ТЕТЕЛЕС БАУЫР, ТЕҢ ЖОЛДАС

Кең Жылыойдың перзенті
Мақсым Шафиқұлы Ізбасов
бауырым абыройлы 60 жастың белесіне көтерілгенде ойға оралған сыр мен жыр

Бұл кездесуге де жарты ғасырдан астам мерзім зулап өте шыққан екен-ау. Тізгіні қатты тарпаң уақыт деген осы.

Біздің үй сол жылы Жем бойының Қазыбек атты жайлауында отырған. Жаздың жарқын кезі. Жемнің де ағысы атты ықтырмаса да, адамды қауіптендіретіндей шағы. Жердің де оты көз арбап, көңіл тоғайтып, мал баққан жұрттың арқа-басы кеңіген кез болатын. Ойын баласымыз. Қойдан қол босағанда қармақ қолға тиеді. Су жағалап, құм шиырлап, балтырды түрініп, бірде байыздап, бірде жүгіріп, тыным таппаймыз. Шамасы, менің төртінші кластан бесіншіге көшкен жылым болар.
Әкем түс мезгілінде отарды суға иіріп тастап, бір сәт көз шырымын алады. Сол кездегі жауапкершілік біздің мойында. Жырақ жер, орталықтан алыс болғасын ба, күтпеген жерден келіп қалатын қонақтарды қуана қарсы алып, құлдилап алдынан шауып шығамыз. Сондай күннің бірінде қыр астынан машина гүр ете қалды. Үйден жүгіріп шықсам, бір жеңіл машина (сол кездегі брезент жабулы «УАЗ» машиналары) біздің үйге қарай дала жолын шаңдатып, төтелеп тартып келеді екен. Шаңды шұбата ерте келген машина үй алдына келіп тоқтай қалды да, есігі асықпай ашылып, одан алып денелі бір аға баппен түсе бастады.
– Орекең ауылда ма?- деді алып аға басын әнтек шайқап.
– Үйде, – деп жол бастай жөнелдім.
– Сенің атың Өтеген бе еді осы? – деді қонақ аға.
– Иә, – деп қысқа жауап қайырдым. «Менің атымды білетін бұл кім?» екен деген сұрақ көкейіме қапталдасты.
Абыр-дабыр әңгімеден құлақтанып қалған әкем есік алдына шығып, қонақпен құшақтаса амандасты.
-Әй, бәлшабек, (кейін білдім, бұл большевик деген сөз екен) жағдайың қалай? Қарындасымның хал-жағдайын білейін деп бұрылдым. Күн де жанып кетті ғой, таңдайым кеуіп, шөлдеп те келе жатырмын,- деп қонақ аға бастырмалата сөйлеп, әкеммен әзілдесіп те алды. –Жұрт ауыстырыпсың, дұрыс болған екен, мал ауылдарын жаппай аралап келе жатырмын. Көбі айналасын жеп тастап, шаңытта отыр. Ұрсып келе жатырмын. Қырға шыққасын, қоныс аударып отырмас па? Малға да, жанға да жайлы жағын ойлау керек қой,– деп шаруа жайын да тәптіштеп айтып тастады. Айналасына жалт-жұлт қарап қояды. Баяғының батырлары сияқты. Қызыға қараймын.
Сәлден кейін ерте піскен марқаның қызыл қуырдағы да дастарханға жетті. Әңгіме де қызды. Қонақ қызыл күрең шайды көсіле тартып, тер жүгірген желкесі мен жіпсіген маңдайын көлдей қол орамалымен сүртіп тастап, әкемнің шежіреге бастаған әңгімесін қызу қоштап, арасында пікір қосып, кейде келіспей қалып, дауласып сөздің көрігін қыздырды. Содан әңгімесі жарасқан екеуі – бірі қайнаға, бірі күйеу бір-бірін қолпаштай әзілдеп, күтіп тұрған көлікке қарай бет алды. Әкем қонақтың қолтығынан көтеріп, атқа мінгізгендей аттандырып салды.
– Көке, жаңағы кісі кім? – дедім ол аттанып кеткесін.
– Ол сенің нағашың, біздің совхоздың директоры Шафиқ деген кісі. Осы ауылды өрге сүйреп, аты мен атағын шығарған, алыс-жақынға беделді де абыройлы адам, батыр мінездес мәрт кісі. Жақсы ұрпақ, текті тұқым.Оның да сендей ұлы бар, сенен бірер жас кішілігі бар ма екен, тетелес болар, кейін танысарсың, – деді әкем жан-жақты жауап беріп. Содан «бұл кісінің баласы да өзі секілді алып болар, күресіп көрер ме екен», деп қиялдап жүрдім.
Қоңырауы сыңғыр қаққан қыркүйек те келді. Мені әкем Ақкиізтоғайдың интернатына әкеліп жатқызды. Ойын баласымыз. Бірде келісіп, бірде шекісіп жүріп жатамыз. Бір күні басқа балаларға қарағанда момындау, мүмкін сәл бұйығылау көрінетін бір баланы көзім шалды. Алысып-жұлысып ойнамайды. Бәрімізге көз тоқтатып қарап, өзін байсалды ұстап, көбіне шеттеу тұрады.
– Атың кім сенің? – деп қасына жақындадым. «Максим» деді ол сәл тартынып. «Не, атың орысша ма?» деп бір кластасым қапталдаса кетті. «Жоқ» деді ол нық сөйлеп, өзіне сенімді үнмен. Бұл баяғы алып аға – осы ауылдың басшысы Шафиқ Ізбасов ағаның ұлы Мақсым Шафиқұлы болатын. Күн қаққан қоңырқай жүзіне байсалдылық нұры жүгірген Мақсымды көргенде сол алғашқы кездесуім мен Шафиқ ағаның біздің үйде болған кезін үнемі есіме түсіремін. Шафиқ ағаның қолына су құйған сол бір шақты еске алу арқылы қымбатты ата-анамды еске аламын. Сонда жаным жадырайды, көңілім көкке көтеріледі.
Ауыл шаруашылығының ардагері, бір кезде аты мен атағы аспандап, Атырау өңірінде шаруасы шалқыған, ізі сол кездегі «Коммунизм таңы» совхозына ұласатын шаруашылықты ұзақ жылдар басқарып, елімізге танытқан еңбек қайраткері Шафиқ Ізбасовты сол кезде еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін жатқа білетін, құрмет тұтатын. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінерге жарар ол» деп абыз ақын айт-қандай, халқы қадірлеп, елі сүйген асыл аға туған ауылымыздың туын биікке көтеріп, кейінгі толқынға үлгі-өнеге қалдырып, өмірден озды. Еңбегінің зейнетін көріп, ұрпағының өсіп-өнгенін көріп, елдің еңсесі көтерілгенін көріп, көңілін бірлеп аттанды.
Тектіден текті туады. Жақсыдан жақсы туады, ата жолын қуады.Сол тектінің тұяғы, қазақ мұнайының халық игілігіне айналуына өзіндік үлесін қосқан, еліміздің экономикасы мен әлеуметтік дамуына лайықты қолтаңбасын қалдырып келе жатқан білімді маман, білікті азамат Мақсым Ізбасов бүгінде алты асқардың белесіне көтеріліп отыр. Абыроймен жетіп отыр осы жасқа. Талай жылдар үлкен-үлкен мұнай кәсіпшіліктерін, басқармалар мен бірлестіктерді дөңгелете басқарды. Қатардағы маманнан қадірлі ұстазға айналды. Жігіт ағасы атанып қана қоймай, ел ағасы атанатын кезеңге аяқ басты.
Туған жерден алыста көп жүргендіктен бе, әлде табиғатым солай ма, мен туған ауылымның әрбір баласын, әр перзентін жақсы көремін. Олар туралы айт-қанда қымбатты балалық шағыммен қайта қауышқандай боламын. Маңдайын күн сүйіп, Кең Жылыойдың алғашқы таңын бірінші болып қарсы алатын Ақкиізтоғайым – мен үшін Мысыр шаһары. Осы ауылда тудым, ержеттім, арман қудым, алысқа ұзадым, азды-көпті атым шыққан болар, соның бәрі туған жерімнің құдіреті деп ойлаймын. Ақкиізтоғайым туралы жазған жырларымның өзі толық бір кітап болды. Бұйыртса, оны жеке жинақ етіп шығарсам деп жүрмін.
Осы ауылда туып-өсіп, туған жерінің қадірлі перзенттерінің біріне айналған Мақсым бауырымды өзіме тетелес іні, тең жолдас көремін. Оның жетістігіне қуанып, тілектес болып жүремін. Ауданның тізгінін Мақсым ұстаған кезде өзім де құр атқа мінгендей қуандым. Ауданның өркендеп, дамуына енді ол өзінің сүбелі үлесін қосып келе жатыр. Жалпы, кезінде ән мен жырға арқау болған, ұлылардың табаны тиіп, қасиетті төрі болған Жылыой аймағы Атыраудың алтын алқасы деп ойлаймын. Сол алтын алқа Атыраудың да абыройы болсын деп тілеймін. Алтынның жарқырауы азаматына байланысты ғой. Ат үстіндегі азаматтар аман болсын.
Тәуелсіздіктің алғашқы арайындағы тар жол, тайғақ кешулерді де көпшілік ұмытқан жоқ. Сол кезде қазақ мұнайы қайрат қылды. Елдің еңсесін тіктеді, Елорданы жаңа қонысқа көшірді, әлемдік қауымдастықтағы қазақ жұртының атағын аспандатты, алысты жақын етті, досты туысқа айналдырды, жатты жақындатты. Осы майданда жүрген Мақсым Ізбасовтың қолтаңбасы одан әрі беки түссін. Мерейлі шағын бастан кешіп, ел алдында есеп беріп жатқан Мақсым бауырыма шынайы ниетпен құтты болсын айтамын:
Тетелес інім, тілегім бүгін сен деген,
Өлеңмен айтып, өзіңе сәтті жол берем.
Туған ауылдың түтінін көкке создырып,
Оза бер ылғи көрініп сөре – кермеден.

Алпысқа келдің, осы жас деген талтүсің,
Арман мен ойың қанатын керіп,
шалқысын.
Қуанып елің қол соға берсін атыңа,
Жігіттің тері маңдайдан шықса –
халқы үшін.
Кемелі кенен Кең Жылыойдың мына
даласын,
Ағасы болып, панасы болып бағасың.
Қара маржанын қазынаға төгіп саласың,
Қара мұнайдан ақ деген алғыс аласың.

Көгілдір отын – көкжиектегі орамал,
Өзіңе сенген қала мен байтақ дала бар.
Ақ деген алғыс – алашың берер марапат,
Марапатыңды келер күндерге ала бар.

Күншуақ ойдың сәулесі бүгін сырғанап,
Бергендей маған көптен де күткен
жырға бақ.
Тарта бер алға, тетелес інім – нағашым,
Алыстан саған Ақкиізтоғайың тұр қарап.
Самғай бер, келер күндерді жалғай бер,
Мақсым бауырым!

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жылыой ауданының құрметті азаматы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз