РУХЫ АСҚАҚ МҰСТАФА

Мұстафа Өзтүрік! Бұл есімді газет оқырмандарына таныстырып жатудың өзі артық. Себебі, оның есімі еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан қазақ жұртымен бірге атала бастады. Сол аты аңызға айналған атпал азаматтың қапияда бақилыққа аттанып кеткеніне де ағымдағы жылы жиырма жыл толады. Ал, Мұстафа тірі тұрғанында, өткен жылдың 23 қарашасында алпыс деген асқаралы жастың асуынан аттаған болар еді.

 

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақтың талантты ұлы Мұстафа Өзтүрік көптеген игілікті істерді тындырып үлгерген болатын. Тайвань ұлттық-саяси университетінің халықаралық журналистика факультетін бітіріп, танымдық, тәрбиелік маңызы ерекше публицистикалық мақалалар жариялады. Әртүрлі кинофильмдерге түсіп, алты халықтың тілін меңгерді. Таэквондо сайысынан әлемнің  алты мәрте чемпионы атанып, Қытай, Түркия, Германия секілді мемлекеттерде өзінің таэквондо мектебін ашты.

Алғаш Қазақ еліне қадам басып келгенде: «Мен әлемді көрдім, енді өз елімді көрдім. Несін айтасыздар, үлкен айырмашылық. Сондықтан, еліме өз біліміммен, күшіммен көмектесу үшін елде қалуды шештім», – деген болатын. Елге келе сала, республика бойынша жоғары дәрежелі таэквондо мектептерін құруға басшылық жасады. 1992 жылы елімізде таэквондо федерациясын құрып, осы федерацияның тұңғыш президенті болған марқұм, белгілі қылқалам шебері Бексейіт Түлкеев екеуі таэквондоны Қазақстанда насихаттауда айрықша еңбек сіңірді. Осындай жанкешті әрекеттері арқылы мыңдаған қазақтың ұлдары мен қыздарын таэквондо сайысының тылсым дүниесімен таныстырды. Алматы қаласынан өзінің таэквондо мектебін ашып, қазақтың қара домалақтары арасынан Бексейіт Түлкеев, Қабибек Мұхитов (Атырау топырағында таэквондо сайысының тұңғыш қадасын қаққан азамат, қара белдіктің 3-дан иегері, жерлесіміз), Қайрат Қырғызбаев, Сұлтанмахмұт Шоқпытов, Исатай Қабеков сынды талантты жастарды тәрбиелеп шығарды. 1992 жылы Мұстафаның шәкірттері алғаш рет көк Туымызды Түркияда өткен халықаралық турнирде желбіретті, жарыс қорытындысында   Сұлтанмахмұт Шоқпытов пен Қайрат Қырғызбаев чемпион атанды. Ал, 1993 жылы Қазақстан Федерациясын Бүкіләлемдік таэквондо федерациясына (WTF) тіркеп, келесі жылы өзінің ұстазы Хо Сан Лиді (қара белдіктің 8-дан иегері) шақыртып, алғаш рет оқу-семинарын өткізді.  1995 жылы әскерилер арасындағы әлем біріншілігіне тұңғыш рет қатынасқан ұлттық құрама әлемдік деңгейде екінші орыннан көрінді.

1990 жылдардың басында қазақ топырағына алғаш табаны тиген Мұстафа бір топ шәкірттерімен спорт сайысында өнерін көрсетсе, қазір республикада таэквондо жекпе-жегімен жиырма мыңға тарта жас шұғылданады. Бүгінде әр аймақ, облыстарда таэквондо мектептері ашылды. Өрімдей қазақтың қыз-жігіттері Мұстафаны пір тұтады. Әрбір шалт қимылдарынан соң «Мұстафа! Мұстафа! Мұстафа!» деп ұрандайды. Бұл қазақ таэквондошыларының жазылмас ұранына айналғандай.

Осы мақала төңірегінде қазақтың батыр ұлы Мұстафаның сан қырлы талант иесі әрі қайраткер, адамшылығы мол тұлға екендігі хақында да ой өрбіткенді жөн көріп отырмыз.

Әлемде тек Мұстафа ғана орындай алатын нөмір бар. Осы бір нөмірін ол республикалық цирк сарайында алғаш рет көрсеткен болатын. Бұл көріністі «Мұзбалақ Мұстафа» естеліктер жинағында (Алматы, 1997) журналист Қасым Әзімханов былайша суреттейді: «Ендігі кезек Мұстафаның өзіне тиген екен, әлгінде бір қарағанда байсалдылау көрінген бауырымыз күрес кілеміне табаны тиісімен атырынып шыға келді. Бірде жолбарысша атылса, енді бірде қуатты қол-аяғымен ауаны тілгіледі кеп! Мұстафа таэквондо әдістерін емес, бейнебір спорт биін билеп жүрген сияқты. Шымыр дене, шалт қимыл әбден-ақ үйлесім тапты. Бұл кез біздің көз алдымызға табаны қызған тұлпар елестейді… Енді бірде Мұстафа тізгінін тарта саябырсыды. Осы кезде Мұстафа ортаға екі қызды шақырып, қолдарына ортасынан тесілген екі парақ ұстатты да, сол тесіктерге шамамен құрылысшылардың сызғыштарындай таяқшаны ілді. Екі қыз екі жақтан тек қағаздардан ғана ұстап тұрды. Біздің байқауымызша, Мұстафа әлгі таяқшаны ұрып сындырмақ. Бірақ қағаз жыртылмау керек. Ал, ол үшін қаншама күш, қаншама жылдамдық, қаншама дәлдік қажет. Сәл ғана қателессең болғаны, қағаз парақшаларға ілінген ортадағы таяқша сынбастан, қыздар ұстап тұрған қағаздардың жыртылып кетуі даусыз-ақ. Қарап та үлгермедік, Мұстафа көз ілеспес жылдамдықпен әлгі таяқшаны ортасынан ұрып, сындырып түсірді. Ал, қағаз сол қалпында қалды. Таңырқаған жұртқа бұл көрініс алғашқыда бір түрлі көзбояушылық сияқты көрінді. Бірақ, ол шын мәнінде спортшының асқан шеберлігінің жемісі еді».

Қазіргі әлемде шығыс жекпе-жек күресі бойынша бірнеше фильмнің бас кейіпкері ретінде көрінген атақты Брюс Лиді білмейтін көрермен кемде-кем. Оның да бұл ілімді Тайваньда алғаны мәлім. Содан хабардар әр оқырман Мұстафаның осы даңқты спортшы-актермен таныстық танымы мен қарым-қатынастары туралы білмекке құмартып тұратыны да анық. Біздің бұған бірден айтарымыз: олар бір-бірлерімен өте жақсы таныс болған. Тіпті, екеуі бір спорт залда, бір мезгілде, бір ұстаздың қол астында жаттыққан. Ал, Мұстафаның өзі бұл туралы байыпты да байсалды жауап береді: «Мұқым әлемге аты мәшһүр болғанымен, ол таэквондодан небәрі төртінші данның иегері еді. Өзім алтыншы данның иегері болғандықтан оны кемсітіп отырғаным жоқ. Таэквондо сияқты қаһарлы жекпе-жекте төртінші дан дәрежесіне көтерілу де оңай шаруа емес. Жалпы, бұл таэквондо дегеніңіз–корей спорты. Қазақшалағанда «аяқ-жұдырық-рух» деген жеке-жеке сөздерден тұрады. Яғни, аяғың да, жұдырығың да кеудеңе, сезіміңе бағынуы керек деген сөз ғой. Ал, Брюс Лиге келсем, ол екеуміз бір мектепте бірге жаттықтық. Оның күресі, жүріс-тұрысы, шымыр, сұлу денесі шынында да көздің жауын алушы еді. Спорттық, актерлік талантымен қоса, оның бойында менің өз басым аса құрметтейтін ұлттық намысы жоғары жігіт болатын. Ол қайсыбір шетелде жүрмесін, алдымен өзінің қытайлық екенін айтатын еді: «Менің қаным да, жаным да – қытай. Сондықтан, мен өз халқымның, ұлтымның намысы жолында жанымды да аямаймын дейтін», – деп толғанады. Мұстафаның осы әңгімесінен де біз бауырымыздың тағы бір азаматтық, қарапайымдылық қырын ұққандай болдық.

Негізінде, таэквондо – қазаққа таңсық өнер екендігі белгілі. Осыған орай бір қызық жайды да баяндай кетейік. Мұстафа бірде заманымыздың кемеңгері, ардақты, аяулы ақсақалымыз Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа барады. Ақсақалға тәжім ету, ақ батасын алу – арманы. Ақсақал жайдары қарсы алады:

– Балам-ау, таэквондо деген не, көрсетші, – деп сұрайды. Сонда, Мұстафа жалт бұрылып, ақсақалдың шегіп отырған шылымының күлін теуіп түсіреді. Таң қалған Дінмұхамед Ахметұлы:

– Пәлі, бір сантиметр қателессең ғой, ә, мына мұрын бет болмай ма?! – деп рахаттана күліпті. Осылайша, Мұстафа ойда жоқта данагөй ақсақал алдында еркелеп өнер көрсетіпті.

Біздің елімізде айтылып жүрген «үш тұғырлы тіл» саясатын да Мұстафа Өзтүрік ерте ұғынған секілді. Тоқсаныншы жылдардың басында берген сұхбатында қазақ, түрік, неміс, қытай, корей, жапон тілдерін жетік меңгерген Мұстафа: «Адамдардың бір-бірінің жанын, жайын ұғыну үшін тілдің кереметтей рөл атқаратыны кімге де болса түсінікті. Сондықтан, мен өзім жүрген елдерде жергілікті ұлттың тілін, салт-дәстүрлерін, мәдениетін білуге, мүмкіндігімше соларды тездетіп үйреніп алуға көңіл аудардым. Мұның өзі – ең алдымен сол елдің жергілікті халқына деген үлкен құрмет болса, екіншіден, адамдармен еркін сөйлесіп, ойымды еркін жеткізетінімді былай қойғанда, рухани өремді өсіріп, әлем халықтарының тыныс-тіршілігін, әдет-ғұрпын тереңдетіп білуіме көмегін тигізеді. Ал, енді шынымды айтсам, әр халықтың тілін білген адам өзін шет мемлекеттерде еркін сезінеді екен. Оны мен өз басымнан кешіріп жүрген жанмын», – деп ойын сараптайды. Мұстафаның парасатты пікіріне қарап, біздің еліміздегі өзге ұлт өкілдері де, шетелдік инвесторлар да осылай пайымдаса шіркін деп армандаймыз.

Мұстафаның бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық тағылымды пікірлері де көптеп кездеседі. Осы тұрғыда қанатты сөзге татырлық Мұстафаның екіауыз сөзін, ал Құдай қосқан жары – Нұриланың бірауыз сөзін ұсынғанды дұрыс деп білеміз. Мұстафа: «Таэквондо – біреуді сұлатып салатын суық қару емес, ізгілікке үйрететін ірі өнер. Таэквондоны адам сабау үшін үйренгісі келетіндер – менің бірінші жауларым. Адам күшті, айлалы болған сайын сезімтал, жұмсақ болуға міндетті», «Қаракөз бауырларым, батыр боламын десеңдер, Елің мен Жеріңді сүйіңдер!», ал Нұрила: «Мұстафа сен мен түгілі халқыңа да жетпей жатырсың, алаңдама, отбасыңа өзім ие боламын». Бұл да азаматын түсіне білгені.

Халқымыздың бағы мен намысының нары атанған Мұстафа Өзтүріктің түсініксіз жағдайда өмірден өтуі күллі қазақ жұртының жүрегін шымырлатып өтті. Осындай қайғы жұтқан қиын кезеңде арқалы да адуынды ақын Қажытай Ілиясов («Мұстафа Өзтүрікті жоқтау», сөзі де, сазы да автордікі):

«Арлым-ау, әдептім-ау, ибалым-ау!

Жанымды жай түскендей қинадың-ау!

Ұлтыңның абыройын асырып ең, Тайқы-тар маңдайына сыймадың-ау», – деп жоқтаған еді. Әрине, орны толмас аса ауыр қайғы өзегімізді әлі де өртейді. Сондай-ақ, тұла бойы өрлік пен ерліктен жаратылған тума талантты, дарабоз дарынды сақтай алмайтын «кембағалдық» қасиетіміз де өкіндіреді.

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

 мемлекеттік университетінің  доценті.

Қазақстан  Журналистер Одағының мүшесі.

 

Гүлжүзім ІЗТЕЛЕУОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

 мемлекеттік университетінің кеңсе меңгерушісі, филология магистрі.

«Мұстафа–қазақ қандай емес, қазақ қандай болу керек деген сұраққа жауап беріп кеткен азамат».

(Досхан Жолжақсынов) 

«Жаралған біздің халық төзім үшін,

Қобыланды, Қажымұқанның өзімісің.

Хабарсыз кеткен кеше көкелердің,

Бауырым, қайта оралған көзімісің».

(Шынболат Ділдебаев)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз