ПЕНДЕЛІГІ ЖОҚ ПЕРІШТЕ КӨҢІЛ

Сәтімжан аға!
Торшолақ аттың құйрығындай келте дәуреннен күдеріңізді үзіп, фәниден бақиға жүзіңізді аударыпсыз. Сізді алғаш көрген сәтім әлі күнге жадымда жаңғырады. Жазушылар Одағына қарай қазіргі Абылай хан даңғылымен баяу басып келе жаттыңыз. О кезгі Алматы қандай еді, шіркін! Сұңғақ та сымбатты жаратылысыңыз айналасына өлшеусіз нұр төгіп келе жатқандай көрінді. Тегеурінді тектілікті кім де болса іштей мойындар еді. Бұл сіздің «Ақ аруана» деп әдебиеттің де, кино әлемінің де, тіпті небір шетел баспаларының да есігін еркін ашқан шағыңыз еді. Бақыт деген өзі бар болатын болса, тап сондай кезіңіз еді, аға.
Сирек те болса сырласатын ек. Қиналған шағымда өзіме айтпай қолдап жібергеніңіз, «Аударма» баспасының бас директоры болған Мұрат аға Әуезовтен аударуға екі том кітап алып бергеніңіз... Адам өмірін осындай ірілі-ұсақты тірліктер құрап тұрған соң айтпай қайтейін!

Мұрат аға Әуезовтің өзі: «Москвада оқып жүрген кезімізде «Жас тұлпар» ұйымын құрғанбыз. Жарықтық Сәбит Мұқанов үлкен ортада айқай көтеріп, соңы бітпес дауға ұласты. Бас бағар жерім қалмады. Сонда Сәтімжан досым мені қырағы көздерден алып қашып, Мақатқа, әкесі Хамзекеңнің үйіне әкеп жасырған. Содан аман қалдым», – деп еді.
Сіздің достыққа соншама адалдығыңыз, дұшпандықты да елемей, тіпті еншілес жандай сыртқа теппейтініңіз жаратылысыңыздың осы бөлектігінен шығар.
Халқымыздың ноқта ағасы Д.Қонаевтың басына іс түскенде қасынан табылғаныңыз, тіпті «Алаң» атты роман арнағаныңыз ұмытшақтау елдің бәлкім есінде болар?!.
2009 жылы 70 жасқа толып, туған топыраққа аунап-қунап кетем деп аңқылдап келгеніңізде… Бір кісәпір соңыңыздан сол кезгі облыс басшыларына қоймай қоңырау шалып, ататпай жібергенін кеш естіп, құландай ащы даусым шыққанын қайтіп ұмытайын?..
Ешкімнің ырыздығына ортақтаспайтын, тірі пенденің бетіне самал боп тимейтін, болсам деген жасты, толсам деген жасамысты қолдаудан талмаған, зиялы аға-ай, тырнақ батырар жерде тып-тыныш қалатыныңыз неден екен?!
Ең бастысы, шығармаларыңыз отыздан астам тілге аударылып, оқырманның қолында қалды.
Ең бастысы, кинодағы бейнеңіз Абылай хан, Жангелдиндер болып, көрерменнің көзінде қалды.
Ең бастысы, азаматтығыңыз өзіңізді құрмет тұтқан елдің жүрегінде қалды.
Қалғанын қойшы, тәйірі!

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
ҚР еңбек сіңірген
қайраткері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз