ТАРИХТЫ ЗЕРТТЕП ТЕРЕҢНЕН…

Биыл  өлке  баспасөзі   тарихын терең зерттеп жүрген ғалым, журналист Қылышбай Сүндетұлы үшін табысты жыл болды. Мұрағаттық деректерге сүйеніп Атырау облысындағы баспасөздің пайда болуы  мен  дамуының  алғашқы кезеңдері жайлы кеңінен жазылған «Атырау баспасөзінің тарихы» тақырыбындағы кітабы қалың оқырманға жол тартты.

Тың мәліметтер мен соны ізденістерге толы жаңа оқулыққа мерзімді баспасөздің  1917-1955 жылдар аралығындағы тарихы, көптиражды газеттердің пайда болуы және облыс баспасөзін қалыптастыруға еңбек сіңірген журналистер  туралы мол мағлұматтар топтастырылған.

Сондай-ақ, ғасырға жуық тарихы бар, «Еріктен» бастау алып, тоқсан жыл бойы ерлік пен елдіктің келбетін сомдаған бүгінгі «Атырау» газетінің тарихын терең саралаған автор «Өлке шежірешісі» деген бөлімінде қай кезде де қалың бұқараның үні ретіндегі өзінің қасиетті парызына адал болған басылым туралы терең толғайды. Өлкемізде тұңғыш рет ана тілінде жарық көрген «Ерік» газетінің төл тарихын терең зерттеген жазушы-драматург, журналист Берік Қорқытов салған сара жолды жалғай түсіп, газетке қатысты тың да қызғылықты мағлұматтарды назарға ұсынады. Сан жылдарда жарық көрген мақалалардан үзінді келтіріп, дәуірмен үндескен басылымның бағдары байыпты, ұстанымы айқын екендігін аңғартады. 

Журналистік қызметтен қанаттанып, бұл күнде қарымды қаламгерге айналған автордың осынау кітабы арқылы өлкедегі баспасөздің өз дәуірінің жылнамашысы ғана емес, қоғамдық-саяси өмірге ықпал етуші, жаңалықтың жаршысы бола білгенінен де хабардар боламыз.     

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз