ПЕНДЕЛІКТЕН ҚАШАН ДА БИІК ТҰРҒАН…

Еліне және оның дамуына үлес қосу, өзгелерге жақсылық жасау. Ғұмырлық өлшем қағидаттарын осылай таңдаған Сақыпжамал Орынғалиқызы Орынғалиева жетпісінші жылдардың екінші жартысында жаңашылдығымен танылған еді. Ауданның әдеби, мәдени, білім, денсаулық саласына жаңа леп, тың серпін, үлкен ілгерілеушілік әкелген ол бұл саланы басқаруға келгеннен-ақ, жігерлі, тың ойы бар, өзін де, өзгелерді де орындарына қоя білетін басшы ретінде көрінген еді.

Бұл кісіні алғаш көруім 1958
жыл еді. Орта мектепті бітіре сала жоғары оқу орнына баруға отбасылық жағдайым мүмкіндік бермеді. Сол кездегі Новобогат селосындағы кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, мамандық алып шығуыма жасым жетпегендіктен қабылдамады. Сөйтіп, уақытша құрылыс бригадасына жұмысқа кірістім. Новобогаттан 4-5 шақырым жерде Қарашығанақ деген ауыл бар. Сол ауылда малшылар үшін дүкен ашылатын болып, дүкен үйін жөндеуге кірістік. Дүкен меңгерушісі Орынғали атты ағамыз екен. Исатай, Құрманғазы аудандары тұрғындары тегіс білетін сол азаматтың үйіне біз де жаттық. Сақыпжамал Орынғалиқызы сол кездері Алматы шет тілдері институтының соңғы курсында оқитын болса керек, каникулға ауылына келіпті. Байқағаным, жастығына қарамастан Сәкең сол кездің өзінде қарапайымдылығы, ұстамдылығы, орнықтылығымен ерекшеленетін. Кейіннен Махамбетке келгенде мен арнаулы мектеп-интернатта мұғаліммін, Сәкеңді сиректеу салтанатты мәжілістерде сыртынан көріп жүрдім. Осыдан 1979 жылдың қаңтар айында «аудандық партия комитетінің хатшысы Сақыпжамал Орынғалиева шақырып жатыр» деген хабар келді. Кабинетке кірген соң жайдары амандасқан хатшы мені аудандық киножүйесі дирекциясына басшылыққа ұсынып отырғандығын жеткізді. Мен бірден «әкімшілік қызметке икемім жоқ сияқты» деп бұлтармақ болып едім, бірақ ол кісінің қарапайым, нақты пікірімен келіспеске амалым болмады.
Сөйтіп, осы жылдың ақпан айында аталған мекемеге басшылыққа тағайындалдым. Байқағаным, Сәкең жұмыс барысында қанша қатал талап қойса, соншалықты қамқорлық та жасайтын. Жұмысты ұйымдастыруға кезекті көмегін кез келген уақытта көрсетуге даяр тұратын.
Киножүйесі дирекциясы шаруашылық есептегі мекеме болғандықтан, аудандық атқару комитетімен осы саланы басқаратын төраға орынбасарымен тығыз байланыста болуы керек-тін. Бірақ, осы мекемеде жеті жыл қызмет атқарғанда кез келген шаруашылық мәселесін шешуге тек Сақыпжамал Орынғалиқызына хабарласатынмын.
Киномен қамтуға шаруа
шылықтармен келісім-шартымыз бар. Ол бұзылса, қаржы жоспары орындалмайды да айқайы жетерлік болатын. Бірде жанармай тапшылығы болды да, жылжымалы кино қондырғылар тұрып қалды. Амалсыздан Сақыпжамал Орынғалиқызына телефон шалдым. Жағдайды түсіндірген бойда «сәл күте тұр», – деп ішкі телефонмен біреуге тапсырма берді де: «жарты сағаттан кейін мәселе шешіледі», – деп қуантты. Ал, жанармай тура атқару комитетінің мәселесі болатын. Дәл осындай жағдайда оларға бір хабарласқанда мәселені соза келе, ақыры мүмкіндік жоқтығын хабарлаған-ды.
Сәкең кейін аудандық кеңес атқару комитетіне төрайым болды. Махамбет ауданының 85 жылдық тарихында Г.Аймағамбетовадан кейін осындай жоғары лауазымға ие болған екінші әйел адам еді. Кейбір жоғары лауазымды адамдарға атақтың өзі жараспай тұрады. Ал, Сәкең кез келген лауазымға үйлесіп тұратын, тіпті сол орынды жарқыратып жіберетін. Әр жылдың, мезгілдің бетін айқындап, жүгін көтеретін тұлғалар болады десек, Сақыпжамал Орынғалиқызы осылардан. Оның турашылдығы, шындықты бұрмалауға көнбейтіндігі жөнінде көптеген мысалдар келтіруге болады.
1986 жылы Махамбет селолық кеңесі атқару комитетіне төраға болып сайландым. Бұл кезде аудандық кеңесте төрайым басқа адам еді де, Сақыпжамал Орынғалиқызы аудандық кеңес атқару комитеті мүшесі-тұғын. Селода үй кезегі, тұрғын үй бөлу мәселесін селолық кеңес атқару комитеті шешетін. Селода үш бөлмелі бір пәтер босайтын болды да, ол үйде отырған отбасы босатқанша, аудандық кеңес төрайымы мені шақырып, пәтерді бір дәрігер қарындасымызға беруге рәсімдеуді міндеттеді. Мен ол азаматшаның үй кезегінде жоқтығын, сондықтан да үй беру заңсыз болатындығын ескерттім. Бірақ, төрайым өзінің асығыстығын айтты да, мәселені осылай шешу керектігін тағы бір ескертті. Неліктен төрайымның бұл қарындасымызға үй бөлуде заңсыздыққа барып отырғандығын түсіне алмадым, өйткені ол «жақын, туысқан, таныс» деп ағайыншылыққа бұрмайтын адамдар қатарынан еді. 2-3 күн өткен соң тағы да шақырып, мәселенің қалай шешілгендігін сұрады. Мен тағы өз пікірімде қалатындығымды, өйткені кезексіз үй бөлу заңсыздыққа ұрындыратындығын айттым. Араға бірер күн салып, «аудандық атқару комитетінің кезектен тыс мәжілісіне келіңіз» деген хабармен жиынға келдім. Мәжілістің күн тәртібі «Аудандық кеңес атқару комитеті тапсырмасын орындаудан бас тартқан» менің мәселем екен.
Ауатком төрағасының орынбасары өз хабарламасында аудандық атқару комитетінің шешімін орындамау өрескелдік екендігін, ал дәрігер қарындасымыздың баспанасыз, үй жалдап жүргендігін, сондықтан оған үй беру керектігін шегелеп тұрып жеткізді. Тіпті, әлгі дәрігер жалдап отырған үйді суретке түсіріп, дәлел де көрсетілді. Мен осы жерде ғана мәселенің қалай туындағанын, оған кімнің мүдделі екендігін түсіндім. Тағы да заңды бұза алмайтындығымды, жалдап отырған үйдің нашарлығы дәлел бола алмайтындыған айттым. Ақыры, даулы мәселе атқару комитеті мүшелері арасында дауысқа салынды. Кезексіз үй беруге қарсы болып, екі-ақ адам қол көтерді. Олар – атқару комитеті мүшесі Сақыпжамал Орынғалиқызы және аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қуаныш Сиранов. Сонымен көпшілік дауыспен дәрігерге үй бөлуге шешім алынып, ол шешім маған қолхатпен берілді. Міне, осы шағын мәселенің өзінен Сақыпжамал Орынғалиқызының принципшілдігі, адалдығы көрініс берген еді.
Сәкеңнің бойында былайғы
жұрт байқай бермейтін әсемдік пен кім көрінген ұға қоймайтын даналық бар. Мен дұрыс түсінсем, бұл кісі өз өмір жолында бақ түгендеуден де, тақ түгендеуден де қашық болды. Қоғамдық, мемлекеттік істер, яки Отан алдындағы, халық алдындағы қалтқысыз қызмет Сәкең үшін перзенттік парыз, азаматтық міндет тұрғысынан бағаланды.
«Адалдықтың алдында аласарып, биік тұрған қашанда пенделіктен» деген сөз осындай кісілерге арналып айтылса керек. Тек Сәкең сияқты жақсылар мен жайсаңдар ғана өзгелерге шарапатын тигізе алады…

Ұзаққали ТӨЛЕГЕНОВ,
мемлекеттік қызмет ардагері.
Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз