ЖАНҚОЖА БАТЫР

Сыр бойы мен Арал өңірін мекендеген қазақтар ХVIII-XIX-ғғ., әсіресе, Кіші жүз ханы Әбілхайырды Барақ сұлтан өлтіргеннен кейін, оңтүстіктегі Қоқан, Хиуа хандарының шапқыншылығынан көз ашпады. Олардың қанды шеңгелі және өз ішіндегі руаралық қырқысулар мен барымта шабуылдары бұқара халықты әбден титықтатты.

Қажыған, азап шеккен, ар-намысы тапталған халықтың қайғы-қасіретін жеңілдетуді, елінің егемендігін, туған жерінің тәуелсіздігін сақтап қалуды ойлаған дала батырлары өз маңайындағы рулардың басын біріктіріп, жан-жақтан анталаған жауға қарсы тұрды. Сондай елім деп еңіреген, бар саналы ғұмырының жетпіс жылын жаулармен жағаласып өткізген хас батырлардың бірі – көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған Жанқожа Нұрмұхаммедұлы.

 * * *

XIX ғасырдың 1-жартысында Сыр бойындағы қазақтардың біраз жерлері мен бекіністерін Қоқан бектері басып алады.

…Қоқандықтардың Түркістаннан Қосқорғанға (қазіргі Жосалы кентінің маңы) дейінгі аралықты басып алғанын білген Хиуа ханы да қарап жатпай, сол бекіністен әрі Арал теңізіне дейінгі аралықтағы қазақтарға үнемі шабуыл жасап, мал барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқындап кетіп отырады.

Шапқыншылық пен тонау, қанау күшейе береді. Хиуа ханына қызмет етіп, өз халқының мүддесін сатқан Сауқым Бөкеев, Ермұханбет (Елекей) Қасымов, Жанғазы Шерғазиев, Қайыпқали Есімов сияқты сұлтандар халықты сүліктей сорып, байлыққа белшесінен батады. Сыр бойынан жәбір көргендер Жанқожаны паналайды. Қуаң бойына бекініс салған Уәйіс-Нияз бек зекет бермегендерді аяусыз жазалайды. Жанқожа бастаған Кішкене Шектілердің шексіз зұлымдыққа қарсы шықпай қоймайтынын білген хиуалықтар, Сыр бойына 1839 ж. тағы бір бекініс салады. «Бесқала немесе өзінің бастығы Бабажанның атымен аталған бұл бекіністің салыну мақсаты – Сырдың екі жағында көшіп жүрген, Хиуа хандығына зекет төлеуден бас тартқан Кішкене Шектілерді бағындыру еді» деп жазды Макшеев. Шынында, солай еді. Бабажан Жанқожаның ағасы, Төртқара руының биі Ақмырза батырды зекет төлемегені үшін қол-аяғын байлап, 1839 жылы  дарияға тастап өлтіреді.

Бірақ, 1845 жылы күзде, алым-салықтан әбден қажыған халықтың ашу-ызасы шегіне жетеді. Жанқожаға хабар жіберген сол жердегі халық қорғанды қоршап тұрады. Арал теңізі жағынан келген Қаракесек Ақтан батыр олардың көмегімен Бабажан қамалын талқандап, өзін өлтіріп, баласы Майқараны, Жанғазы ханды, сатқын Раманқұлды ұстап, Жанқожаға тапсырады.

Енді Жанқожа батыр Сыр бойын Хиуа хандарының езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне шабуыл жасап, бірінен соң бірін талқандайды. Қуаңдағы бекіністі қиратып, мал-мүліктерді қайтарады. 1845 жылы бекіністі қалпына келтіруге келген екі мыңдай хиуалықтың быт-шытын шығарады.

«Хиуалықтар жерімізге бекіністер салды. Біз оларды қираттық. Қақтығыс кезінде көптеген хиуалықтарды өлтіріп, қалғандарын Хиуаға қуып салдық» дейді Жанқожа батыр, Орынбор бекінісінің бастығына жазған бір хатында.

1847 жылы 30 маусымда Орынбор әскери бекінісінің генерал-губернаторы В.В.Обручевтың басқаруындағы орыс отряды, Арал теңізінен 60 шақырым жердегі Сырдың оң жағасындағы биік түбекте Райым фортын сала бастайды. Сол жылдан бастап Хиуа шапқыншылығы күшейе түседі. 5-6 наурызда Уәйіс-Нияз бек Сырдың екі жағын, Атанбас, Ақирек, Қарабұғаз, Қамыстыбас көлдерінің маңын қыстаған 1400-ге жуық үйді ойрандап, төрт жүздей адамды өлтіріп, әйелдер мен қыздарды күңдікке алып кетеді. Хайуандықтың шегіне шыққан олар өлгендердің бастарын, тірілердің құлақтарын кесіп алып кетіп, хандарынан әр бас пен әр екі құлағы үшін сыйлық алады.

Сол жылдың 18-21 тамызы күндері Хиуаның бегі Қожа-Нияз жіберген Елекей Қасымұлы, қайтадан хан болғанЖанғазы Шерғазыұлы сұлтандар 1500 сарбазымен Сырдың оң жағындағы бір мыңдай үйдің шаңырағын ортасына түсіреді. Жүз адамды өлтіріп, 21 отбасын тұтқынға алады. Төрт адамның басын кесіп алып, денелерін суға лақтырады. Бұл ауылдарды ойрандаған соң  олар Төртқара, Жақайым рулары ауылдарын шабуылдап, адамдарды өлтіріп, көп мал олжалап, біраз адамды тұтқындайды.

Ырғыз жақта жүрген Жанқожа осы қырғын жайлы естіп, тез қол жинап келеді. Райымда бекініс салып жатқан подполковник Ерофеев пен капитан Бутаковқа соғып, олардан көмек сұрайды. Бірақ, тұшымды жауап ала алмаған соң кетіп қалады да, ойрандалған ауылдардың үстімен «Қаралаң» өткеліне қарай бет алады. Жолда болған сұмдықтың салдарын көзімен көріп, қатты тебіренеді.

Сол бетінде дариядан аттарын жүздіріп өткен Жанқожа, арғы жағалауға орналасқан Хиуа бекінісі «Жанқалаға» шабуыл жасап, өрт қояды. Батырдың ренжіп кеткенін сезген орыс офицерлері көп ұзамай екі шхунамен келіп, бекініске кеме үстіндегі зеңбіректерден оқ жаудырады. Мұны көрген батыр бекініске шабуылдауды соларға қалдырып, мал мен адамдарды алып кеткен хиуалық әскердің соңына түседі. Оларды Қуаңға жақындағанда қуып жеткен Жанқожа тұтқындар мен мүліктерді, 3000 түйе, 500 жылқы, 2000 мүйізді ірі қара, 50000 қойды қайтарып, иелеріне табыс етеді. Әрқайсысы 40 адам, 250 пұт жүк көтеретін бес қайықты олжалайды. Мал иелерінен 100 қой сұрап алып, көмектескендері үшін  орыстарға дастарқан жаяды.

Хиуалықтардың шапқыншылығы мен езгісінен әбден қайыршыланған Сыр қазақтары енді амалсыздан патша үкіметін іс жүзінде танып, хиуалық бектерге қарсы күресте олардан жәрдем күтіп, бекініс маңына шоғырланады. Жанқала соғысынан кейін, патша үкіметі Жанқожаға «есаул» атағын беріп, 1848 ж. 1 мамырынан бастап жылына 200 сом күміс ақша төлеп, Сырдың оң жағалауынан Қарақұм, Борсық құмдарына дейінгі аралықтағы қазақтардың басқарушысы етіп тағайындауға жарлық береді.

1845 ж. Бабажан қамалын талқандап, өзін өлтіргеннен кейін, Орынбор шекаралық комиссиясы төрағасы генерал Ладыженский Орал бекінісіндегі Беглов деген шенеунікке Жанқожаны шақыртып, «патша үкіметі алдында сіңірген еңбегі үшін», пазументті кафтандық шұға мен екі жүз сом тарту етуді тапсырады. Беглов хат жазып, екі қазақты жібереді. Бірақ, батыр шен-шекпен мен ақшаны алуға бармайды. Ол хаттағы: «патша үкіметі алдында сіңірген еңбегі үшін» деген сөздерді төрт қайтара оқытып, жауап хатында: «Сіз жіберген адамдармен кездестім және ұлы мәртебелі губернатор, комиссия генералы Ладыженский маған сыйлыққа екі жүз сом ақша мен пазументті кафтандық шұға бергенін толық есіттім. Бірақ, мұндай сыйлыққа лайықты емеспін. Ресей үкіметіне қызмет жасаған жоқпын. Сондықтан, бұл сыйлықтарды ала алмаймын. Бекініс бастығы, майор, комиссия шенеунігі Салих мырза, бұл заттарды алмағаным үшін  мені  кеудемнен итермеңіз. Орыстар жайлы жағымсыз ойларым жоқ» дейді.

Алайда, Хиуа хандығының Сыр бойына жасаған шапқыншылығынан қауіптенген патша үкіметінің әскери басшылары бекініс бастықтарына батыр ант қабылдамаса да оны «мазалай бермей», қажет кезінде пайдалана білу керектігін қатаң тапсырады.

 

* * *

Қоқан, Хиуа хандықтарының дүркін-дүркін шабуылынан, ел ішіндегі руаралық талас-тартыстардан әбден қажыған Сыр, Арал өңіріндегі қазақтар тыныш өмірді аңсады, сол бейбітшілікті Ресей орнатар деп сенді. Сондықтан, Сыр бойына келген орыс әскерлерін, қоныс аударушыларды достық пейілмен қарсы алды. Бұл – сыртқы һәм ішкі саяси-экономикалық қайшылықтардан туған қажеттілік еді. Жанқожа мен оның қарауындағы қазақтардың мұндай ықыласы жөнінде орыс офицерлері: «…Хиуалықтарды қырғыздардың қанды жауы деп есептейтін Жанқожа біздің Сырға қоныс тепкен кезімізде ең бір табиғи, сенімді, өте қажетті одақтасымыз болды» деп жазды.

Бірақ, қазақтардың үміті ақталмады. Теңгерме салық кедей шаруаларды титықтатып, оны жинаушы билер, тілмаштар байлыққа белшелерінен батты. Жылына бір салынатын салық 4–5 рет жиналды. Қазақтар бекініс жұмысына еріксіз алынды. Бұрын мұндай жұмыс істемеген халық үшін, бұл каторгадан да ауыр тиді. Істеген жұмыстарына тиесілі, патша жарлығымен белгіленген еңбекақыларын есебін тауып форт қызметкерлері пайдаланып кетіп отырды.

Ол жайлы губернатор В.А.Перовскийге: «…Қазақтардың №1 фортта істеген жұмыстары үшін белгіленген мөлшердегі ақының жартысы ғана төленген, ал қалғанын Ахмеров өзінің жеке пайдасы үшін алып қалып, қазақтар форт басшысына шағым етпек болғанда, оларды жазалап, қорқытып отырған» деп хабарлады, Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы В.В.Григорьев.

Патша үкіметінің қазақтарға «тартқан сыйы» мұнымен де шектелмеді. Сыр бойындағы ең құнарлы суармалы жерлер қоныс аударушы казактар мен әскери шенділерге тартып алынып берілді. Мүлде жерсіз қалған қазақтардың тағдырымен олардың шаруасы болмады. «Жабайы» қазақтарды ұрып-соғу, атып тастау форт әкімдері мен солдаттарға түкке де тұрмады. «Бірде кірпіш күйдіру кезінде, солдаттар үш қазақты ұстап алып, «қызық үшін» пештің оттығына қамап қойса, бірнеше минуттан кейін олар түгі қалмай өртеніп кетіпті» деп есеп берген Қазалы фортының басшылары, өздерінен жоғарыдағыларға.

Осындай шектен шыққан зұлымдықтар бұқара халық пен Жанқожаның ашу-ызасын қанасынан асырды. Қартайса да, өзін ел қамқоршысымын деп ойлайтын ол  сексен үш жасында тағы айбалтасын білегіне іліп, атқа қонды.

Жаңа жыл қарсаңында Жанқожа сарбаздары бес мыңға жетті. Ол жан-жаққа хабаршы жіберді. 30 желтоқсанда Күлбарақ Бекбаулинді 100 адаммен Қарақұмдағыларға және Борсық құмындағы Есет Көтібаровқа жұмсады.

Көтерілістің етек алуынан қорыққан губернатор В.А.Перовский, 1857 ж. 1 қаңтарда 320 жаяу, 300 атты казагы, 3 зеңбірек пен 3 ракеталық станогі бар әскерге басшы етіп, генерал-майор Фитингофты Қазалыға жіберді. Оған Елекей Қасымов бастаған 400-500 сарбаз қосылды. Олар 3 қаңтарда Қазалыға жетті. Негізгі шайқас Қазалының батысында, Арықбалық алабында 9 қаңтар күні болды. Батыр сарбаздарын қамыс арасына орналастырып, Фитингоф әскерін қапыда қыспаққа алмақ болды. Бірақ, фортқа жалданып, тыңшылық жасап жүрген жансыздар Жанқожаның жоспарларын орыстарға алдын ала жеткізіп отырды. Мұны батыр сезген жоқ еді.

Шайқас болатын жерге бұлардан бұрын келген Фитингоф солдаттарын орналастырып үлгірді. Қарша бораған зеңбірек оғына қарамай Жанқожа атой сап, атына қамшы басқанда сарбаздар лап қойды. Бірақ, өңешінен от шашқан зеңбіректер, станокты пулеметтер сарбаздарды баудай түсіре берді. Алайда, Жалмырза Ақмырзаұлы, Сырлыбай Шабақұлы мен Тұмыш Шөжікұлының сарбаздары асқан ерлік көрсетті.

Осылайша, бір күнде он жеті рет жасалған шабуылдан кейін, күн батар алдында ту көтергендер «жау қаштылап», туды жығып қаша жөнелді. «Батыр мерт болды» деп ойлаған қалың қол бет-бетіне безіп кетті. Астындағы аты жараланса да, жаумен жалғыз шайқасқан батырды Жалмырза, Бекмырза мен Арғынғазы  қарша бораған оқ арасынан әзер алып шықты…

Көтерілісшілер Хиуа хандығының жеріне ығысты. Фитингофтың әскері оларды үш күн бойы қуып жете алмай, топ-топқа бөлініп, Қызылқұмдағы ауылдарды ойрандап, адамдарды қырғынға ұшыратып, малдарын айдап кетті. Олар тек ірі қарадан 21400 бас сиыр тартып алды. Жазалаушылар көтеріліске қатысқан-қатыспағандарды ажыратып жатпады. Осындай сұмдықты көзімен көрген Л.Мейер: «…мал құртылды, аштықтан өлуге келген адамдар талшық табу үмітімен орыс форттары маңына жаяу шұбыруда. Таланған бақытсыз жандардың бір бөлігі  Хиуаға кетті» деп жазды.

Перовский жазалау шараларын күшейтуге және салықты бұрынғыдан да көбейтуге бұйрық берді. Сырдария шебінің басшылары көтерілісшілерге сатқындық жасағандарға арнайы сый-сияпаттар тарту етті. Жанқожа Бұхара жеріндегі Ерлер шыңына қоныс тепті. Басқалары Қазақдарияда қалды.

1857 жылдың сентябрінде Күлбарақ Бекбаулин, Әйімбет Пұсырманов сияқты жүзбасылар Сыр бойына қайтқысы келетіндіктерін айтып, Кәлметдин молда арқылы шекара басшыларына өтініш білдірді. Өтінішті Жанқожа батыр да жіберді. Генерал Катенин жоғарыда аталғандарға 300 үйімен Сырға қайтып көшіп келуге рұқсат етті. Бірақ, Жанқожаға: «…әдейі адам жіберсін немесе Сыр бойына келген соң қандай жаза аларын өзі көрер» деп жауап қайтарды. Жанқожа Сырға келген жоқ.

Туған топырағында қалуды ойлаған ол 1860 жылы көктемде  Қоянбай дейтін жерде отырған ағайындарына жақындап келіп, Қаратыманың арқа тұсына қонды. Сол жерде аз-кем ерулеп, туыстарына қосылмақ болды. Бірақ, батыр арманына жете алмай, осы арада қайғылы қазаға ұшырарын білмеп еді…

 Бар ғұмырын халқының азаттығы жолына сарп еткен, талай хандар мен сұлтандарды, Хиуа мен Қоқан бектерін Сыр бойынан қуып, ел мерейін үстем қылған қайран ер қартайған шағында, осылайша өз қандастарының қолынан қаза тапты.

Әбдісаттар ОСПАНОВ, тарихшы, Қазақстан

Жазушылар  Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз