ЖАНАЛЫ ҚОРЫМЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Махамбет ауданына қарасты Алға ауылынан солтүстік-батысқа қарай 21 шақырым жердегі төбе басында Жаналы қорымы орналасқан. 2005 жылы бұл қорымға С.Әжіғалиев жетекшілік еткен батысқазақстандық кешенді этноархеологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының мемлекеттік тізіміне тіркелген. 

Алайда, ондағы құжаттарда аталмыш қауым жалпылай зерттеліп, тек Нұралы ханның ұрпақтары жерленгені жазылған. Біздің мақсат – сол зерттеулерді толықтырып, жеке-жеке тоқталу, ондағы жазуларды оқып, мазмұнын ашу болатын. Соған сай аталған қорымға ат басын бұрдық. Жолай кездескен Алға селосының бұрынғы әкімі Сайын Нұрғалиев «кезінде казактар Сарайшық қаласына соңғы рет шабуыл жасағанда төре-сұлтандар Жайықтың самар бетінен бұхар жақ бетіне қоныс аударып тұрақтап қалған», – деп қысқа қайырды. Және бір сөзінде осы жерге осыдан бірнеше жыл бұрын кезінде Жылыой аудандық атқару комитетінің төрағасы және Қызылқоға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы (1985-1991 ж.ж), Қызылқоға ауданының әкімі (1991-1994 ж.ж), Атырау облысы әкімінің орынбасары (1994-1999 ж.ж), Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы (1994-2001 ж.ж) және басқа да лауазымдарды абыроймен атқара білген, марқұм Есенгелді Нұршаев арнайы келіп, бұл төре-сұлтандардың қауымы екенін айтып, бірақ нақты кімдер жатқанын анықтай алмағанынан хабардар қылды. Шындығында солай. Мұнда жерленгендердің басым бөлігі төре-сұлтандар екен. Оған құлпытастарды оқу барысында көз жеткіздік.
Жалпы, қорымның уақыты – ХVІІІ-ХІХ ғасыр. Көлемі солтүстіктен оңтүстікке 100 м. шығыстан батысқа 150 м. шамасында. Ортаңғы бөлігінде бірнеше мазардың құландысының орны байқалады. Сонымен қатар, мұндағы құлпытастардың бірнешеуі сынған, кейбіреуі құлаған және ою-өрнектері мен жазулары табиғи эрозияға ұшыраған. Десек те, мұндағы құлпытастардың 70 пайызы жақсы сақталып, эпиграфикалық жазулар араб графикасымен бедерленген. Оның жазық бедерлі қашау және ойып қашау тәсілдері арқылы жасалып, биіктіктері 1,30-1,90 метр шамасында екені көрініп тұр. Құмды әктас материалдары қолданылған.
Енді аталмыш қауымдағы мүк басқан құлпытастарда анық сақталған жазулардың кейбіреулеріне тоқтала кетейік. Мысалы, сырты әдемі оюмен өрнектеліп, әспеттелген құлпытаста «Нұралы ханның немересі Әбілғазы сұлтанның ұлы Сейдәлі сұлтан 44 жасында 1845 жылы опат болды. Бұл тасты қалдырған інісі Нұржан сұлтан», – деп жазылса, келесі бірінде «Нұралы ханның ұлы Әбілғазы ханның халалы (әйелі) Қарабай сұлтанның қызы (қыздың аты да, қай жылы қайтыс болғаны да көрінбейді) … ханым 61 жасында опат болды», – делінген.
Бұл аймақтағы Қарабай елді мекені осы Қарабай сұлтанның есімімен аталуы мүмкін. Ал және бір құлпытаста «Нұралы ханның ұлы Арыслан сұлтанның немересі Тұнғалы сұлтанның ұлы Дүйсемғали 33 жасында 1848 жылы 3 дәлуде опат болды. Бұл тасты қойған інісі Құсалы немесе Қосалы»,- деп қашалып жазылса, әрі қарай «Табылды сұлтан ұлы Дүйсәлі немесе Досалы 32 жасында 1835 жылы … айының 2 күні опат болды», – деп жазылған. Оған қоса, тағы бір құлпытаста «Абдулғазы сұлтан Пірәлі ханұлы 64 жасында 1835 жылы опат болды», – деп, енді бірінде қырғыз қазақ Кіші жүз байұлының азаматы Абдурахманқожа Ахмедқожаұлы 53 жасында бақилық болғаны белгілі болып отыр. Айта кететін жайт, құлпытастағы сөзді тікелей аудармамен оқысаңыз, «опат» сөзі көбіне қайтыс болған жас пен жылдың алдына түседі. Ал, біз оны оқырманға түсінікті болу үшін жатық тілмен жазуды жөн санадық. Себебі, бұл жерде бабалардан қалған тарихи тағылым жатқанын халық біліп жүруі тиіс.
Бір өкініштісі – әлгінде айтқан қорымда табиғат салдарынан көрінер-көрінбес болып, оқу мүмкін емес құлпытастар жетіп артылады. Соның бірі – алдыңғы беті өте әдеміленіп, аса шеберлікпен жасалған, алыстан мен мұндалап тұратын әп-әсем құлпытас. Ондағы «ханым опат», оң жағында «хан», сол жағында «hәлә» деген сөздерінен басқа сөздері көрінбейді. Сол сөздерге және әсемдікпен салынған гүлдің суретіне қарап, «Әйел адамның құлпытасы-ау», – деп топшыладық.
Қорыта айтқанда, мұнайлы өлкенің әр ауданы мен ауылы тағылымды тарихқа толы. Оны әрбір құлпытастағы жазуды оқып, соны мұрағат құжаттармен салыстыра білген адам ғана біледі. Байқап қарасаңыз, жоғарыда біз оқыған құлпытастардың біразы – тарихта аты қалған төре-сұлтандардың ұрпағы. Бірақ, олар заманында кім болды? Артына нендей ізгілікті із қалдырды? Міне, осы жағы белгісіз. Тіпті, олар туралы деректер де жоқтың қасы. Сондықтан, осындай олқы тұстар тарихшылар назарынан тыс қалмаса игі. Сонда ғана тарихымыз түгенделіп, келешек ұрпаққа мұра болып қалары сөзсіз.

Ринат ӨТЕУҒАЛИ,
облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау,
қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі
мемлекеттік инспекциясының қызметкері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз