САЛАУАТТЫ ҚОҒАМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ КҮШ

Жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде Спорт күні аталып өтіледі. Мереке қарсаңында үстіміздегі жылы облыстың спорт саласында қол жеткізілген жетістіктер, алдағы жоспарлар мен толғандырар жайлар төңірегінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан ЕРМҰХАНОВПЕН сұхбаттасып едік.

- Нұржан Мақсотұлы, биыл аталған басқармаға басшылық жасап келе жатқаныңызға бір жыл толып отыр. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды» сын сүзгісінен өткізіп, аңсаған жеңіске жеткізуге сіздің де қосқан үлесіңіз айтарлықтай. Облыс, республика, әлем деңгейіндегі спорттық шараларға спортшылар дайындау оңайға түсті ме?

 

– Әрине, оңай емес. Әсіресе, спорт пен дене тәрбиесі саласын басқарудағы жауапкершілік жүгі өте ауыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі халқымыз ерте кезден денсаулықты адамзаттың басты байлығына теңегенін атап өтті. Азаматтарымыздың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мемлекетіміз барлық мүмкіндіктерді жасауда. Өз елімнің патриоты ретінде мен жиырма жылдан астам уақыт өңірдегі спорттың дамуына үлес қосып келемін.

– Спорт саласындағы арманыңыз орындалды ма?

– Он сегіз жасымда өзім оқыған Атырау қаласындағы №27 орта мектепте дене тәрбиесі пәнінен сабақ бердім. Ал, 1995 жылы достарыммен бірге тұңғыш рет Вокзал маңы мөлтек ауданынан тегін спорт залын ашуға бел будым. Ол кезде қолымызда құрылысқа қажетті тиын-тебен де, құрал-сайман да атымен болмады. Сондықтан, бәрін өз қолымызбен жасауымызға тура келді.

Қаладан бес шақырым жерден шаршы тұрбаларды тауып, дәнекерлеу арқылы тренажерлер жасадық. Бірде, тіпті, иығымды шығарып алып, аяғымды да сындырдым. Сөйтіп, гипске таңылған күйімде құрылыс нысанына барып, оны аяғына дейін жеткіздім. Жаңа нысанға Сұлтан Бейбарыс бабамыздың есімін бердік.

Сұлтан Бейбарыс кубогі үшін 2010 жылы кикбоксингтен жастар арасында ашық біріншілік ұйымдастырдық. Таэквандо, бокс, кикбоксинг секцияларын ашып, жасөспірімдердің футбол командасын құрдық. Аз қамтылған отбасы балаларын спорттық киімдермен қамтып, жарысқа қатысушылардың жол шығындарын өтедік. Кейін олар қала мен облыс намысын қорғап, талай жарыста топ жарды.

Ал 2005 жылы тарихшылар, жазушылар, спортшылар мен кәсіпкерлердің қатысуымен Мысырға саяхат ұйымдастырдық. Тарихи орындар мен мұражайларды араладық. Каир мемлекеттік университетінің профессоры Мухаммад Ар Рабиа біздің елдің сұлтандары — Айбек, Бейбарыс, Қалауын, Қайтбай, Тұманбай, Қансаба және қолбасшылар — Айтемір, Алтынбұқа, Барысбай жөнінде қызықты мағлұматтармен бөлісті. Осы танымдық саяхаттан әсерленген Азамат Кенжалиев футболдан жастар құрамасының 2005 жылғы ең үздік ойыншысы атанды. Ал, Иранда күрестен өткен  халықаралық турнирде Болат Жұмабаев елімізді командалық есепте бірінші орынға шығарды.

 Спорт саласындағы тәжірибемді шыңдау үшін 2007 жылы өз қаражатыммен Бразилияның Рио Де Жанейро мен Сан Пауло қалаларында тәжірибе алмастым. Оқу-жаттығу және спорт біріншіліктерін ұйымдастыру үрдістерімен таныстым. Әлемнің жүзден астам мемлекетінен спортшылар бақ сынасқан дзюдо біріншілігінің қалай ұйымдастырылғанына куә болдым. Қытай, Түркия, Ресейдің түрлі спорт кешендерін, стадиондарын көрдім. Осы жерде айта кететін бір жайт, 24-30 тамыз аралығында Елордамыз Астанада тұңғыш рет дзюдодан әлемдік біріншілік өтеді. Онда атыраулық спортшы Назгүл Құбашева ел намысын қорғамақ.  

– Үстіміздегі жылғы облыстың спорттық жетістіктері қандай?

– Жыл басталмас бұрын желтоқсан айында үстел теннисінен халықаралық турнир жоғары дәрежеде өтті. Аталған ойын бойынша республикалық федерацияның президенті — аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов болып табылады. Ол облыстағы спортты дамытуға үлкен қолдау білдіріп, демеушілік танытуда. Биыл тұңғыш рет Атырауда жастар арасында дзюдодан ел біріншілігі ұйымдастырылды.

Ал сәуірде кикбоксингтен еліміздің және Ресей Федерациясының белді спортшыларымен кездесу өткіздік. Мамыр айында жасөспірімдер арасында еркін күрестен ел біріншілігі болды. Маусымда байдарка мен каноедан төртінші жазғы спартакиада өтті. Сол сияқты, бұрынғы қол бастаған батырларымыз Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлының, бокс федерациясының құрметті президенті Асқар Құлыбаевтың құрметіне бокстан  халықаралық кездесулер жалғасын тапты. Таэквандо бойынша Пекиндегі жазғы олимпиада ойындарының жүлдегері Арман Шылмановтың, самбодан еңбек сіңірген жаттықтырушы Қош-қарбай Табынбаевтың құрметтеріне турнирлер өтті.

Атырауда соғыс және еңбек ардагерлері К.Биғамбаев, Ж.Ысқақовты еске алуға арналған волейбол, баскетбол, еркін күрестен  республикалық жарыстар, балалар арасында қазақша күрес, шахмат, хоккейден облыстық ашық біріншіліктер өткенін де атауға болады. Мұндай сайыстар жас ұрпақтың спортқа деген құлшынысын арттырып, кәсіби спортшылардың өзара тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік береді деп ойлаймын.

– Жерлестеріміздің жеңісті қадамдарына кеңірек тоқталсаңыз?..

– Ауыл жастары арасындағы спартакиадада облысымыз қазақша күрестен топ жарды. Дзюдодан өткен халықаралық турнирде де бірінші орынға табан тіредік. Ел біріншіліктеріне тоқталсақ, жас спортшыларымыз — баскетбол мен суда жүзуден алдан көрінді. Ал суға секіруден ел біріншілігінде атыраулықтар екі алтын медалді еншіледі. Сондай-ақ, біздің командалар республика чемпионатында баскетболдан І, волейболдан ІІІ орын алса, хоккей мен футболдан әзірше ІV орында келеді.

Футбол демекші, алғаш алаңға шыққан екінші жастар құрамасы ел біріншілігінде Алтын жүлдені ұтып алды. Ал, жастар арасында кикбоксингтен Башкирияда болған халықаралық турнирде спортшыларымыз айқын жеңіске жетті.

Кадеттер арасында өткен дзюдодан әлем біріншілігінде Айболат Ыстыбаевтың жеңіске жеткенін айрықша атап өткім келеді. Ол — нағыз спортшылар әулетінен. Үлкен ағасы Нұрболат — белдесуден төрт мәрте әлем және қазақша күрестен кәрі құрлық чемпионы. Ал ортаншы ағасы Қанат осы жылы қазақша күрестен ел чемпионы атанды.

Биыл облыс әкімінің қолдауымен жоғары спорт шеберлігі мектебі есігін айқара ашты. Облыстық мамандандырылған бокс, «Бейбарыс-Атырау» хоккей клубтары құрылды. Баскетбол және қысқы спорт түрлері, яғни, хоккей, шорт-трек және мәнерлеп сырғанау бойынша балалар академиялары қалыптасты.

– Еліміздегі төртінші жазғы спартакиада нәтижесіне қандай баға бересіз?

– Бұл спартакиада төрт жылда бір рет қана өткізіледі. Жалпы алғанда, нәтиже жаман емес. Олай дейтінім, 2011 жылы командалық есепте дзюдодан Атырау 13-орынға табан тіресе, биыл алтыншы тұғырдан көріндік. Ал грек-рим күресінде 16-дан 6, еркін күресте 13-тен 9, бокста 16-дан 3, суға секіруде 16-дан 4, таэквандода 7-ден 3-орындарға көтерілдік.

Сондай-ақ, ауыр атлетика бойынша қазан айында Талдықорғанда өтетін спартакиадаға спортшыларымыз қызу дайындалуда. ҚР-ның 4-ші жазғы олимпиадасы спорттың 41 түрінен өтпек.

Алайда, бізде әлі де парустық спорт, гольф, спорттық гимнастика, бадминтон, батутта секіру, синхронды жүзу, жеңіл атлетика, регби, шөп үстіндегі хоккей, т.б. спорт түрлері бойынша бөлімшелер ашылған жоқ. Семсерлесу, көркем гимнастика мен суда жүзуден ересек командалар да әзірге жасақталмай отыр. Әрине, бұл біздің олқы тұстарымыз екенін жасырмаймыз. Осы бағытта қазір жұмыс істеудеміз. Сол сияқты, велоспорт, стенд және садақ атудан база жасақтауымыз керек. 

– Қоғамда мүмкіндігі шектеулі деп танылғанымен, спорт әлемінде мүмкіндігі шексіз жандар бар. Солардың жетістіктеріне қарай да ойыссаңыз?..

– Айтуыңыз өте орынды. Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында көптеген жарыстар ұйымдастырылуда. Айталық, отырып ойнау волейболынан атыраулық құрама төрт мәрте чемпион танылды. Сонымен бірге, олар Азия біріншілігінің күміс жүлдегері және әлем чемпионы атанды. Үстел теннисі, пауэрлифтинг, арбадағы би, т.б. спорт түрлері бойынша да жетістіктер аз емес. Енді спортшыларымыз алда болатын параолимпиадалық ойындарға тыңғылықты әзірленуде.

Келесі жылы Рио де Жанейро қаласында өтетін жазғы олимпиадалық ойындарға лицензия алу оңай шаруа емес. Соған қарамастан, қазір  қатысушы үміткерлерді дайындау үстіндеміз. Олардың есімдері 2016 жылдың көктемінде толық әйгіленеді. Ал бүгінгі күні жазғы параолимпиадалық ойындарға лицензия ұтып алған спортшымыз — дзюдошы Ануар Сариев.

– Алдағы жоспарлармен бөліссеңіз?

– Бокс федерациясының кубогі үшін жарыс ұйымдастырмақ ойымыз бар. «Жайық» кешенінде 20-23 тамызда төрт облыстың командалық кездесулері өтеді. Ал қыркүйек айында шайбалы хоккейден ел біріншілігін ұйымдастырамыз. Қазіргі заманғы күрестен Қазақстан чемпионаты да Атырауда өткізілмек. Қазақ күресінен 11-13 қыркүйекте ел кубогі сарапқа салынады. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, ұлттық спорт түрлерінен де сайыстар өткізу жоспарланды. 

Қазан айында жергілікті спортшы Барақатовты еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнир, қарашада жүзуден біріншіліктің ІІІ туры, сол айдың соңында үстел теннисінен халықаралық турнир, қараша-желтоқсан айларында таэквандодан ел біріншілігі және желтоқсанда алғаш рет спорттық және әскери самбодан Азия біріншілігі өтеді деп отырмыз.

– Кәсіби мереке қарсаңында атыраулықтарға айтар лебізі-ңіз қандай?

– «Көшелерде, Жайық жағалауында, спорт залдарында жылдың әр маусымында және жас шамасына қарамастан спортпен айналысыңыздар» дегенді айтқым келеді. Үй жағдайында да жаттығулар жасауға болатынын ұмытпаңыздар!

Сұхбаттасқан

Амандық АБДОЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз