ПАРАСАТ ПЕН ІЗГІЛІКТЕН ЖАРАТЫЛҒАН

Атырау өлкесі ардақтыларының бірі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Мұнай өнеркәсібінің үздігі, ғалым Ермекқали Аққалиұлы Биғалиев арамызда тірі жүрсе, бүгіндері асқаралы 60 жасқа толып, елі тойлап жатқан болар еді. Амал нешік, жарты ғасыр ғана ғұмыр кешіп, ортамыздан кеткен айтулы азаматтың пәни дүниеден бақилыққа озғанына да, міне, аттай он жыл өтіпті. Осыған орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында тағылымды шара ұйымдастырылды. 

Шараның шымылдығы «Парасат, ізгіліктен бастау алған, жақсы істен әрдайым да тартынбаған» деген тақырыптағы көрме-экспозициямен ашылды. Онда Ермекқали Аққалиұлының өмір-деректері, бағындырған белестері фотосурет тілінде сыр шертіп, баяндалған. Өз кезегінде көрмені дайындап, көпшілік назарына ұсынған мұражай қызметкерлері олардың әрқайсысының түсірілу тарихына тоқталып, қысқаша шолу жасады.

Екінші және ең бір мағыналы, ерекше есте қаларлықтай шараның бірі ретінде  «Жақсы адамдар, сендер аман болыңдар…» атты ғұмырбаяндық кітаптың таныстырылымын айтқанымыз ләзім. Тұсаукесер рәсіміне Ерекеңмен бірге өсіп, қатар жүрген, қызметтес бол-ған, көзін көріп, дуалы аузынан шыққан уәлі сөздерін естіген елдің игі жақсылары мен жайсаңдары құрметті қонақ ретінде шақырылды. Кітап туралы да, асыл да абзал азаматтың өзі хақында әңгіме тиегін ағытып, әсерлі естеліктерімен бөліскен де солар еді.

Осылайша, алғашқы сөз кезегін кезінде Ермекқали Аққалиұлымен үзеңгілес жүріп, Парламенттің жоғарғы палатасында депутаттық қызметін бірге атқарған Сенатор, ҚР Ұлттық инженерлік және РФ Халықаралық инженерлік академияларының академигі, профессор, Атырау қаласының Құрметті азаматы Төлеуіш Серіков еншіледі.

-Сенат депутаты ретінде әрдайым елге келгенімізде, міндетті түрде жұртшылықпен жүздесіп, есеп беріп, халықтың жағдайын көзімізбен көріп, ой-пікірін біліп отыратынбыз. Ермекқали да әр сапарында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына хабарласып, мән-жайды мәлімдеп, сұхбат беріп тұратын. Кейбір мәселелерге келгенде ол мені аға тұтып, ақылдасып, ғалым ретінде пікірлесіп, кеңес те сұрайтын. Ойындағысын електен өткізіп, таразылап алып, әбден байыбына барып қана ақтық шешім қабылдайтын. Сонысы үшін де жасы кіші іні болғанмен, оны үлгі тұтатынмын,-деп толғанады Төлеуіш Пәуеденұлы.

-Мен білетін Ермекқали үнемі ізденіс үстінде жүретін, бір саламен шектеліп қалмайтын, бейнелеп айтқанда, «әмбебап» деп айтуға әбден лайық жан-ды. Қандай қызмет, жүктелген міндетті де жоғары жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен, құлшыныспен атқаратын. Содан да шығар, ол өз ұжымы ғана емес, әр саладағы әріптестері арасында абырой асқарынан, бедел биігінен көрінді,-деп еске алады әріптес ағасы, «Эмбаведойл» ЖШС бас директоры, ғылым докторы Мағауия Шырдабаев.

Келесі кезекте осы мазмұндас ой-түйіндерін ортаға салған мемлекеттік қызметтің ардагері Рысқали Сисатов, сыныптас досы, облыстық мәслихаттың депутаты Бағыт Айдашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Хисмет Табылдиев, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры, сыйлас жолдастарының бірі Төлеген Берішбай, жақын туыс ағасы Жолдасқали Туғанов, тағы басқалары жан тебірентіп, жүрек толқытар, әсерлі де әдемі естеліктерімен ортақтасты. Әрқайсысы Ерекеңді әр қырынан саралап, елі үшін сіңірген еңбегі мен халқына атқарған қызметін әділ бағалап, азаматтық тұлғасын, адамгершілік болмысын, кісілік келбетін әр қырынан даралап, бірін-бірі толықтыра түсті. Есейіп, ержеткен азамат ретінде қалыптасқан, тұлға тұрғысында сомдалған тұстарын еш боямасыз жеткізді.

Жалпы, мұндай мазмұны зор, тағылымы терең, өскелең ұрпаққа ой салатын, өмірлеріне сабақ, жандарына рухани азық болатын шаралардың атаулы күндерде өткізумен шектеліп қалмай, басқа да мәдениет пен білім беру мекемелерінде жалғасын тауып, дәстүрге айналуы тиіс екендігі де атап айтылды. Соңынан Ермекқали Аққалиұлының отбасы, ағайын-туыс, бауырлары атынан ағасы, облыстық «Атырау» газеті бас  редакторының бірінші орынбасары  Ермек Биғалиев ыстық ықылас-ниет, кең пейіл, шынайы пейілдері үшін шексіз ризашылығын білдіріп, алғысын арнады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген

Әнуар Әбілғазиев       

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз