«РИЗАШЫЛЫҚҚА» БАЛАЛАР РИЗА БОЛДЫ

Бүлдіршіндер үшін жыл сайын республика көлемінде тойланып келетін «Ризашылық», «Мейірімділік балалар игілігі үшін» атты мерекенің маңызы зор. Оны алғаш рет елімізде интернат мекемелерінде тәрбие алып жатқан балаларға арнап «Бөбек» балалар қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева енгізген еді. Аталған мерекенің елімізде ұйымдастырылғанына биыл бес жыл толып отыр. Бұл жолғы «Ризашылық» қайырымдылық мерекесі салауатты өмір салтын сақтауға арналып, Атырауда да ерекше аталып өтті.

Бұл қуанышты күні облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан Геолог поселкесінде орналасқан «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінде болып, бүлдіршіндердің мерекелік шарасына қатысты. Жыл бойына балалар үйіне әлеуметтік жағынан көмектесіп келетін жомарт жандардың да еңбектеріне ризашылығын білдіріп, өз атынан алғыс хаттар табыстады.
– Еліміз қай заманда да «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты сөздің қағидасына сүйеніп, жетімін жылатпай, жесірін далаға тастамай бір-бірімен біте табысып жатқан үлкен институт болды. Сол институттың бүгінгі жалғасы «Шаңырақ» отбасы үлгісінде балалар ауылы деп ойлаймын. Себебі, басқа балалар үйіне қарағанда бұл үйде бәрі ерекше. Кәдімгі отбасылық мейірімді сезінуге толық жағдай жасалған. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жылдар бойы жүргізіп келе жатқан саясатының нәтижесі.
Биылғы бесінші жылы ұйымдастырылған мереке «Саламатты Қазақстанды» қалыптастыруға бағытталған екен. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан-2050» Стратегиялық жобасында Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына қосуды мақсат етті. Ал, Қазақстанның спорт саласы отыз елдің қатарына қосылды деп атауға болады. Себебі, кешегі өткен Лондон олимпиадасында алғашқы жиырмалықтың қатарында көріндік. Сондықтан, балаларға мықты спортшы болуға немесе спорт арқылы тән саулығын сақтауға спорттық құралдарды сыйлап жатырмыз. Бұның септігі көп болады деп сенеміз. Интернаттық мекемелерден түлеп ұшқан 140 түлек пәтер кезегінде тұр екен. Балаларға арналған құрылыс салынып жатыр. Алдағы екі-үш жылда олар баспанамен қамтылмақ, – деген Шыңғыс Жұмабекұлы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің балаларға арнаған құттықтауын жолдады.
«Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар және жасөспірімдер ауылының директоры Гүлсара Ботатаеваның айтуынша, 2001 жылы негізі қаланған мекемеде бүгінде 4 пен 18 жасқа дейінгі 40 бала тәрбиеленуде. Соңғы жылдары балаларға қамқорлық жасап, қайырымдылық көрсетіп келетін абзал жандар көп. Сондай мекемелердің қатарында «Косми-Қазақстан» ЖШС, «Джой» мейрамханасы және жеке кәсіпкерлер «Жәнібеков» ЖК спорттық жабдықтармен көмектессе, Тарас Жәлімбетов тігін шеберханасына қажетті құралдар мен іс машинасын алып берді. Қазір балалар бұлардың бәрін де игіліктеріне пайдалануда.
Келесі шаралар легі қаладағы С.Қазыбаев атындағы№1 балалар үйінде жалғасты. Атаулы мерекеге орай қала әкімі Серік Айдарбеков балаларға қайырымдылық көрсетіп, олардың қуанышымен бөлісті. Айта кету керек, «Ризашылық» қайырымдылық мерекесі аясында «Спортмастер-Атырау» ЖШС, «Спортландия», «Adidas», «Nike», «Атырау мұнай өнімдері», «ЕмбіМұнайгаз», «Халық банкі» АҚ спорт тауарларынан басқа да интернат тәрбиеленушілеріне қысқы киімдер, Елбасы шыршасына карнавалдық костюмдер, «Еуразия» фондының оқу құралдарын, әдеби кітаптарды, логикалық ойын кітапшаларын сыйға тартты.
Қайырымдылық мерекесіне арналған шара облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында ерекше аталып өтті. Орталық директоры Қасым Мұқашевтың айтуынша, бүгінде орталықта 3-8 жас аралығындағы он төрт бала тәрбиеленуде. Жиырма бес орындық мекемеде үш ай уақыт мерзімінде тәрбиеленушілер қатарында қазақ балаларымен қатар, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген отбасылардың да балалары бар. Отыз тоғыз мұғалім, психолог, социолог мамандар жұмыс жасайды.
Орталыққа демеушілердің көмегімен спортпен шұғылданатын «Гимнастикалық Швед қабырғасы», «Шарлармен көмкерілген құрғақ бассейні» берілген.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз