«Тау қозғалса да, тарих қозғалмайды»

ddgfdgdfgСарайшықтың мұражайына кірсеңіз, сізді осы сөз қарсы алып, шығарып салады. Туған тарихымыз туралы ойға батсаңыз, сізді осы сөз жігерлендіреді. Бұл сөз – Елбасымыздың сөзі.

…Сар даланың сағымы да салқын тартқан қарақоңыр күзі. Ағынды Жайық, Ақ Жайық арыншыл атының басын іркіп, өзен бетіндегі өліара шақтағы өрекпіген толқындар өзегін басып, өрісін тұсап, батыстан жөңкіген кіршең бұлттар кірбіңі басым алабауыр аспанға өрмегін жайып жонданып, қанатын керіп қомданып, қабағын түйіп долданып келе жатады.

dfgfdh54eСарайшықтың қоңыр күзі осы. Бағ-зы заманда да осылай болған шығар. Ақ Жайықтың айдынында алтын қайықпен жүзген алтын шолпылы ару алтын ескегімен көңілінің сәулесін сызған сұңғыла су да осы. Жапондардың жертесер ғалымдары жете зерттеген көрінеді: су да адастырмас ақпараттың қайнар көзі екен. Оның да құлағы мен көзі, жаны мен қаны, тілі мен ділі бар деседі. Құранға құлап, Алланың ұлы кітабына жүгінсек те осы ой сыры терең сүрелерден сөйлеп қоя береді. Судың сөзін тыңдасаң, санаң сан саққа жүгіріп, сүргінге түсесің.
Сол сулардың бірі – жарқырап аққан Жайықтың жағалауына келгенбіз. Биіктігі 17 метр, 8 қабырғалы кешенде жатқан 7 ханның әзіз есімдерін күбірлей оқып, әрқайсысына дұға бағыштап, қара мәрмәр құлпытасынан сипап, көңіліміз көншігендей. Мөңке Темір – 1266-1282 ж.ж., Тоқтағу – 1291-1312 ж.ж., Жәнібек – 1343-1353 ж.ж., Әмір-Оқас – 1440-1447 ж.ж., Қасым хан – 1511-1518 ж.ж., Ших Мамай – 1542-1549 ж.ж, Жүсіп хан – 1549-1554 ж.ж. Бұлардың әрқайсысының өмір сүрген, билік құрған, шайқасқан, соғысқан, жеңген, жеңілген жағдайларының өзі бір-бір кітапқа жүк болғандай. Үлкен тарихымыздың бір-бір бөлшегі. Үзілген, сынған, жоғалған. Тек даламыздың әр қиырында қоянжонданып обалары ғана жатыр.
Саздауға біткен Сарайшықтың сарсаңкесек топырағында мәңгілік дамылдап жатқан жеті ханның рухына тәу етуге келген азын-шоғын жұрт¬тың алдынан шыққан мұражай қыз¬меткері әуелгі сөзді әлімсақтан бастап, келушілердің көшін кесенеге қарай бастады. Кіді күздің тістеуік желі аспанда шұбырған ала бұлттарды жөңкіте айдап, жеті ханның басындағы ақшулан тартып, аққауданға айналған ағаштарға байланған ақзондарды жұлқып-жұлқып өтеді. Әркім өз ойымен әуре.
Бағзы Алтын Орда мен бүгінгі баянды Ақорданың арасында алып-қашып жүгірген жадымыз көркі де, көлемі де Кремльге көзқұрты болып сыланған Сарайшықтың топырағын басып тұрған біздерге өткен дәуірлердің өлеңін жеткізгендей.

Еділден аққан сызашық,
Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді,
Телегейдей шайқалтып,
Жарқыраған беренді
Теңіз етсе, Тәңір етті.
Екі судың ерені, айдын судың берені Еділ туралы сөз. Шамырқанған Шалгездің шарт жүгініп айтқан сөзі. Еділді айтсаң, тарихи жырдың тел емген төркіні Жайық жүрегіңнен жылжып ағып шыға келеді. «Еділ-Жайық екі су». «Айналайын Ақ Жайық, ат жалдап өтер күн қайда?» (Махамбет). Бәрін көрген, бәрін бастан кешкен, бәрін бастан өткерген Ақ Жайық сыңарына қарай сыңсып тартып барады. Бейуақ заманның белгісі қайда? Осында. Сыры кетсе де сыны кетпеген Сарайшықтың сұлбасы қайда? Осында. «Қара қазақ баласын хан ұлына теңгерген» баһадүр батырдың рухы қайда? Осында. Әттең, қапыда айырылып қалғанымыз болмаса. Қарға бойлы Қазтуғанның «қайран да менің, Еділім» деп жылағаны болмаса.
Иманы кәміл Иманғали бауыры¬мыздың әкімдік атқа қонған тұсында Сарайшық күлге батқан кеудесін көтеріп, жәдігер болып қайта сөйледі. Топыраққа көмілген тарихымызды аршуға аршындап кірісіп, қарқындап қайраткерлік танытқан азаматтың алдынан әрқашан алғыс шықсын. Сол кезеңде құмбыл қимылдап, құлшына жасалған халықтық істің басы-қасында болып, орайын келтіріп, орнына әкеліп, Елбасымыздың өзі бас болып, ел жадын жаңғыртуға елеулі үлес қосылды. Талай ғасырлар бойы топырақ астында жатқан тарихтың тілі шешіліп, тұсауы алынды.
Сарайшық секілді сандаған қалалар туған байтақтың қай қиырында да жетеді. Бұлар да адамзат перзенттері. Адамның құдіретті қолымен жасалған. Сол адамның қаскөй қолымен қираған. Бұлардың да туған, гүлденген, қираған, обаға айналып, опат болған жылдары бар. Қазақ байтағындағы ең көне қалалардың бірі – Сарайшық туралы алғаш жазба дерек қалдырған араб жиһангері Ибн-Баттутаның мәліметі бойынша қолөнері мен саудасы тең дамыған, «Ұлысудың бойындағы әсем қала». Қасқа жол салып, қазаққа жөн сілтеген Қасым хан хандығының тұңғыш астанасы. Көре алмаған Кремль дейтініміз, қаланы 1580 жылы орыс патшасы Иван Грозныйдың арнайы жіберген атты казактары қиратып, жермен-жексен еткен. Сол кездегі Сарайшықтың келбетін бүгінгі Кремльден көруге болады. Мәселенің мәні тереңде жатыр.
Құм астында булығып, мұңайып жа-тқан мұндай шаһарлар аз ба қазақ жерінде. Жетеді. Алтайдан тартып, Сарыарқаны сауырлап, Терістікті түгендеп, Сыр бойына сұқтанып, Атырауға қарай өкше көтерсек, тарих тізімі толып шыға келеді. Хижрадан қырық жыл бұрын іргесін көтерген тарихи Тараздың маңайы тас үйінділерден кеудесін көтеріп, күмбірлеп сөйлеп қоя береді. Маңғыстауда жалпы есеп бойынша жиырма мыңға жуық көне ескерткіштер, күмбездер мен жерасты мешіттері, обалар мен балбал тастар, қауым басында қарайып тұрған сан алуан құлпытастар бар. Бұлардың әрқайсысы әлі жазылмаған, авторын күтіп жатқан жұмбақ кітаптар.
Басқаны былай қойғанда, қазақ даласының әр қиырынан табылып жатқан, табылған сайын әлем ғылымының назарын ерекше аударып жатқан Алтын адамдардың өзі бесеуге жеткені төрткүл әлемнің бастарын шайқатып, біздің кім екенімізді байқатып жатыр. Бірінші алтын адамнан (1970 жыл) басталған жол одан әрі қазақ даласын көктей өтіп, бесінші алтын адамға алып келді (2011 жыл, Қарқаралы даласы, Қарағанды облысы). Күні кеше Үржардан табылып, «Үржар ханшайымы» деп аталып, жаңа зерттеліп жатқан жаңа жәдігеріміз және бар. Адамының өзі алтын болып, тарихымыз қара бақыр болған заманды еске алсақ, әлдекімге есең кеткендей. Ақжарма ақын Ғафу Қайырбековтің: «біздің хандар қалайша жаман болған» деп аң-таң болып, алақан жайып, арзу жыр жазғаны содан ғой.
Ал, екінші алтын адамның табылуы мен үшін тіптен қуаныш. Ол менің туған ауылымнан табылды. 1960-шы жылдардың орта тұсында біздің үй Атырау облысының Жыңғылтоғай аумағындағы Аралтөбе деген жерде отырды. Дөдеге тектес дөң еді. Ұлы Жем өзенінің жағасы, қалың жыңғылды тоғай, аққайраң шағыл. Сол жерде жазғы каникул кезінде Жемге келіп, қармақ салып, балық аулаймын. Жемге жақындағанда оң жағыма қарағыштап, секемденіп, сескеніп өтемін. Өйткені, әлгі дөңнің қызыл жыңғыл көмкерген тұсында ордалы жылан қайнап жатады. Күнге шағылысып, бір-біріне өрмелеп, қайнап жатқан күмістей жалтыраған сол шоғыр әлі күнге көз алдымда. Марқұм әкем де күн сайын маған ордалы жылан маңынан сақ болып өтуімді, әсіресе, балалық жасап оларға тиіспеуімді қатты ескертеді.
Міне, дәл сол жерден екінші алтын адам табылды. Ордалы жылан жатқан жерде алтын болады деуші еді, рас екен. Анда-санда мемлекеттік мұражайға жолым түскенде айдары шиыршық атып, айбыны адамды абыржытып жіберетін сол сармат жауынгері маған етене туысымдай болып көрінеді. Содан да болар, оны көрген сайын: «жағдайың қалай, жерлесім» деп амандасамын. Баяғы бала күнімді еске алып, жүрегім толқып-толқып кетеді. Бұл менің өзімнің кішкентай тарихым секілді болып көрінеді. Ал, осындай кішкентай тарихтар үлкен айдынды тарихқа барып құятын арналы бұлақтар емес пе? Расул Ғамзатов: «Кішкентай халықтарға үлкен қанжар керек» десе, кішкентай халықтарға үлкен тарих тіптен керек. Сынған құмыраның шынысынан шындықтың бүтін ыдысын жасап шығару шебердің кім екенін көрсетеді.
Ұлттық тарихымызға арналған ұлағатты басқосуда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің баяндамасындағы: «Тарихшының таланты жарым-жартылай ғана шындыққа келетін бөліктерден тұтас дүние жасап шығарудан танылады» деген сөз осы орайда біздің тарихшы ғалымдар қауымы алдына үлкен міндеттер жүктейтін бағдарламалық сілтеме іспетті.
Тарих жолы автомагистраль емес, онда жол белгілері мүлдем аз. Ала таяғын сілтеп тұратын жол полициясы, сірә жоқ. Бірақ біздің жол нұсқаушымыз тарихи инстинкт пен тарихи таным, тарихи талғам, ең бастысы ыждағаттылық пен жауапкершілік, өз халқыңның тарихына деген мәңгілік махаббат болса керек. Осы тұрғыдан келгенде, Мемлекеттік хатшы бағыттап отырған алдағы жұмыстардың басым нысандарының бірі – тарихи зерттеулердің тақырыптық аясын кеңейту. Барды екшеу, табылғанды сана сүзгісінен өткізу, таппақ нәрсенің не екенін ұғыну.
Байтақ еліміздің қай қиыры мен бүйірінде де топырақ астынан тіріліп шығып, туған жұртына тіл қатып жат¬қан тарихи мұралар: тас обалар мен қор¬ғандар, алтынмен апталып, күміспен күп¬телген хандар мен ханымдар, бектер мен ханшайымдар біздің тарихты бері¬ден әріге, алыстан қиянға алып бара жатыр. Сол ұлан көшке, ұлы қозғалысқа күн салып, күрсіне қараған кезең енді өткен күнге айналып, барымызды базарлап, жоғымызды азандап, тапқанымызға қуа¬нып, танығанымызды ұстап жатырмыз.
Алаштан байтақ оздырып, өткенге мойын создырып, көңіл қозында қалған тарих шоғын қоздырып, ел болып еңсе тіктеген жайсаң бір жарқын кеңес жа¬қында болып өтті. Жақында деп жат¬қанымыз тарихи өлшемге қарай мойын бұрып, өкше көтергеніміз. Бұған да ай аунап, апталар жүгіріп кетті. Еура¬зия даласының ендігі мен бойлығын елеп-екшеп қараған, өткен тарихын тірілтіп, бір кісіміз болуға жараған Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен халқымыздың ұлттық тарих мәселелеріне арналған республикалық кеңесте «Тарих толқынындағы халық» атты кенен ойлы, көшелі баяндама жасалды. Халық ықыласпен қабылдаған сол жиын енді орындалуы жағынан да халықтық сипат алса деген ой күн санап күшейіп келеді.
Шақырылғандардың аудиториясы аса ауқымды болды. Еліміздің тарих саласын зерделеп, зерттеп, саралап, салмақтап, байыптап, баяндап жүрген ардагер де қайраткер, білгір де білікті, алғыр да аршынды, танымал да өскелең тарихшылар когортасы қазіргі заман алдымызға қойып отырған, жаһандану жағдайындағы жұртымыздың жанын толқытқан ұлттық тарихтың кешегісі мен бүгінін, одан да маңызды ертеңін жан-жақты сөз етіп, біткен іске бәтуа, бітер іске уәде байласты.
Баяндаманың тереңдігі мен кемелдігі өз алдына, ол алда тұрған осы бағыттағы стратегиялық, халықтық, мемлекеттік масштабтағы аса күрделі де маңызды мәселені жаңа уақыттық трибунадан жарасымды айта білуімен ғана емес, іскерлік, ұйымдастырушылық жағынан бұрынғы таптаурын болған сүрлеулерден іргесін аулақ салуы да болды. Баяндаманың басты олжасы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқан: «бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуы тиіс» деген тұжырымын талдап, таратуы еді.
Халқымызда «біткен іске сыншы көп» деген сөз бар. Бітер іске сыншы одан да аз болмаса керек. Абыз Абайдың қағидасына жүгінсек, істің қалай аяқталатыны емес, қалай басталғаны маңызды. Демек, кеңестің мақсаты осы сөзге жан бітіргендей. Әрі тарт пен бері тарттың арасында жүргендерді былай қойғанда, үнемі сыншыл әрі міншіл оппоненттердің өздері де бұл кеңестің мақсаты мен мәніне «бәрекелді» деп, оң рай, орынды қабақ танытты. Қалай болғанда да, халық тарихын түгендеуге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір ауыздан сөз шығарған ұлт ұланына ортақ абырой болса керек. Өйткені, кеңестің басты мақсаты – «Қазақстан тарихын анағұрлым терең зерттеу жөніндегі жұмыстарды үйлестіру». Жұмылу, жұмылдыру. Ұмтылу, ұжымдасу. Бірігу, бірлесу.
«Біз мұндай міндетті шешуге дайынбыз ба?». Әрине, дайынбыз. Егемен елміз, тәуелсіз мемлекетпіз, дербес қоғамбыз. Біреуден тартып алатын, біреуден сұрап алатын, біреуден қарызға алатын жағдайымыз жоқ. Жетілген, баяны бар, бай тарихы бар, байсалды өмірбаяны бар, мәдени-рухани жағынан әлемнің кез келген державасымен теңдесе, шендесе алатын жұртпыз. Тек «біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа, бірақ-тағы…» (Қадыр Мырза Әлі). Біз сол жұп-жұқа тарих оқулығын орынды олжа, тарихи табыстармен қалыңдатпақпыз. Және қалыңдата аламыз. Ол үшін жұдырықтай жұмылып, жан дүниеміздегі ұлттық сезім мен өз халқымыздың тарихына деген кіршіксіз махаббат пен алғаусыз мархабатты көрсете алсақ болғаны.
Баяндамада: «Біз қайда барамыз және 2050 жылы қайда болғымыз келеді?» деген жолдар бар. Бұл тіркеске қосыла отырып, халық көкейіндегі айтылып, айтылмай жатқан пікір-ниеттерді бағамдасақ, енді жарты ғасырға жетпес межеден гөрі, жаңа ғасырда – келер жүз жылдықта қайда болғымыз келеді деген сауал да көңілді тербеп-тербеп кетеді. Өйткені, тарих үшін он-жиырма жыл көзді ашып-жұмғандай уақыт. Тәуелсіздіктің жиырма бір жылын артқа қалдырған шақта бұл кезеңнің өзі екі астана арасындағы көштің қанатында, қазақша қайырсақ, аттың жалында, атанның қомында өте шыққандай.
Біз, жалпы ертегімен ауызданып, батырлар жырымен тербеліп, бесікте жатып шіреніп, жауға айбар жасаған елдің ұрпақтарымыз. Сол ертегілерде көзді ашып-жұмғанша қала салдырған, жер жүзінен әп-сәтте жылдам хабар алғыз- ған, көрмегенді көргізген, ғалам төсін өргізген, бермегенге бергізген жұрт¬тың ұрпақтарымыз. Солардың бір парасын тәуелсіз күндерде әлемге көрсетіп, аузын аштырып, төрткүл дүние¬ге көрсетіп, таңдайын тақылдатып та жатқан елміз. Баяғы замандардағы байтақ жерде Алтын Орда мен Ақ Орданы, көгілдір әлем астындағы Көк Орданы салған байырғы жұрттың бойынан тараған ұрпақ бол- ғандықтан да, ұшқыр уақытта ұзан қимыл жасап, ұлы істерге де қол жеткіздік. Бұған тәубе демесе бола ма?
Дәл осындай кезеңде тарихшының міндеті қалай болуы керек? Зиялы қауымның міндеті қалай болуы керек? Өз тарихына немқұрайды қарай алмайтын халықтың міндеті қалай болуы керек?
Баяндама баянына қарасақ, жауап та айқын секілді: «Ендігі жерде тарихшы зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін ғалымға, фактілерді жай зерттеп қана қоймай, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсінуге» қол жеткізетін ғалымға айналуы тиіс. Осылай қараған кезде әрбір ұлттық тарих формациялар мен өркениеттердің абстрактілі хронологиялық жылнамасы ретінде емес, халықтың бүкіл күрделілігі мен бөлек бітімін бойына сыйғызған жанды тарих ретінде бой көрсетеді. Тарихшының міндеті – ұлттық тарихты қайдағы бір әмбебап заңдылықтардың қасаң қалыптарына салып жібермей, ұлттық тарихтың жанды, бөлекше ағзасының қалай дамитынын түсіну».
Демек, тарихшы тарихи фактілер мен дерек-дәйектердің ұлт тарихының бойындағы артық-ауыс, ауру-сырқаулы жерлерін жалпы тарихи тән мен ғылыми жанның ауырсақ жеріне тигізбей хирург пышағымен сылып тастайтын оташы-тарихшы болуы шарт. Бағзы тарихымызды зерделегенде, орта ғасырларды орайластырғанда, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» назар салғанда, оған жалғасқан Қаратаудың басынан көш құлаған зар заманға иек артқанда, одан берідегі, одан да берідегі оқиғаларға келгенде тарихшы аса абай, барынша мұқият болмағы ләзім.
дың сана-сезімін, ең бастысы, ұлттық намысы мен ұлттық жігерін қалай оятамыз? Мүмкін, бұл ана тіліміздің аясының әлі де мемлекеттік ауқымда қанат жая алмай отырғанынан ба екен? Мүмкін, бұл ата-ана тәрбиесінің осалдығынан болды ма? Мүмкін, бұл мемлекеттік тіл мәртебесін дендеп енгізуде дегдарлық таныта алмай отырған тиісті мемлекеттік органдардың қызметіндегі кемшілік пе? Бірақ бір нәрсе айқын, осындай проблема бар. Әлде біздің тарих жазылуы жадау, айтылуы ашаң тарих па?
Сондықтан да, кейде маған біздің ұлы тарихымыз үлкен жәшікке толтыра салынып, заман тезінен даттанған қисық шегелер секілді көрініп те кетеді. Жарамдысын алып, жарамасын тастап, соларды уақыт балғасымен ерінбей-жалықпай отырып, бір-бірлеп түзетіп, қарағай иісі аңқыған жаңа қалыптағы жәшіктерге салып, ұлттық құрылыстың қажетіне ұсынса деген қызық ой келеді. Бірақ сол уақыт балғасын ұстайтын қолда тек қана қара күш емес, қажырлы білім, қайсар құштарлық, талмас талап, таусылмас талант керек екені және шығар күндей шындық.
Бұл жайт баяндамада да жетеге жетердей, ой мен сезімге өтердей болып айтылған. «Қазақстанның тарих ғылымының алдында нақты сынақ тұр, ол сынақтардың жауабын табуға әбден-ақ болады. Бұл арада надан дилетанттық өте қауіпті. Жаһан тарихына ұлттық төбешіктен қарап жіберіп, қайта жазып шығу тым қиын емес. Автор үшін өзің қысылатын, ал кейде тіпті сол тарихи графомандарҰлы Жібек жолында қираған сансыз қалаларымыздың орнын қазып, олжасы бүйірі тесілген қыш құмыра мен кезінде қанға бөккен сұр жебелер мен сумақай семсерлердің дат басқан ұштарын жіпке тізіп көгендеп, қағазға түсіріп шегендеп, таласқа түскен тұл тарихтың қаралы жесірі мен шерлі жетімі – қара жерде жатқан сүйектерге көңіл айтқың келеді. Солар біледі кімнің кім екенін. Енді солардың білгенін біздің ұрпақ та білгісі келеді. Білуге хақы бар. Білдіретін кімдер? Ең алдымен, тарихшы қауым.
Сол тарихшы қауым ортақ істі қолға алғанда үнемі Елбасымыздың: «Қазақ халқы – тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей, өзегін ғасырлар тереңіне тартып, осынау қасиетті ұлы даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халық» деген маңызды сөзін көшбасшылыққа алып, біздің ұлы даланың төл перзенттері екенімізді, өзіндік халықтық өмірбаянымыз бар екенін үнемі ескеруі тиіс.
«Әлдеқашан бел асып кеткен көштің айдаладағы жұртына кешігіп жеткен жүргінші сөніп қалған от орнынан болмашы жылтыраған бір қызғылт шоқ тауып ап, оны демімен үрлеп тұтатпақ болды десек, романға материал жинаған менің хәлім де сол сияқты әрекет еді» деген халқымыздың ұлы қаламгері Мұхтар Әуезовтің тарихи сөзі тарихшыларымыздың да тапжылтпай ұстар қағидаты болса дейміз. Ұлы даланың әр қиырында құм мен топырақ басқан халықтық тарихтың қоламтасы жаңа заманның демімен қайта тұтанып, қазақ деген халықтың қара шаңырақ – қасиетті тарихын әлемге жаңаша сипатта танытса, бұдан артық бақыт бар ма? Яғни, сөз түзелді, тыңдаушы да түзелер, таңдаушы қалай болар?
Алайда, көңілді күпті ететіні кешегі кеңестік дәуірде Киев Русінен бастап, Күлік даласындағы шайқасқа дейінгі сандаған соғыстардың тарихын жаттап өсіп, жас ұрпақтың жадына жазған аға тарихшы ғалымдарымыздың жаңа заманға сай жаңаша бетбұрыс жасауы оңай да болмай жатыр. Жылдар бойы қалыптасып қалған бағынышты психология мен орындаушылық әбжілдіктің қамытын үзіп, тарихи кейіпкерлеріміздің есімдерін ұлт паспортына қайыра түзете жазуға келгенде әлі де қадам сараң, қозғалыс бәсең.
Тіпті, бұрмалап жазылып, бұрыс таңбаланған өз ата-бабамыздың, одан берідегі өз әкеміздің есімдерін жеке бастың куәлігіне дұрыстап жазудың өзі Жоңғар қақпасындағы жекпе-жектерден кем түспей жатқанда, ұлттық тарихты жаңаша жазып, жаңаша зерделеудегі күрделі күрестер мен жанкешті жағаласулар тарихшы қауымның талайын шаршататын болар. Ренішті жағдай.
Қуаныштысы, мемлекеттік тұрғыдан ниет туды. Тілек оянды. Діл тірілді. Мемлекет басшысының өзі бас болып, 1999 жылы «Тарих толқынына» қайраткерлік қайығын салды. Оның қуатты ескегі тәуелсіздіктің титанынан жасалды. Содан кейін алыс тарихтың айдынына қарай ақ желкен көңілдер мен адал құштарлық бағыт алды.
Одан беріде еліміздің тарихы, археологиясы, этнографиясы, рухани-мәдени мұрасы зерделенген 26 арнаулы бағдарламаның тұсауын кескен атақты «Мәдени мұра» бағдарламасы өмірге келді. Авторы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Осынау ұлы істердің бәрінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен замандардың шежірелі шымылдығын ашып, тебірене сөйлеп, төгіле тілек айтып, туған еліне тартуын ұсынып келеді.
Бұл бағдарламаның басты құнды¬лығы – «тарихымызды тұтас толқын ретінде» қарастырғаны. Осы елдік мұрат пен мемлекеттік идеяны одан әрі дамытып, көтеріп, оны бүгінгі уақыт тұрғысынан тереңдетіп, келер уақыт тұрғысынан кемелдетіп, халқымыздың әлемдік өркениеттегі тарихи рөлі мен орнын анықтауда білек сыбана кіріскен тарлан топтың ту ұстаушысы болуға ниет еткен Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің жоғарыда аталып өткен ғылыми мәні терең, практикалық мазмұны белсенді баяндамасын жүзеге асыру жолындағы басталған қадамдар оң сүрлеуге түсті. Адаспас, аңсарлы даңғылға аяқ артты.
* * *
Өзінің ту көтеріп, Елорда болғанына 15 жыл толып, соны мерекелеу қарсаңында іргелі іс-шаралардың ізін ашып жатқан Астана аспанында да ұлы даланың ақшаңқан бұлттары тынбай жөңкіледі. Тарих толқыны да осылай жөңкіліп кетіп жатады. Құлагер-уақыт құлағын қайшылап, келер күндердің кермесін қияды. Бұл біздің күн, біздің тарих, біздің жұрт. Ортақ тарихымыз, ортақ Отанымыз.
«Тау қозғалса да, тарих қозғалмайды». Құйылып түскен қанатты сөз. Өзгермелі әлемдегі өзгеруге тиісті мемлекеттік өмірбаянымыз бүгінгі саналы ұрпақтың, сарабдал тарихшылардың қолымен байыта жазылып, баянын тапса, ол тау қозғалса да, қозғалмайтын тарих болып, құнды мұраға айналар еді.
Ендеше, есті сөз есте болсыншы.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген қайраткері.

(«Егемен Қазақстан» 2 шілде, 2013)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз