ЖАН СЕРІГІ – ӘН МЕН КҮЙ

Жұмыс күні аяқталып, жұрт үйді-үйіне тарасқан. Батырқайыр кабинетте жалғыз. Есеп-қисаптың жылдық қорытындысын шығарар кезде жұмыс та әдеттегіден көбейіп кетеді. Саусақтары есеп шотына маза бермей ойнақ салуда. Қимылына көз ілеспейтін саусақтар бейне бір шот соғуға жаралғандай. Ал, жасында оның «есепші бала», «домбырашы бала», «әнші бала» атанғанын екінің бірі біле бермейді. 

 

Ғибатолла ғибраты

Өнер адамын халық береді, оған өзі туып-өскен табиғат пен ортаның әсері мол екендігі белгілі. Батырқайырдың бойындағы өнердің бастау қайнары да осында жатыр.

Жазғы кеш… Киіз үйі маңынан күй күмбірі шалқи көтеріліп, төңіректі сұлу сазға бөлеген. Қос ішектен төгілген әсерлі әуен қаумалай отырған қариялардың жан-жүйесін баурап барады. Домбыра тартып отырған аққұба талдырмаш баланың қарсы алдындағы өткір көзді, қара торы жігіт оған ризалық сезімін білдіріп, ырғала күлімсірейді.

– «Қосалқаны» өте келісті орындадың. Өткен жолы сағақ жерінде үйіріп қағу орнына жәй қағыспен орындаған сәтің болып еді, енді мүлт жібермедің.

– Рахмет, Ғибрат аға!

Бұлардың бірі – он екі перне, қос ішектің су төгілмес жорғасы атанған Ғибатолла Мәсалимов те, екіншісі – зерделі талапкер Батырқайыр Қалиқов еді.

Талдырмаш бала домбыраның құлақ күйін тағы бір тексеріп шығып, қос ішекті қағып-қағып жібергенде жаңа бір күй самғай жөнелді. Домбыра үні сорғалай құйқылжып келіп, соңғы пернелердің біріне жете бере үзіліп кетті де іле шала қайта бір жойқын серпінмен өрлей түсті.

Өнерді қастерлей білетін мына халық бейне бір осы бір құйқылжыған әуенді жомарттықпен үлестіріп отырғандай. Құрман атаның «Сарыарқасы» орындалған соң  алқақотан отырған қариялар «Саржайлау» мен «Құдашаның», «Нар ату» мен «Кекілді» тартқызды. Домбыра сазы аракідік қариялардың дәмді әңгімесіне ұласып кетіп отырды… 

Жігітке жеті өнер де аз…

Батырқайыр – бал бармақ күйші ғана емес, жезтаңдай әнші де. «Бала кезімде әнге деген құштарлығымды оятқан марқұм Әбіш ағай болатын, – дейді ол.  – «Сұрша қыз» бен «Бұрылтайды» нәшіне келтіріп орындағанда тыңдай бергім келетін, сол ағайым фин соғысынан оралмай қалды».

Қазақтың ән өнері небір майталман шеберлерді баулып, қанаттандырған. Бірін-бірі қайталамайтын өз үнімен, шалқар даусымен танылған асқақ әншілер кейінгі толқынға өзінің шеберлік мектебін қалдырды. Асыл өнердің айтылуын солғындатпай, оларды өзіндік нақышпен өрнектеген тарландарды Батырқайыр өзінің өнер сапарындағы ұлағатты ұстазы деп білді. Оның үйіндегі кітап сөресінде халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің «Жетпіс ән» атты шығармасы сақталған.

Батырқайыр Алматыға барған сайын атақты әншіні әдейі іздеп келіп, сұхбаттасып тұрады екен. Бір жолы Ғарекең өнерпаз інісіне жақсы тілек, шығармашылық табыс тілеп, қолтаңбасы бар осы кітабын тарту еткен. Ол кітаптың алғашқы ақ парағына:

Ескерткіш үшін ұсындым,

Шығармам мынау – «Жетпіс ән»,

Таратарсың халыққа,

Өнеріме беріп мән, – деп жазып беріпті.

Ғарифолла Батырқайырға бірнеше жыл бойы серік еткен қызыл күрең домбырасын да қолтаңбасымен ұсынған. Батырқайырдың отбасылық альбомында Ғарекеңмен және оның отбасымен бірге түскен суреттері де сақтаулы.

1955 жылдың күзі. Алматыда көркемөнерпаздардың республикалық байқауы өтіп жатты. Театр залына жұртшылық тола жиналған. Бұл жолы олар гурьевтік өнерпаздардың өнерін тамашаламақ. Кезек жеке орындаушыларға тигенде сахнаға орта бойлы аққұба жігіт шықты. Алып-ұшпа мінез жоқ, сол баяғы биязы қалпы. Ол тамағын сәл кенеп қойып, домбыра ішегін безілдете қағып, орындайтын әнінің жалпы сарынын бірер қайырып алды да, мұхиттың «Көкайдайын» бастап кетті. Сезім пернесін дөп басқан. Сырлы әуен көмейден кең тыныспен төгіліп жатыр. Бұл жолы да оның әншілік өнері жоғары бағаланып, құрамына өзі бірге қатысқан домбыра оркестрі бірінші дәрежелі дипломға ие болды.

Б.Қалиқов Қазақстанның автомобиль транспорты министрлігі оқу орындары басқармасының облысымыздағы оқу басқармасында ұзақ жыл бойы есепші болып қызмет істеді. Қызмет істеп жүріп жоғары білім алды, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Еңбегі лайықты бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Балалары мен немерелеріне де өнер дарыған, түрлі музыкалық аспаптарда шебер ойнайды. Бұл күнде Бәкең зайыбы Зарифа екеуі зейнеткерлік демалыста, немере-шөберелерінің сүйікті ата-әжесі болып отыр. 

Он бес жылдан кейін жеткен аманат

Ән-күйді серік еткен жандардың дені ойдан өлең шығаруға бейім келеді. Батырқайыр да ақын жанды азамат. Оның бір қалың дәптері өлең-жыр шумақтарына толы. Тақырыбы әр алуан. Бәкеңнің жазбаларының арасында Иманғали Тасмағамбетовке арнау өлеңі де (бата-тілек) бар екен. Оның ер жетіп, мемлекет және қоғам қайраткеріне айналған тұлға ретіндегі болмысын жүрекке жылы тиетін кестелі де көркем тілмен өрнектеген.

Сол арнау өлеңді Иманғали Нұрғалиұлына табыс етудің сәті ұзақ уақыт түспеген. Бірде Бәкең Иманғалиды жақсы білетін Дархан деген жігітпен кездеседі. Өлеңді «жолың түскенде табыс етерсің» деп Дарханға аманаттайды. Дарханның 2014 жылы Астана күні қарсаңында Елордаға жолы түсіп, Бәкеңнің аманатын орындайды.

Көп кешікпей Дархан Иманғали Нұрғалиұлының сәлемдемесін алып, Батырқайырдың Геолог шағын кентіндегі үйіне келеді. Келген бойда пакетті ашып қараса, рамкамен көмкерілген Иманғалидың қолы қойылған хат пен алтын сағатты көреді.

«Құрметті Батырқайыр аға, Зарипа апай! Елорданың төл мерекесі – Астана күні қарсаңында жүрек төрінде төгіліп, көңіл хошымен өрілген үлкен құрметпен ағалық ізетке толы айшықты жырларыңызға шынайы ризалығымды білдіремін, – депті өз хатында Иманғали Нұрғалиұлы. – Өлең осыдан 15 жыл бұрын жазылса да, өзінің көркемдігі мен өміршеңдігін жоғалтпағаны таң қалдырды…».

 

Құмарғали ҒАБДЕШҰЛЫ, ардагер-журналист, Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз