Уақыт таңдауы

Ua yit ta dauyi Қоғам

КСРО-ның тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев кеңестік империя күйреуге ұшырап, оның орнына тәуелсіз 15 мемлекеттің құрылуына және олардың дамудың даңғыл жолына қадам басып, өзге елдермен терезе теңестіретініне күмән келтіруде. Танымал ресейлік кинорежиссер Радик Кудояров түсірген екі сериялы «Назначенный временем» деректі фильмі дәл осылай бастау алады.

????????????????????????????????????

«Иероглиф еш белгі салынбаған таза қағазға түскенде ғана келісті болады». Сарыарқа төсіндегі сайын дала үстінде бой көтерген ару Астананың бас архитекторы, әлемге әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава Қазақстанның бас қаласының құрылысына кірісерде осындай тағылымды ой айтқан-ды. Тыңнан түрен салып, әлем назарын аудартар айшықты қала тұрғызу – батылдық пен тәуекелділікті қажет ететін қадам. Осындай аса жауапты қадамға көшбасшыны уақыттың өзі таңдайтыны да рас. Бұған әлем куә! Тәуелсіздіктің ақ таңына апыл-тапыл басқан қадаммен жеткен Қазақстанның қарыштап дамып, әлемдік дәрежедегі айтулы мемлекетке айналуы жолында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтай саясаткердің басшы болуы – тағдырдың тамаша тартуы, уақыттың сыйы. Бұған дейін де «Шарль де Голль. Мәртебелі президент» атты фильмімен көпшіліктің, әсіресе, әлемдік саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің оң бағасын алған ресейлік танымал режиссер Кудояровтың жаңа туындысы осы ойымызды одан әрі айшықтай түседі. Елбасы қорының арнайы тапсырысымен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай түсірілген деректі фильм Атырау жұртшылығына да таныстырылды.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңін суреттеумен қатар, фильмнің өн бойында Қазақ елінің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сан түрлі сынақтар мен маңызды шешімдерге толы қайраткерлік болмысын, саяси ұстанымы мен дегдарлығын ашуға бағытталған элементтер көп кездеседі. Деректі түсірілімде мәлімет те өте көп. Десе де, автор сюжеттер ауысымын сәтті пайдалану арқылы көрерменін баурап, тұң-ғиығына тарта түседі. Бір деммен қаралатын туындыда жаңа елорда – Астана қала­сының географиялық қана емес, экономикалық, сая­си маңыздылығы да сарапталады.

Ресей, Жапония, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Австрия, Бельгия, Германия, Испания, Израиль, Италия, Швейцария секілді алпауыт елдер көшбасшыларының,  саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің Астана мен тәуелсіз Қазақстанның әлемдік саясаттағы орнын айқындап, тұғырын тіктеуіндегі Елбасының кемеңгер шешімдері туралы айтқан пікірлері туынды мазмұнын байытып, салмағын еселей түседі. Осы арқылы  көрермен Қазақ елінің жаһандық жетістіктері мен саяси рөліне сараптама жасай алады.

Қазақстан әлемдік қақтығыстың, шиеленіс пен дағдарыстың қай-қайсысына да бейжай қарай алмайды. Бейбітсүйгіштік миссиясын теңдессіз орындаған Қазақстан Президентінің ұстанымы мен көрегенділігіне танымал қайраткерлер, дамыған ел тізгінін ұстаған көшбасшылар да таңдана қарайды. Мемлекет басшысының саяси тәжірибесінің көптігі де сеп болса керек, басым жағдайда Қазақстан бітімгершілік пен келіссөздер алаңы ретінде таңдалады. Стамбул саммитінен кейін 11 жыл бойы тоқырауға ұшыраған Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының тарихи саммитінің Елорда төрінде өтуі – сөзіміздің айқын дәлелі. Ресей мен Украина арасындағы дағдарысты реттеу ісіне де қалай араласқаны жан-жақты баян етіледі.

Шекараға қатысты шиеленістерді де шу шығармай, тиімді мәмілеге келтіру – аса жауапты қадам. Фильм барысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай басшылығымен даулы аймақтарға қатысты мәселелерді оңтайлы шеше алғандығына тоқталады.

«Біздің Сыртқы істер министрлігімізде даулы территорияларға арналған 34 том тарихи картографиялық материалдар болды. Сондықтан, Қытай Халық Республикасы мен Тәуелсіз Қазақстан арасындағы шекаралық келіссөздер бос жерден басталған жоқ. Территориялық жол беру туралы сөз де қозғалуы мүмкін емес еді. Біз барлық тарихи материалдарды тыңғылықты қарап шықтық», – деді ол.

Фильмнің сюжеті сан алуандығымен көрерменін баурай түседі. Бірде тарихи суреттер жетегімен кеңестік кезең құрсауынан енді құтылған елдің алғашқы қадамдарына қарның ашып, атом бомбасынан зардап шеккен даладағы жұртпен бірге жыласаң, бірде бүгінгі Астананың ару келбетіне тамсанып, көңіліңді қуаныш кернейді. «Астана – таң қаларлық ақыл-ой мен шешімнің жемісі. Білесіз бе! Дәл қазір көшеге ұшатын «супермен» шыға келетіндей әсердемін. Өйткені, Астана – заманауи, теңдессіз талғаммен жасалған қала!». Ұлыбритания Парламентінің   депутаты Боб Стюарттың ерекше әсермен айтқан осынау бір сөзін ұтымды пайдаланған режиссер жаңа кейіпкерді «ойлап шығарады». Астананы аралаған Алтын адам. Музейден ұшып шыққан ол Астананы көз ілеспес жылдамдықпен аралап, көрнекті жерлері туралы толық мағлұмат беріп отырады. Зулай жүйткіген батырдың соңына ілесе отырып, саяхат жасайсың.

Түсірілім барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы айтылған пікірлер де сан алуан. Десек те, олардың басым бөлігі – Елбасының   саяси ұстанымдары, көреген көшбасшылығы хақында. Ал, ең қызықты да маңызды сөздер бас кейіпкер – Мемлекет басшысының сөзімен айтылады. Осыған дейін еш жерде ескерілмей келген ел тарихына қатысты тың деректер мен жеке өз басына, маңызды шешім қабылдар тұстағы ішкі сезімдеріне қатысты айтылған жүрекжарды сырлары өзінің шынайылығымен, деректердің бейнелі сөйлетілуімен де құнын еселей түседі. Жүрекке жылы, көңіл толқытарлық.

«Мен – өте арманшыл адаммын. Бала күнімнен мені алдымда үлкен бо­ла­шақтың күтіп тұратынын іштей се­зе­тінмін. Ол сезімнің қайдан келгенін тү­сінбеймін. Бірақ, ес білгелі осы бір ға­жай­ып сезім менімен үнемі бірге келеді. Әлі есімде, бір күні әжем түс көріпті. Тү­сінде мен ақ боз атқа мініп тауға қа­рай өрлеп бара жатыр екенмін. Орта жолға келіп, артыма қарасам, әжем: «Төмен қарама, таудың биігіне, шыңына шық» деп бағыт сілтеді. Бұл жай ғана түс емес, менің болашағыма бағытталған аян болса керек. Кейін әжем түсін айтып, өз жорамалын жеткізгенде-ақ мен сол болашаққа сенгенмін. Ол арманның дәл осындай жауапты қадамға алып келетінін нақты білмесем де, елім үшін пайдамды тигізетініме шын иланғанмын. Тіпті кейін Қарағанды политехникалық институтының студенті болғанымда, кейде таңертең беті-қолымды жуып, айнаға қарап тұрып: «Елің үшін қайтсең де пайдаңды тигізуің керек» деп өз-өзімді қамшылайтынмын. Осындай арман мен мақсат мені алға жетеледі. Елімнің тағдырына қатысты маңызды шешімдерді қабылдауыма себепкер болды. Мұны бұған дейін ешбір жерде айтпап едім, бүгін бөліскім келді», – деген Елбасы ауыл баласының қайраткер көшбасшы дәрежесіне көтерілгенге дейінгі өмір жолындағы маңызды сәттерімен бөліседі.

Деректі фильмнің ұтымды тұсы да – осы. Саяси салмақты деректерді кел-тіре отырып, қарапайым адами сезімдерді де тең жеткізе білген. Шебер шендестіріп, көрерменін толғантады. Енді бір сәтте «тауға қарап ер жеткен баланың асқақ армансыз болуы мүмкін емес» деген ой жетелесе, енді бірде қоңыр домбыраға қосылған қоңыр дауыс иесімен бірге әнге елітесің. Фильм-дегі тамаша кадрлар да әсеріңді айшықтай түседі. Қазақша әуенді  домбырада ойнаған Қазақстанның Тұңғыш Президентін Дүниежүзілік банк басшысы виолончельмен сүйемелдей жөнеледі.

Рас, армансыз адам болмайды. Қазақ елінің кемеңгер басшысын да сол асқақ арманы ел тарихындағы шешуші кезеңде жауапты қадамдарға жетеледі. Ал, оның азат елдің көк байрағын көкте желбіретер Көшбасшы екенін уақыттың өзі дәлелдеді.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз