Шалғайда Шернияздың мазары тұр

SHal ayda SHerniyazdyi mazaryi t r1 Қоғам

Қазыналы Атырау – тарихи және мәдени ескерткіштерге бай өңір. Солардың бірі – сөзге шешен, от ауызды, орақ тілді ақын Шернияз Жарылғасұлының мазары. Жергілікті маңызы бар тарихи орын туралы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы басшысының орынбасары Фархад Байдәулетовтен толығырақ білген болатынбыз.

Шалғайда Шернияздың мазары тұр1

Мазар қасиетті Қызылқоға ауданы, Жантерек ауылынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан. Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне (1836-1838 жж.) қатысқан Шернияз Жарылғас-ұлының өз заманының жалынды жыршыларының бірі болғаны белгілі.

«Әдебиетші Берқайыр Аманшин 1977 жылы Шернияз Жарылғасұлының жерленген жерін тауып, оның басына қойылған құлпытаста жазылған деректі жариялады. Ақын бейітінің басындағы құлпытастың биіктігі 155 см. болса, үстіңгі бөлігі дөңгелене ойылған. Құлпытасында «Кете руы Мұсайдар тайпасы, Мәлік бөлімі Шернияз Жарылғасоглы 61 жасында опат болды. 1867 шылдыбу ташын алып қойған баласы Асқаралы мырза Дұғай хайрсандетіп-Амин» деп жазылған.  Аймақтық «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес, 2005 жылы ақын бейітінің үстіне мазар тұрғызылды. Сәулетшісі Заңғар Медетбек, ал, тұрғызған шебер Олжас Демесін. Ақын құлпытасы мазардың батыс бөлігіне орналасқан. Мазардың маңдайшасына «Ақын Шернияз Жарылғасұлы» және «1806-1867», – деген жазулар ойылып жазылған» дейді Ф.Байдәулетов.

Сондай-ақ, ақынның Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс жеңіліске ұшырап, Исатай мерт болса да, азаттық, бостандық тақырыбын асқақ үнмен жырлағанын білеміз. Сол арқылы Исатайдың батырлық бейнесін жасаған: «Па, шіркін, Исатайдай сабаз тумас», «Ақ алмас алтын сапты қылышым-ай», «Исатай ел еркесі, ел серкесі» тағы басқа да жырларын арнады. Шернияздың «Ай, Қазы би, Қазы би», «Тостағанды қолға алып», «Ай, жігіттер», «Сөз сөйлеймін бөлмелеп», «Көл қылып Құдайым талай судай ағын» атты өлеңдерінде өзі өмір сүрген қоғамның әділетсіздігі, өмірдің өзгермелілігі мен оның мән-мағынасы ой елегінен өткізіле жырланған.

Мазардың көлемі – 3х3 метр, биіктігі – 7 метр. Әктас-құмтас материалынан жасалған. Қабырғалары тік төртбұрышты, жарларының төрт жағынан үш бұрыш түрінде кеңістік қалдырылған. Үстіңгі бөлігі күмбезделген.

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз