеніміз қандай болуы керек?
Осы орайда мына мәселені назарларыңызға сала кеткім келеді. Бүгінде Украина «Ұлы Отан соғысы» ұғымынан бас тартты. Украина Президенті Виктор Януковичтің «екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО бойынша қаза болғандардың 42%-ын украиналықтар құрады. Украиналықтар фашизмді өзге де халықтармен бірге жеңді» деген сөзін украиналықтардың қалай қабылдағаны белгілі. Осы орайда бізге де ойланатын кез жетті. Құлдық санадан арылатын уақыт келді. Сөзімнің басында ел Президентінің қазақ тарихы туралы айтқан сөзін текке келтіріп өткенім жоқ. Қазақ тарихы ендігі жерде әлемдік тарих негізінде жасалуы керек. Және де тарихымыз ұлттық тұрғыда жазылуы керек. Бұған не дейсіздер?

Болат НЫҒМЕТОВ:
– Бұл жерде өркениеттілікке баса назар аударған жөн секілді. Яғни, ел тарихында барлығы қамтылуы керек. Біздің тарихымызда әлемдік оқиғадағы құбылыстардың еліміздің өткеніне әсері көрінуі тиіс, яғни жан-жақтылық керек.

Аққали АХМЕТ:
– Методологияның өзі әртүрлі. Таптық, фармациялық сынды түрлерге бөлінеді. Біздің тарихымыз ұлттық көзқарас тұрғысында жазылуы керек.

Әлия ӨСКІНБАЕВА:
– Рас, біз әлі кеңестік методологиядан ажырай алмай жүрміз. Бір ғана мысал. Индустрияландыру туралы айтқан кезде Рысқұлов, Тынышбековтер туралы көп жазылуы керек. Яғни, жаңа оқулықтар шығарған уақытта кеңестік методологиядан арылуға көбірек назар аударуға тиіспіз.

P.S. Тарихтың тамыры қашанда тереңде. «Дөңгелек үстел» басындағы әңгімемен тарихтың бар мәселесін айтып, шешіп тастадық деуге болмас. Әлі де айтылып, аршылып алынуы тиіс ақиқаттар жетерлік. Бастысы, сең қозғалды. Енді сол сеңнің қайда баратыны басты назарда болуы тиіс. Біз өз кезегімізде басқосу барысындағы ұсыныстарды осы мәселеге орай арнайы құрылған облыстық қоғамдық кеңеске жолдайтын боламыз.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Мәлике ҚУАНЫШЕВА.
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз