ТӨГІНДІ СІҢГЕН ТОПЫРАҚ

немесе, қоршаған орта мұнай қалдығынан қорғалмай жатыр

Топырақтың мұнай және мұнай өнімдерімен ластануы – қоршаған ортаны қорғаудағы өзекті мәселе. Өйткені, оның табиғатқа және саулығымызға тигізер залалы шаш етектен. Әлемдік деңгейдегі бұл проблема мұнайлы өлкеміз – Атырауды айналып өтпесі белгілі. Ендеше, қосымшаның бүгінгі басты тақырыбы – мұнай төгінділері және оның қоршаған ортаға зияны болмақ.

 Атыраудағы мазут  тамшысы

Атырау өңірінің табиғаты экологиялық жағынан қолайсыз, батпақты, тұзды топырақты болып келеді. Оның үстіне кейінгі кезде мұнай өндірісі орындарының іске қосылуы экологиялық жағдайды қиындата түсті. Өндіріс дамыған жерде экологиялық проблемалар қатар жүретіні белгілі.

Жуырда Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағынан тыс жерде мазут дақтары табылып, алаңдатушылық туғызды. Перетаска тұрғындарының айтуынша, мұнай өнімдері төгілген орынға екі трактор келіп, мазутталған топырақты тасып әкеткен. Бұл ретте Атырау қалалық прокуратурасы Атырау облысы бойынша экологиядепартаментіне тексеру жүргізуге, кінәлілерді анықтауға талап қояды.

Бұл фактіге қатысты Атырау облысы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы Бағдат Жақыпов Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағынан тыс жердегі Перетаска ауылынан 70 метр қашықтықта екі жерде мазут тамшылары төгілгенін растады. Оның айтуынша, ластанған жердің бірінің көлемі 2 метр, ені 3 метр, тереңдігі 10 см-ді құрайды.

Ал, екінші ластанған аймақтың ені мен ұзындығы 1 метр, тереңдігі 5 см. Құзырлы орган өкілдерінің болжауымен, бұл факті ескі мұнай коллекторының жанар-жағармайдың төгілу көзі ретінде қаралуда. Дәлірек айтқанда, коллектор 1985 жылы тұмшаланғанымен, жылдар өте ол аға бастап, мазут біртіндеп топырақтың бетіне шықса керек. Өткен айларда жауған қатты нөсерден кейін су оны топырақ бетіне қалқытып шығарған. Бүгінде экологтар төгінді ауқымын анықтап, құбырдың кімге тиесілі екенін зерттеуде. 

Алқаптағы мұнай  төгінділері

Мұндай оқиғалардан аймақтағы ашық алқаптар да кенде емес. Мәселен, жуырда табиғат қорғау прокуратурасының Мақат ауданы аумағына жүргізген рейд жұмыстары барысында Қарабатан стансасы мен Таскескен разъездінің арасындағы темір жол бойынан мұнай төгіндісі анықталды. Қара алтын қалдығы облыс орталығынан небәрі 40 шақырым жердегі Қарабатан стансасы аумағында табыл-ған. Белгілі болғандай, мұнай шамамен 250 шаршы метр аумаққа жайылып, жан-жағындағы өсімдіктер күйіп кетіпті, кей жерлері қазылған. Экологтар сынама алып, қоршаған ортаға келген зиян көлемін анықтауда.

– Төгіндінің төгілгеніне біраз уақыт болған. Ол жаңадан төгілгенге ұқсамайды. Ластанған аумақ – 0,75 гектар, жерге сіңуі 15 см-ді құрайды. Бұл жерден «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның темір жол торабы және «Транстелеком» АҚ-ның кабелдерді қорғау аймағы өтіп жатыр. Осыған байланысты заң талаптарын басшылыққа ала отырып, ластанған жердің кімге тиесілі екені, мұнай тәріздес сұйықтықтың төгілуінің орын алу себебі тексерілуде, – дейді Б.Жақыпов. Оның айтуынша, жерге сіңген мазут жауын жауса топырақтың бетіне қалқып шығады. Шамасы, мамыр айындағы қатты нөсердің ылғалы жерге сіңген болуы керек, мазутты топырақтың бетіне шығарып жіберген.

Тізе берсек, табиғат пайдаланушылар жерді пайдалану кезінде топырақтың ластануына, қоқыстануына, тозуына, құнарлылығының төмендеуіне жол берген дәйектер аз емес.

Мәселен, Атырау облысы бойынша экология департаменті «Қазтрансойл» АҚ Батыс филиалына жоспардан тыс тексеріс жүргізу барысында Мартыши-Атырау магистралды мұнай құбырының шамамен 81,6 шақырымында жерге мұнай түріндегі ластаушы зат төгілуін туындатқан апатты жағдай орын алғанын анықтады. Б.Жақыповтың айтуынша, мұнай құбырын кесу орын алған оқиғада топырақтың мұнаймен ластану аумағы жеті учаскеге бөлінген.

Айта кету керек, табиғат пайдаланушы қоршаған ортаға ластаушы заттар шығарылған және төгілген апаттар туралы ол анықталған кезден бастап екі сағат ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлауға міндетті. Алайда, бұл ретте кәсіпорын тарапынан белгіленген уақытта хабарланбай, заң талаптары бұзылған. Кейін заң шең-   берінде жұмыстар атқарылып, 396 мың теңге көлемінде кәсіпорын айыппұл төледі. Бұдан басқа апатты жағдай кезінде Сарыөзек каналы суының бүлінуін айтпай кетуге болмайды. Каналға 0,2 тонна көлемінде мұнай төгілген.

Бүгінде бұл жерлер тазаланып, 18,78 текше метр мұнаймен ластанған топырақ «Экотехникс» серіктестігіне тапсырылды, сондай-ақ, канал суы толықтай қалыпқа келтірілді.

Бұдан басқа, мұнай төгін-дісімен қоршаған ортаны ластаушы кәсіпорындар ішінен «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» және «Теңізшевройл» ЖШС-тері көш бастайды. «НКОК» 17,3 мың тонна топырақты ластаса, «Теңізшевройл» серіктестігі 11,46 мың тонна топыраққа залалын тигізген. Бұл биыл бірінші жарты жылдықта орын алған фактілер.

Ал, өткен жылы қоршаған ортаға залалын тигізген 16 мұнай төгіндісі анықталыпты. Олардың әрқайсысы тексеріліп, табиғат пайдаланушылар айыппұл төледі. Ластанған топырақ тазартылып, қалпына келтірілген. 

«Мәселенің шешімі – бұл емес!»

Мұнайды бұрғылауда, құбырлардың жалғасқан жерлерінен шикізаттың төгілуі топырақ, атмосфера, судың ластануына әкеліп соғады және биосфераны залалдандырып қана қоймай, адамзаттың денсаулығына зиянды әсерін тигізеді.

Топырақ мұнай қалдықтарымен аз мөлшерде ластанған жағдайда, оны қайта қалпына келтіруге болады. Ал, көп мөлшерде ластанса, оған қарсы күрес жүргізуге тура келеді. Бұл жөнінде академик Мұфтах Диаров бізге кеңінен түсіндірді.

Қатты ластанған аймақтарда топырақтың тығыз қабаттары жалаңаштанады, нәтижесінде топырақтың қуаңдануы мен тұздануына әкеліп соғады. Ластанған топырақты қалпына келтіру мақсатында топырақты тазарту және рекультивациялау технологиясын жасау үшін қаншалықты мұнай қалдықтарымен ластануын, құрамын дәл анықтау қажет. Мұнай қалдықтарының топырақтың құрамына әсерін білу мақсатында химиялық және физика-химиялық талдаулар пайдаланылады. Жалпы, мұнаймен ластанған топырақтың қалпына келуі – ұзақ процесс. Сол себепті аймақта топырақтың құнарлылығын арттыру – бүгінде үлкен проблема, – дейді ол.

Академиктің айтуынша, аймақтық тәжірибеде тазалаудың механикалық әдісі қолданылып келеді. Дәлірек айтқанда, топырақтың ластанған қабатын алып тастау, тасымалдау және сақтау. Ластанған топырақты төгетін орын биік қоршаумен қоршалған, тұрғындарға зияны тимес үшін ол ауыл-аймақтан шалғай орналасуы керек.

Айта кету керек, топырақтың ластанған қабатын алғаннан кейін оның орнын таза құнарлы топырақпен толтырып отыру маңызды. Бұл ретте М.Диаров ластанған топырақты жерге көмерде зертхананың қорытындысынан кейін оған қажетті бактериялар берудің маңыздылығын айтады.

– Бактериялар беру топырақ құрамындағы мұнайды тазалауға себін тигізеді. Ал, бізде бұл талаптардың сақталып жатқаны байқалмайды. Табиғат пайдаланушылардың ластанған топырақты тек тасып әкетуі – мәселенің шешімі емес. Ластанған топырақты мұндай әдіспен тазалау мұнай өнімдерімен ластанудың проблемасын шешпейді. Ол тек табиғи экожүйедегі экологиялық дағдарыстың басталу уақытын кейінге жылжытады. Топырақтың мұнай қалдықтарымен және әртүрлі химиялық реагенттермен, өндіріс қалдықтарымен, радиоуклидтермен ластануы, топырақтың тұздануы, дефляция мен эрозияға ұшырауы – техногенез өршуінің тікелей жолдары болып табылады. Бүгінде жеріміздің құнарсызданып, құрғақшылыққа жетіп жатқанымыздың басты себебі де – осы. Бұған атүсті қарауға болмайды. Табиғат пайдаланушылар топырақты қайта қалпына келтіруі үшін микробиологиялық әдістерді, сапалы мұнай сор-  бенттерін пайдаланудың мәні өте зор. Топырақты қайта қалпына келтіру мақсатында пайдаға асыру және рекультивациялау технологиясының экологиялық және экономикалық тұрғыда тиімді жолдарын іздестіру қажет, – дейді ол.

Облыстық экология департаментінің мәліметі бойынша сандарды сөйлетсек, өткен жылдың бірінші жарты жылдығында мұнай өндіру кәсіпорындарынан 115,8 мың тонна қалдық шығарылған. Одан басқа, қатты күкірт 59,3 мың тоннаға жетіп жығылса, өндіріс қалдықтары 85,6 мың тоннаны, қалғанын қатты тұрмыстық қалдықтар құрайды.

Ал, ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында шығарылған қалдық 217,3 мың тонна. Өткен жылмен салыстырғанда, көр-сеткіштің өсуіне басты себеп – «Болашақ» зауытында және темір жол кешенінде жөндеу жұмыстарының көбеюі, құрылыс жұмыстарының артуы салдарынан деп түсіндіреді мамандар. 

Аққалалықтар неге  алаңдайды?

Мұнаймен ластанған топырақ шығарындыларымен айналысатын өңірде сегіз серіктестік жұмыс жасайды. Соның бірі «Экотехникс» ЖШС-нің лас-танған топырақты жинақтайтын екі орны бар. Бірі – Жылыой ауданында. Енді бірі осыдан төрт жыл бұрын Индер ауданының Аққала ауылында салынған.

Селодан жеті шақырымда орналасқан орын периметр бойынша қоршалған. Төгу алаңының жұмысы күн жылы кезде, яғни, мамыр-қыркүйек аралығында іске қосылады, басқа кезде жабық болады. Мұнда құбырдан аққан, болмаса басқалай апат кезінде төгілген мұнай қалдықтарының топырақтары әкелінеді. Индер ауданы көлемінде мұнай айдау стансасы бар, бірақ одан бүгінге дейін мұнай қалдықтары кездескен жоқ. Сол себепті, өзге аймақтың ластанған топырағын ауданға тасымалдауға шек қойылуы керек. Бұл жөнінде Атырау облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор Марат Мұқанов болашақтарын ойлаған аққалалықтар үшін оның жұмысын тоқтату қажеттігін айтады.

– Алаң Жайықтан екі шақырым жерден таңдалды. Негізінде Жайықтан он шақырым жерді таңдауға болатын еді. Телімді пайдалануға беру кезеңінде қалдықтар әрі қарай қайта өңдеуге мазутталған топырақ және мұнай қалдығы түрінде екі рет 2011 және 2012 жылдары әкелінді. Бұл тәжірибе ретінде төгілген болатын. Шамамен 40-50 тонна ластан-ған топырақ тасымалданды. Сол кезде топырақты мұнай қалдықтарынан тазалайтын микроб, бактериялар жіберілді. Одан кейінгі жағдайдың не болғанын айта алмаймын. Себебі, кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланғалы бұл жерге барған емеспін. «Экотехникс» ЖШС-мен келісім-шарт мерзімі 2016 жылы бітеді. Ал, келісім-шарт мерзімін ұзартуға қарсылық танытатынымыз анық. Өйткені, Индер – мұнай қалдықтарынан таза аймақ. Сондықтан, бұл алаң жұмысын тоқтатқаны жөн,– дейді М.Мұқанов.

Жуырда бұқаралық ақпарат құралдарының бірі көршілес Ақтөбе облысында мұнаймен ластанған топырақты жинақтау орнының лық толғанын хабарлады. Бұған наразылық білдірген ақтөбеліктер бұдан әрі қалдықты төгуге жол бермейтіндіктерін айтып, шарқ ұруда. Күндердің күнінде мұндай кикілжің бізде де тумасына кім кепіл?!

 

Түйіндеп айтқанда

Халықтың әл-ауқаты мен ауыл шаруашылығының өркендеуі топырақтың құнарлылығына байланысты. Ол – адамзат үшін ең басты байлық, біздің өміріміз соған байланысты. Елімізде жерді күте білу маңызды проблемалардың бірі болғанымен, оған көзқарас бүгінде ойдағыдай емес. Жер және оның байлығы қазіргі өмір сүріп отырған адамдарға ғана емес, келешек ұрпаққа керек екенін әлі түсініп болған жоқ. Қаншама техника алға басқанымен, адамдар өздеріне керектінің бәрін дерлік топырақтан алатынын ұмытпасақ игі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз