ТІЛІНЕН БАЛ ТАМАТЫН…

Әбіштей кемеңгер адамның арамыздан кеткені қабырғама қатты батты. Ардақтаған азаматымызды жазмыштың бұйрығымен ажал ортамыздан ойып алып кетті.  

 

Әбіш Кекілбаев –  Мұхтар Әуезовтей ұлылардың өкшесін басқан асылдың сынығы еді. Қайталанбас талант иесі болатын. Шығармаларын оқып отырғаныңда тереңіне тартып әкетеді.

Ол  – заңғар жазушы ғана емес, мемлекет қайраткері болған ерен тұлға. Еліміздің саяси өміріне етене араласып, маңызды оқиғалардың бел ортасында жүріп, тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз қолтаңбасын қалдырған азамат. Беделді мінберлерде ел атынан кесек пікір, дуалы сөз айтқан көсем еді. Басқа жұртқа «Біздің Әбішіміз бар» деп мақтана алатынбыз.

Маған деген ықыласы бөлек болатын.  Бір-екі жас кішілігі бар еді. Жас кезімізде жақсы араластық.  Елу жасқа толған мерейтойымда сөйлеген сөзі әлі есімде. Әбіш сөйлегенде тілінен бал таматын. Оны тыңдай бергің келеді. Шешендігіне, көсемдігіне таң қаласың.  Ондай адамдармен әңгімелесудің өзі бақыт еді.   

Баланың күйігі –  өзекте. Мезгілсіз өмірден өткен тұңғыш ұлы Әулеттің қазасы жазушыға ауыр соққы болды. Енді оның отбасы үшін аяулы жардың, ардақты әкенің, абыз атаның орны ойсырап қалады-ау. Қазақ әдебиеті руханиятты өрге сүйреген қара нарынан айырылды, халық асыл перзентін жоғалтты. Туғандарына жүрегім езіліп, көңіл айтамын. Әбішімнің алды –  жұмақ, арты – шуақ болғай!  

Асанәлі ӘШІМОВ,

КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз