ТӘЖІҒАЛИ ТАҒЫЛЫМЫ

...1937 жылы әскер қатарына азаматтық борышын өтеуге аттанған  Тәжіғали Садықов сол кездегі Кеңес Одағының оңтүстік шекарасын қорғауға жіберіліп, елге 1939 жылы оралыпты. Сол кездегі Түркмен ССР-і Жоғарғы Совет Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған. Онда былай деп жазылған еді.  (Құрмет грамотасы үй мұрағатында сақтаулы тұр): «Дана тов. Садыкову Таджгали в том, что он Указом Президиума Верховного Совета Туркменской ССР от 23 ноября 1939 года, в ознаменовании 15-летия Туркменской ССР за проявленную бдительность при охране государственной границы и за отличные показатели в боевой и политической подготовке награжден настоящей Почетной Грамотой. №4103 г.Ашхабад. Секретарь Президиума Верховного Совета Туркменской ССР».      

 

Бұл – кейін соғыс және еңбек ардагері атанып, неше түрлі мәртебелі атақтарға ие болған әкемнің тұңғыш марапаты. Әскер қатарынан оралған соң Гурьевке (қазіргі Атырау) қайта оралып, қаладағы Жамбыл атындағы орта мектепте әскери дайындық және дене тәрбиесі пәнінен сабақ береді, өйткені, орта мектептерде осы пәндерден кадр жеткіліксіз болатын. 

1941 жылы дүниені дүр сілкіндірген сұрапыл соғыс басталысымен алғашқылардың бірі болып, 25 шілдеде Батыс майданға аттанды. Рота командирі Т.Садықов Батыс Украина, Польша, Чехословакия майдандарындағы сұрапыл соғыс ішінде жүріп, алғы шепте жауынгерлеріне жігер беріп, жауға соққы береді. 1945 жылы ақпанда «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Сондай жойқын күндердің бірінде 1945 жылдың 29 наурызында ауыр жарақат алады. 1 мамырда госпитальдан шығып, одан әрі Праганы азат ету шайқасына қатысады. Жеңіс таңын да сол жерде қарсы алыпты.

Болашақ жарына Прагадан  жазған хатында: «Тұрған жеріміз орман, қала қашықтау. 40 жастан асқандар мен кіші офицерлерді елге жіберіп жатыр. Бізге қашан кезек келері белгісіз. Дегенмен, көп кешікпей барып қалармыз деген үміттеміз» деп жазған екен. «Соғыстан аман-есен қалсам, елге өзіңді ала кетем деп» хат арқылы уәде байласқан әкеміз, жолда Ақтөбе қаласына соғып, сүйген қызы Сәния Ысқаққызын бірге алып келіп, ата-ана, бауырларын екі бірдей үлкен қуанышқа бөлейді. Алайда, он күннен кейін өзінің Ташкентке әскери округке қайта баруы керек екенін айтады. Сөйтіп, бір жылға жуық Кушка қаласында әскери қызметін жалғастырған. Анамыз қарттардың қасында қалып, облыстық білім басқармасының кадр бөлімінде жұмыс жасаған екен. 

Әкем 1946 жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында елге аман-есен оралып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында кадр бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Соғыс кезіндегі ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбектері лайықты бағаланып, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және көптеген медальдармен марапатталды. 

Рота командирі, аға лейтенант  шеніндегі әкеміздің соғыстағы ерлік істерінің бірі туралы майдандас досы, жауға қарсы әрекеттердегі жасырын партия ұйымының басшысы И.Комаровтың 1965 жылы 9 мамырда орталық газеттердің бетінде «Слово о Тажгали Садыкове» деген мақаласы жарық көрген. Онда Одердегі Глагого қаласы үшін шайқас туралы бөле-жара айтылады. «Үш сағатқа  созылған үздіксіз соғысу бәрібір жаудың ойлағанына жеткізбеді. Олардың  жоспарының күлін көкке ұшырған аға лейтенант Т.Садықовтың ұландары болатын. Сол шайқаста Тәжіғалидың өзі де сол жақ жамбасынан ауыр жарақаттанған еді. Т.Садықовтың балалары мен туғандары! Әкелеріңіздің өшпес ерлік істері Сіздердің ұрпақтарыңыздан жалғасын тауып, өнегесі мәңгі сақталсын» деп жазыпты ол.

Соғыстан кейін әкем қалалық партия  атқару комитеттерінде жауапты қызметтерде, ал анам Сәния Ысқаққызы облыстық партия комитетінде әйелдер бөлімін, кейінірек облыстық білім басқармасының кадр бөлімін басқарды. 1952-54 жылдары әкем Жылыой аудандық атқару комитеті төрағасының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып, сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Өтеп Балғымбаев ағамызбен қоян-қолтық еңбек етіп, сыйласып өтті. 

1954 жылы СОКП Орталық партия комитетінің «Артта қалған колхоз-совхоздарға тәжірибесі мол 30 мың кадр жіберу» туралы қаулысына сәйкес, Махамбет ауданындағы шаруашылығы тұралап қалған Фурманов атындағы колхозға  басқарма бастығы етіп жіберіледі. 1957 жылы кішігірім колхоздарды біріктіріп, совхоз құру кезінде «Теңдік» совхозының директоры, 1958 жылы облыстағы ең артта қалған «Редут» колхозын көтеруге басқарма бастығы етіп жіберіледі. Ол өзіне тапсырылған қандай жұмысты да айрықша жауапкершілікпен атқарды. Кезінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы  болған, ел ағасы Оңайбай Көшеков «Іскер басшы, жаны таза жан еді» деген естелік мақаласында: «Мен Тәжіғали Садықұлымен қалалық партия комитетінде, қалалық атқару комитетінде біршама жыл бірге қызмет жасадым. Онымен кейініректе де үнемі жақсы қарым-қатынаста болдым. Тәкеңнің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, қалалық атқару комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Ол тапсырылған істерді үлкен жауапкершілікпен атқарып, колхоздар экономикасын көтеруге үлкен үлес қосты. 1963 жылы облыстық партия комитеті оның еңбекқорлығын, іскерлік қабілетін ескеріп, облыстық мал дайындау және бордақылау басқармасының бастығы етіп тағайындады. Осы жұмысты өмірінің соңғы күніне дейін абыройлы атқарды…»  деп жазып еді. 

Сол жылдары облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Мұсабай Сағынбаев ағамыз да «Ақжарқын аға туралы бірер сыр» деген мақала-естелігінде: «…Тәкеңнің басшылығымен Алғабас елді мекенінде мал бордақылау кеңшары мен Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданындағы «Телячи» селосындағы кеңшар ғылыми негізде ұйымдастырылып, барлық өндіріс салалары механикаландырылып, республика көлеміндегі үлгілі шаруашылыққа айналған еді. Облыс көлеміндегі (ол кездері Маңғыстау облысы әлі бөлінген жоқ) ірі-ірі жемшөп өңдеу цехтары, алты мың гектар Приморье суландыру жүйесі тұрғызылып, дайындалған өнімнің өзіндік құны арзандап, өндірістің тиімділігі артқанын өз көзімізбен көрдік. Республика көлеміндегі мал бордақылау трестері басшыларының арасында беделі өте жоғары еді. Ол кісіні трест басшыларының командирі деп атайтын. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. 

Тәкең бойындағы ерекше қасиеттің бірі – өнер десе ішкен асын жерге қоятын еді. Қолына домбыра алып, қазақтың қоңыр әндері мен әзіл-сықақ әндерін орындағанда көпшіліктің көңілін көтеріп тастайтын еді. «Кезінде атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевпен бірге ән салғанын Әзекеңнің үйінде (Әзидолла Есқалиев) көргеніміз бар»  – деп жазған екен. 

«Ағам Зәкеш бір жақсы көрген адамына құлай берілетін. «Достарымның ішіндегі ең ақкөңіл, адами қасиеті мол азамат» дейтін. Бұл ағамның Тәкеңе деген шынайы достығы екендігін сонда білгенмін. Сәния апаймен екеуіне қызыға қарайтынбыз. Ағалар қандай жағдайда да бір-бірін әрқашан іздеп тауып алатын…» дейді әкеміздің үзеңгілес інілерінің бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп.  

Әкеміздің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында, әрі анамыздың тілегін орындау үшін біраз жұмыстандым. Осы ретте ел ағалары, әкемнің достары Мұсабай Сағынбаев, Айдын Айбаров, Орынғали Қарасаев, Олжағали Сұлтанғалиев ағаларымыз үлкен көмек көрсетті. Соның арқасында Атырау  қаласындағы сәнді көшелердің біріне Садықов Тәжіғалидың есімі берілді.

Жылдар жаңғырығы алыстаған сайын жаңа қырынан айшықтала береді екен. Міне, әкеміздің туғанына 100 жыл толып отыр. Өзі болмаса да, оның есімі ел-жұртымен бірге жасай бермек.

Айсұлу САДЫҚОВА, 
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз