Тарих тағылымы

6 2 Қоғам

Міне, алдымызда – Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық  мақаласы. Әр сөзі санаға шуақ құйып, көкірекке от беретіні айқын. Ұлы Даланың жеті қырын түгелдеп берген туындының ең басты көздегені – «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ойлар мен берілген тапсырмаларды одан әрі жалғастыру.  Ел санасын науқаншылдықтан арылту.

6-2

Ата-бабаларымыздың дәстүрі мен салтын қайта жаңғыртып, елі үшін еңбек еткен, жері үшін қасық қаны қалғанша күрескен батырлардың есімін ұлықтау – ұрпақ парызы. Осы бір перзенттік парызға адал болу бүгінгі азаматтарға артылған адамгершіліктің жүгі десек те болар. Ұлтымыздың келер ғасырларға аман жетуі бүгінгі аға ұрпаққа байланысты. Себебі, өз балаларымыздың қанында бар қасиетті санасында жаңғыртып, өз ұлтына, өз жеріне, өз тіліне деген сүйіспеншілік дәнін еге білсек, бізге жүктелген борышты ақтадық деп мақтана алар едік. Елбасының айтпағы да осы.

Шындығында, қазақтың салты мен дәстүрі, шілдехана, бесіктой, сүндеттой, тілашар, сырға салу, қыз ұзатып, келін түсіру – бізге сонау ғасырлар қойнауынан аман жеткен құндылықтар. Осы құндылықтарды енді біз де өз ұрпағымызға аманат ете білгеніміз абзал. Ол үшін Елбасы айтқандай, өз тілімізді, салтымызды құрметтеп, қадірлей білсек қана мақсатымызға жете аламыз. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясы кең. Ол үшін науқаншыл шараларды жүзеге асырып, асыра сілтеудің де қажеті бола қоймас. Қазақ тілінде таза сөйлеп, соны өз ұл-қызымыздан талап етсек, байғазы, бәсіре, енші беру, тоқымқағар, сыңсу, беташар сияқты салттарымызды жүрген жерімізде айтып, іске асыра жүрсек, міне, Мемлекет басшысының тапсырмасына үн қосқанымыз болып табылады. Ең бастысы, тілімізді аман сақтайық. Тілі жоғалған, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатыны айқын. Тарих тағылымы бізге осыны ескертеді.

Светлана САЛЫҚОВА,

№33 «Көркемай» балабақшасының 1-санатты тәрбиешісі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз